Қарасай—Қази (5-бөлім)
Қарасай-Қази · Сейіт жырау нұсқасы · 2 мин оқу
Шейiттей неме шикi өкпе,
Төтеп берер сен бе едiң?!
Ақырып қалды Қарасай:
—Көп сөйлеме сен қалмақ,
Саған қиын болғанмен,
Маған оңай көп қалмақ.
Ұл боп тусаң, ал, қане,
Кезегiңдi ал деймiн.
Қандай батыр болсаң да,
Көрсiн алып Темiрхан.
«Өлер жерiң осы»,—деп,
«Құндыздықтың тұсы»,—деп,
Қара құстан ұрады.
Мiз бақпайды Қарасай,
Аттың басын бұрады.
Ендi айналып қалмақтан,
Өз кезегiн сұрады.
Қарасай кезек алады,
Қалмаққа көз салады.
Асынулы садағын
Ендi қолға алады.
Қорамсаққа қол салды,
Қол салғанда мол салды.
«Алтын ердiң қасы»,—деп,
«Қақ жүректiң басы»,—деп,
Толықсып тұрған батырды
Толғай бiр тартып қалады,
Ысқырып жебе барады.
Сасқалақтап Темiрхан,
Болат қалқан алады.
Дарытпауға қарманып,
Қалқанымен қағады.
Қалқан қалды тесiлiп,
Жетi қабат көк сауыт
Жетеуi де кесiлдi.
Iркiлместен сұр жебе
Қақ жүрекке барады.
Атынан құлап Темiрхан,
Бояды қанға даланы.
Қатулы батыр Қарасай
Басын кесiп алады.
Көкмойнақты қосарға ап,
Ауылға қарай шабады.
Темiрханның жалғыз қызы Айжаны
Аулынан табады.
Айжа көрiп батырды,
Разы болып қалады.
Алдынан шығып құрметтеп,
Түсiрiп аттан алады.
Өз үйiне кiргiзiп,
Кiлем төсеп астына,
Атылас көрпе салады.
Қарасайды Айжа қыз
Жүрегiне балады.
«Қияметтiк жарым», деп,
Тең өзiне санады.
Шын көңiлмен күтiмдеп,
Түрлi тағам iшiрдi.
Мұсылман болып сол күнi,
Некесiн де қияды.
Жұмысын бiр-ақ бiтiрдi,
Заң-законды сидырып.
Мұны көрiп бiр қалмақ,
Тексiнге хабар бередi.
«Тексiн кiм?» деп сұрасаң,
Қалмақ едi сүйегi,
Қас батырдың бiрi едi,
Қалмақ-қазақ бiледi.
Осы едi қалмақтың
Сол заманда тiрегi.
Қалмақтың ханы Темiр де,
«Айжадай сұлу қызыма,
Күйеу осы»,—деп едi.
Сол бойынша Айжаның
Құдаласқан жерi едi.
Тексiн дағы Темiрдi
Қайын ата қып жүр едi.
Қайраты мен ақылы
Оның дағы тең едi.
Сан сайыста жеңiмпаз
Еңiреген ер едi.
«Айжаны тартып алам»,—деп,
Ол да сертiн бередi.
Қан ойран қып Қарасай,
Қызды алғанын бiлген соң,
Хан Темiрхан өлген соң,
Соғысуға қамданып,
Самсаған қалың қарулы
Жетi мың әскер ередi.
Мұны көрiп сайланып,
Қатуланып Қарасай,
Қан майданға енедi.
Сыйынды тәңiр бiрiне
Жалғызбын ғой демедi.
Алла өзi қолдаса,
Жеңерiне сенедi.
Қайраты мен амалы
Мұның дағы тең едi.
«Өзiң оңғар Алла»,—деп,
Атына ендi мiнедi.
Жан-жағына қарады,
Айғайлап ұран салады.
Көк тұлпарға қамшы сап,
Үдере тартып барады.
Құйысқаны сартылдап,
Өмiлдiрiгі солқылдап,
Алтын ерi жалтылдап,
Таралғысы жарқылдап,
Үдей-үдей қарқындап,
Жал-құйрығы суылдап,
Көсiлiп тұлпар шабады.
Бiр төбенiң баурына
Қарасай туын қадады.
«Жекпе-жек» деп, қалмаққа,
Ендi айғай салады.
Пыр-пыр етiп пысқырып,
Iшiн тартып ышқынып,
Қанша орғып, осқырып,
Шиыршық атып көк тұлпар,
Тас төбеде қос құлақ
Шаншылып алға тiгедi.
Шiдерлiктен қан кешкен,
Боларын сайын бiледi.
Найзасын алып Қарасай,
Қолына қалқан iледi.
Ақсұңқардай түледi,
Бүркiттей тұяқ тiледi.
Қалмақтан батыр—Балжан ер,
Жекпе-жекке келедi.
Ағындатып шағысты,
Найзаласып қағысты,
Әрi-берi алысты.