Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (2-бөлім)

Қарасай-Қази · Сейіт жырау нұсқасы · 3 мин оқу

Қалмақтар естiп бұл сөздi,
Дабырласып қалысты.
Мамайды ұстап алмақ боп,
Қырқы бiрдей жабысты.
Жебелер кеттi зуылдап,
Қылыш, найза салысты.
Қырып кеттi көп қалмақ,
Мамай менен Көкмойнақ
Дүзедi ендi шабысты.
Будақтап жердiң тозаңы,
Жақын еттi алысты.
Темiрханның уәзiрi—
Қаныбек шығып алдынан,
Қаныбек-Мамай алысты.
Қарт бурадай иiндеп,
Ойнатып тұлпар шабысты.
Темiрдей қатты шоқпармен
Бiрiн-бiрi салысты.
Семсерменен серместi,
Қылышпенен қағысты.
Болат қалқан шойырылып,
Сықырлатып сауытты,
Ырғап найза салысты.
Ат үстiнде сiлкiстi,
Ат дiзесi бүгiлiп,
Қабырғасы майысты.
Шiрене жұлқып тартқанда,
Аттың белi қатысты,
Еңкейiсе барысты.
Бұлшық еттер дiрiлдеп,
Бiлектерi қарысты.

Қармақтай белдер бүгiлдi,
Әлi құрып Қаныбек,
Пәниден ендi түңiлдi.
Бадана көздi ақ сауыт
Ыдырап-ыдырап сөгiлдi.
Ат сауыры ақ көбiк—
Бұршақтай терлеп төгiлдi.
Қайраты асып қарт батыр,
Қаныбектi Мамай байлады.
Томпылдатып торпақтай,
Жолға салып айдады.
Тiрi жiбермей қырқын да,
Матастырып байлады.
Жер қыртысы ойылып,
Қызыл қан болды майданы.
Құлағын кестi құнтитып,
Ернiн кестi тымпитып,
Мұрнын кестi таңқитып,
Темiрханға жiбердi
Қу сүйектi қаңқитып.
Жұрдай болып бәрiнен,
Қаныбек ханға келедi.
Адам шошыр түрiмен
Иiлiп сәлем бередi.
Булыға тыңдап Темiрхан
Ноғайдан хабар алады.
Қызыл хан болған Қаныбекке
Темiрхан көзiн салады.
Басынып мына қарт Мамай,
Қаныбектi қатты қинайды.
Қатуланып Темiрхан,
Терiсiне симайды.
Орнымен құртпақ Мамайды,
Жетi мың әскер жiбердi.
Ат үстінен көз салып,
Әскер басы Темiрхан
Алдында жүрдi жер шалып.
Тапыр-тұпыр желедi,
Түн ұйқысын бөледi.
Қабағына қан жауып,
Күндiз-түнi суыт келедi.
Сексен бесте қарт Мамай,
Жалғыз ұйықтап жатады.
Ештемеден хабар жоқ,
Тәттi ұйқыға батады.
Қалмақтан келген көп батыр,
Ел шетiн қоршап жатады.
Қаруланып Темiрхан,
Ұзаққа көз салады.
Әлдененiң барынан
Сонда байқап қалады.
Қолын бастап сол жаққа,
Дүрiлдетiп шабады.
Осы тұс болса керек,—деп,
Жер тұс бойын табады.
Таяп келiп маңайға,
Тағы байқап қарады,
Бiр қарайған келедi.
Жаудың көңiлi бұзылды,
Қаныбектi соған жұмсады.
Жан жолдасы сенiмдi,
Қаныбек сонда кетедi.
Бармаймын деуге шара жоқ,
Шоқыта шауып жетедi.
Хан айтқан соң амал жоқ,
Ұйықтап жатыр қарт Мамай,
Келген жаудан хабар жоқ.
Мамай ұйықтап қалады,
Қамалаған көп қалмақ
Тұлпарын ұрлап алады.
Қылыш, найза, садағын
Оқтап, жақын барады.
Бiрақ батпай сонда да,
Төрт жүз оқпен соғады,
Жанбасына қадады.
Ұйқыдан Мамай оянды,
Жан-жағына қарады,
Қалмаққа тықыр таяды.
Қатуланған қарт батыр
Садаққа қолын қояды.
Қалып едi арманда,
Шетiнен бiрден жояды.
Төрт жүз қалмақ қырылып,
Жер бетi қанға боялды.
Қорамсаққа қол салды,
Оқ таусылып ол қалды.
Таусылғанда амалы,
Жан-жағына қарады.
Еш нәрседен саспады,
Ойланып амал табады.
Өлiп жатқан қалмақтың,
Оғынан олжа алады.
Бiрде-бiрiн тастамай,
Қорамсаққа салады.
Жер қайысқан қалың қол,
Жан-жағынан қамады.
Алатаудың басына
Мамай көзiн қадады.
Ендi соған шығуға
Тiк жүгiрiп барады.
Қайраттана қарт Мамай
Қаша соғыс салады.
Кез келгенiн жiбермей,
Қырып кетiп барады.
Он-он бестен өлiктi
Үйiп кетiп барады.
Екi мың жау өлiптi,
Үйiндiнi санады.
Екi мың қалмақ бiткен соң,
Оқ таусылып қалады.
Қылыш, найза бірi жоқ,
Жағдай қиын болады.
Қайтерiн бiлмей, қарт Мамай
Таусылды ендi амалы.
Осылайда, осылай
Қалмақтар ұстап алады.
Тiрi ұстап Мамайды
Сақалынан байлады.
Ат құйрығына тiркеу қып,
Жолға салып айдады.
Қапыда түсiп қолына,
Зығырданы қайнады.
Қаныбек сонда сөйледi,
Сөйлегенде бүй дейдi:
—Жетпiс құлаш зынданға,
Апарып салу жөн,—дейдi.
Мамайды қатты қинады,
Әмiр қылып Темiрхан,
Қалмақты қалған жинады.
Мамайға ажырық кигiздi,
Зынданның тастап түбiне,
Аузын таспен жиғызды.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз