Қарасай—Қази (14-бөлім)
Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 4 мин оқу
Қарасай аулына барады,
Әскерiн жинап алады,
Сәскелік жерге барады.
Туын алып қолына,
Жау да келiп қалды деп,
Ауылға қарап шабады.
Бiр ұл менен қыз туды,
Өтiрiк емес шын туды.
Ұл балаға қарасаң,
Басы бақыр қазандай,
Тереңнен шыққан сазандай.
Омырауы есiктей,
Ойынды етi бесiктей.
Саусағына қарасаң,
Құмға бiткен көсiктей.
Қыз балаға қарасаң,
Екi көзi жаудырап,
Тұлымшағы жалбырап,
Алмадай беті албырап,
Нағыз үш күн болған соң,
Шынтемiрдей ханыңыз,
Жаһаннан асқан байыңыз,
Баласы жоқ шалыңыз,
Асау сойып ақыртты,
Мая сойып бақыртты,
Қол астын қоймай шақыртты.
Осы шалың той қылды,
Той малына сойғаны:
Ту бие мен қой қылды.
Молдалар келiп қамалды,
Сәлдесi қара қазандай.
Ишан молда қамалды-ай,
Баланың атын таба алмай.
Шариғатпен қоям деп,
Кiтабын алып қарады-ай.
Қази түстi көредi,
Қазиға аян бередi,
Қази келіп сөйледі:
—Ишан, молда, қожам-ай,
Баланың атын таба алмай,
Айтып кеттi бабам-ай.
Шынтемiр, малың бере бер,
Мен айтқаныма қарамай.
Ұлдың аты Әдiл деп,
Қыздың аты—Iлия,
Осы екеуi болмаса,
Неге керек, Шынтемiр,
Иесi жоқ жиған дүния?!
Алтыннан болды шүмегi,
Мақпалдан болды түбегi,
Жiбектен болды тартқысы,
Қырмызы болды жапқышы.
Әдiл алты жасқа келедi,
Қызығын шалың көредi,
Ерiнi тұшып сүйедi.
Алтыға Әдiл келгенде,
Шынтемiрге ажал келедi,
Келгенiн шалың бiледi.
Қарасай мен Қазиды-ау,
Шақырып алды деп едi,
Шынтемiр ханың сөйледi:
—Қази менен Қарасай,
Жас болсаң да екеуiң,
Елдiң болдың панасы-ай,
Ноғайдың болдың ағасы-ай.
Үйрек ұшып, қаз қонған
Мамайдың қара сабасы-ай.
Тағыңа ендi өзiң мiн,
Атаңнан қалған тақ едi,
Айналайын Қарасай,
Екi бiрдей асылзат—
Алтыда қалды-ау жалғызым,
Екеуiңе аманат!
Туысқан тума жоқ едi,
Жетi атадан бұл шаңырақ
Бiреу болып келедi.
Бас өспей, мал өскен
Шаңырақ бұл едi.
Сонда Қази сөйледi:
—Қарағай садақ, қырық өзек,
Буынып алсам белге тоқ.
Арыстан аш та, түлкi тоқ,
Тәуекел ерде қайғы жоқ,
Хандығыңды алмаймын.
Бақытты туған Әдiлдiң
Бағына көзім салмаймын.
Он бесiне келгенше,
Тағына өзi мiнгенше,
Балапанын қорғаған
Көк бүркiттей қорғаймын.
Дүниеден Шынтемiр жөнелдi,
Алтыдағы баласын
Қарасай мен Қазиға
Аманат қылды деп едi.
Шынтемiр дүниеден қайтып кеттi,
Тапсырып бала жайын айтып кеттi.
Жүргенде үйтiп-бүйтiп сол арада,
Он беске он алты мен бала жеттi.
Әдiл таққа мiнедi,
Хан болып елдi биледi,
Қамырдай қылып иледi.
Қарасай-Қази, Қобылан болмаса,
Үстiне адам кiрмедi.
Әдiл таққа мiнген соң,
Қарасайға сөйледi:
—Ай, Қареке-ау, Қареке-ау,
Ақылың көп ағеке-ау.
Ас берейiн әкеме,
Көресiң қалай сен?—дедi.
Таққа мiнгенiмдi бiлдiрiп,
Байтақ елге көргiзiп,
Ас берейiн,—деп едi.
