Қарасай—Қази (25-бөлім)
Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 3 мин оқу
Он саусақ, екi қары жоқ,
Қорлықта көкем жүр екен.
Көкеме арба жегулi,
Жалғызым қайғы шегулi,
Көзiнiң жасы төгулi.
Мен садаға кетейiн,
Әдiл деген атыңнан,
Тiлiңмен жазған хатыңнан.
Қарасай мен Қазидың
Жүрем деген күнi едi,
Сарайда аты тұр едi.
«Ылия неге жылады деп?»—
Ылияға келедi.
Қарақұс ұшып жөнелдi,
Қарақұстың хабарын
Қарасай мен Қазиға
Ылия айтып бередi.
Таң атуға тұра алмай,
Хабарын естiп шыдамай,
Қарасай, Қази—қос жайсаң,
«Шу», дедi де жөнелдi.
О күнi жүрдi күнiмен,
Екеуi жүрдi шынымен,
Барып қайтқан iзiмен.
Орта жолға келедi,
Қази тұрып ойлады.
«Кел, көке, мiнген Қара атты,
Алдап мұнан мiнейiн.
Жалғыз барып әуелi,
Мен Әдiлдi көрейiн».
Қолға пышақ алады,
Таңдайына салады.
Таңдайынан қан кетiп,
Қази аттан құлады.
«Не болып қалды бауырым?»—деп,
Қарасай батыр сұрады.
Сонда Қази сөйледi:
—Асық ойнап жүргенде,
Ескi апанға келгенде,
Ескi апаннан су iштiм,
Шөлдеп суды көп iштiм.
Жүректiң басы толыпты,
Шемен болып қалыпты.
Жаман екен көк бөрте аттың жүрiсi,
Шеменiмдi қозғады,
Қозғамасқа болмады.
Бара бер, көке, сен—дедi,
Бара алмаймын мен,—дедi,
Аурумын, деп көлбедi.
Қарасай сонда сөйледi:
—Астымдағы Тайқара ат
Жорға емес, жортаң-ау.
Әкемiзден қалған соң,
Екеумiзге ортақ-ау.
Жорғадан артық жүрiсi,
Тәуекел етiп шыққан соң,
Бармастың болмайд келiсi.
Тайқара атқа мiнедi,
Мiнiп алып жөнелдi.
«Алдадым, көке!» деп едi
Жарысалық, кел, көке,
Шемен мана қалынды,
Аурудың бәрi жазылды,
Шипасы аурудың табылды.
Тайқара атқа мiнген соң,
Екi батыр жөнелдi.
Әрi-берi жүрген соң,
Шабылып қалған Тайқара,
Алқайлы алқылдап,
Құйысқаны жарқылдап,
Аузынан аққан ақ көбiк
Омырауда жалпылдап.
Арандай аузын ашады,
Көлденең келген қара тас
Саз балшықтай басады.
Көк найзасы жылтылдап,
Бес қаруы сартылдап,
Қылыштың сабы жарқылдап,
«Шу», дедi де жөнелдi.
Өзi кiрдi тесiктен,
Тесiкке кiрiп енедi,
Өзiнiң кiрген жерi едi.
Тоқтамастан жөнелдi,
Қалмаққа салып келедi.
Қаланың бергi шетiнде,
Құбыла жақ бетiнде,
Көк арбасы көтінде,
Етпеттеп жатыр хан Әдiл—
Басы құмға кiрулi,
Көзiнiң жасын төгулi,
Арқасында көп шыбын
Желкедегi жарада
Уiлдеп ұшып жүрулi.
Тек шықпаған жаны бар,
Желкеден аққан қаны бар,
Әдiл етпеттеп жатып жылайды.
Түсiне алмай ер Қази,
Аттан түсе қалады,
Дыбысқа құлағын салады.
Сонда Әдiл жылайды:
—Көзi құрғыр тартасың,
Қарасайды көрем бе?!
Құлағы құрғыр тартады,
Елден хабар бiлем бе?!
Бетi құрғыр тартады,
Қази көкем сүйе ме?!
Тақымы құрғыр тартады,
Жел күреңге мiнем бе?!
Арқасы құрғыр тартады,
Ақ сауытты кием бе?!
Әжекемдi бiр көрсем,
Ылия бауырымды бiр сүйсем!
Шынымен елге бара алмай,
Көк арбаның астында,
Құм шоқаттың қасында
Арманда болып өлем бе?
Қази аттан түсе қалады,
Мойнындағы арбаны
Көтерiп жерге ұрады.
Мойнындағы көнiн-ай,
Жебедей қаққан темiрдi-ай,
Қылышпенен мен шапсам,
Ханға өтiп кетер деп,
Зақымет бұған етер деп,
Аттан түсе қалады.
Азу тiсi ақсиып,
Күрек тiсi көксиiп,
Тойтара қаққан шегенi,
Рәшеткi темiрдi,
Тiсiмен дал-дұл қылады.
Сол мезгiлде хан Әдiл
Көтерiп басын алады,
Жылай қоя бередi,
Жылағанда не дедi:
—Айналайын, ағекем,
Ағекемдi көрсеткен
Аллаға iсiм ақ екен.
Көрмеймiн деп жүр едiм,
Көретiн күн де бар екен.
Кiм келед деп ем артымнан,
Зарландым жалғыздықтың зарпынан!
Қазиды көзiм көрген соң,
Қорғандарым келген соң,
Он ай, он күн көтерген,
Омыртқасын бүгiлткен,
Қабырғасын сөгiлткен,
Тас емшегiн ерiткен,
Тас құрсағын жiбiткен,
Мен тумай тұрғанда қуарған
Мен туған соң қуанған,
Әжемнiң денi сау ма едi?!
Қыз да болса қияғым,
Артымда қалған шырағым,
Бауырласым базарым,
Қатар тұрса ажарым,
Тiлектесiм қарағым,
Ылия денi сау ма едi?!
Еңбегi сiңген Қарекем,
Қамқорым едi-ау ағекем,
Қарекем денi сау ма едi?!