Қарасай қабыл көредi,
«Iстесең iсте»,—деп едi.
Оң таңбалы Ұрымға
Отыз кiсi жiбердi.
Қырық таңбалы Қырымға
Қырық кiсi жiбердi.
Сан таңбалы санайға,
Және кiсi жiбердi.
Қазақ пенен ноғайға
Шақыртты қоймай,—деп едi.
Күндер деген күндерде,
Күдiр деген дөңдерде,
Лай болмас көлдерде,
Бес жүз тоқсан үй тiктi.
Үй басына он табақ,
Сырты болды сары алтын,
Сыры болды қара алтын.
Тостағаны, қасығы,
Бақыраштың бәрi алтын,
Соның бәрiн соқтырды.
Орта бойлы, терең ойлы,
Кең көкiректi, келбеттi—
Тор бестi атты жетектеп,
Қобылан келдi бұл асқа.
Қазтуғанның жиенi,
Хан Мамайдың күйеуi—
Үзеңгiсi үзбе алтын,
Құйысқаны құйма алтын,
Сағалдырық сары алтын,
Жүгенiнiң бәрi алтын,
Қамшысының сабы алтын,
Алты нарға қос артып,
Ақ боз атты жетектеп,
Телағыс келдi бұл асқа.
Қой мойынды, қоян жақ,
Қоймай шапқан, үкi аяқ.
Құла шұбар ат мiнген,
Көк болаттан тон киген,
Жауатын қардай түнерген,
Жау дегенде жөнелген—
Уәлидiң Құбықұл
Құлаша атты жетектеп,
О да келдi бұл асқа.
Айсаның ұлы Ахмет—
Хан шақырса бармаған,
Ханның тiлiн алмаған,
Ерегiссе ханды жаулаған,
Көтерiп қылыш сермесе,
Тiрiлей адам қалмаған,
Дұшпанның көңiлiн сындырған,
Достың көңiлiн тындырған,
Бiр соғыстың iшiнде,
Тоқсан бес балта сындырған,
Тарлан атты жетектеп,
О да келдi бұл асқа.
Теңгелiк судың бойында,
Тiптi, өлiм жоқ ойында,
Жаманбайдың Әуезi,
Ала бестi жетектеп,
Бұ да келдi бұл асқа.
Елiбайдай елшiңіз,
Кертағыны жетектеп,
Бұ да келдi бұл асқа.
Бай Тоғанда хан Тоған,
Ақылы көп, ми толық,
Кеудесi сонша кең Тоған,
Желкүреңдi жетектеп,
Бұ да келдi бұл асқа.
Сары жалаулы жау қалмақ
Жансыз келдi бұл асқа.
Көк жалаулы көк қалмақ,
Көбейiп келдi бұл асқа.
Қыл жалаулы қызылбас,
Қызығып келдi бұл асқа.
Жұрт иiрiлiп тұрғанда,
Жиналған кiсi көредi,
Қарасай, Қобылан ер едi.
Телағыс пен үшеуi
Сол жиналған кiсiге
Басшылық қылып жүредi.
Қалмақтың басы Темiрхан—
Он екi айлық жер едi,
Алты айшылық шөл едi,
Барса деген ханына
Қағазбен хабар салыпты,
Сонан хабар алыпты.
Қырымның қырық батырын
Алдайын деп ойлады,
Өтiрiк айтып, сол тесiкке айдады.
Сол жиынның iшiнде
Қызыл пешат басулы,
Құс қанаты қоюлы
Бiр сәлем хат келедi.
Ноғайда молда көп едi,
Хатты ашып көредi,
Еңiреп қоя бередi.
Қағазды оқып бере алмай,
Бiреуiне-бiреуi ұсынып,
Молдалар тұр қысылып.
Он бес жасар хан Әдiл
Қағазды қолға алады,
Қырмызы күрең аттың үстiнде.
«Оқу ойдан артық емес» деген мақал
Осы арадан қалады.
Әдiл патша оқыды,
Оқыды да сөйледi:
—Темiрхан жазған хаты бар,
Темiрханның аты бар.
Әуелi хат жазыпты
Қарасай-Қази ағаға.
Екiншi хатты жазыпты
Телағыс, Қобылан саған да.
Үшiншi хатты жазыпты
Ахметтей бабаға.