Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (7-бөлім)

Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 3 мин оқу

«Шу» дедi де жөнелдi,
Шаңды-шаңға қосады,
Шаң аспанға жосады.
Қашырған соң тоғын-ай,
Кетiрген соң боғын-ай,
Астындағы Көкбөрте ат
Ор қояндай жосады,
Арандай аузын ашады.
Көлденең ұшқан дуадақ,
Секiрiп үстiнен асады.
Сайлы жерден ырғытып,
Тегiстеу жерден зырғытып,
Алқайлы алқылдап,
Құйысқаны жарқылдап.
Аузынан аққан ақ көбiк
Омырауда жалпылдап.
Басын тартса құрғырдың,
Бөксесi кеттi қырындап,
Қос танауы пырылдап.
Көк найзасы жылтылдап,
Ақ алмасы жалтылдап,
Бес қаруы сартылдап—
Ұлы бесiн болғанда,
Қарасын жаудың көредi,
Ә, дегенше келедi.
Жетiп келсе, Қарасай,
Суарып оғын алыпты,
Бабалары бағыпты.
Қарасай соғыс салып жүр,
Омыртқада он жара,
Қабыртқада бес жара,
Шұрқылтайда бiр жара,
Шүмектеп қаны ағып жүр.
Өлетін екен Қарасай,
Бабалары бағып жүр.
Анда-санда қара аттың,
Жалын құшып қалып жүр.
Басы айналып батырдың,
Екi қары талып жүр.
Басы айналмай не қылсын,
Сорғалап қаны ағып жүр.

Қази батыр келедi,
Қарасай сөйлей береді:
—Келдiң бе жалғыз, бауырым,
Иесіз қалды-ау ауылым.
Көздi жерлер көл едi,
Шыныменен тiлесек,
Тiлектi Құдай бередi.
Жетi атадан берi қарап,
Тұманға елдi шалдырмай,
Табасына қалдырмай,
Үзiлмей әруақ келедi.
Аз кiсiге көп олжа—
Жаудан малды қайырдық,
Қайтқанымыз жөн едi,
Қалмақтың қолы қатты ғой,
Сарқырап қандар ақты ғой,
Жаны құрғыр тәттi ғой,
Кел, қайтайық,—деп едi.
Қази сонда сөйледi:
—Ұрды ма Құдай өзiңдi?!
Естiмеймiн сөзiңдi.
Орақтан ендi ұл туып,
Екi бөрi тең туып,
Жаудан қорқып қайтар ма,
Аттың басын тартар ма?!
Жарау атқа мiнген соң,
Қару-қапшық iлген соң,
Жау қарасын көрген соң,
Қайғыны жiгiт айтар ма?!
Онысын бiзге кiм айтар,
Қази менен Қарасай,
«Жаудан қорықты» демей ме,
Орақтың екi баласы-ай.
Қорықсаң, тұр сен,—дедi,
Қорықпаймын мен,—деді,
Қызығымды көр, дедi.

«Шу» дедi де, жөнелдi,
Қалмаққа келiп тиедi.
Ай мүйiздi ақ қошқар,
Қасқыр тартты қоңынан,
Күнi туып оңынан,
Қази келдi соңынан.
Кiрген жерi есiктей,
Шыққан жерi тесiктей.
Қази тидi ақырып,
Әруағын судай сапырып,
Қалмақтың туын жапырып,
Айқай-сүрең салады,
Арқыратып салады,
Қиқу сүрен салады,
Қызықпенен қырады.
Ақ алмасты сермедi,
Сермесе қолы дендедi.
Қарсыласып, қағысуға
Қазиға кiсi келмедi.
Сол кездерi Қазидiң
Көкпеңбек болып беттерi,
Бетiнен шығып түктерi—
Екi көзi қанталап,
Әруағы анталап,
Жау қарасын көрген соң,
Қызыл қанға кiрген соң,
Қойға тиген бөрiдей
Құтырып кеттi зәнталақ.
Қылышпенен шапқылап,
Көк найзамен сұққылап,
Тағы атты мылтықты,
Қалмақтың туы жығылып, ынтықты.
Қалмақтың iсi оңбады,
Қарсыласып қағысқан,
Қылышпенен шабысқан,
Кезекпен найза салысқан
Жауда кiсi болмады.
Бес мың әскер қол едi,
Тапжылмайтын неме едi.
Бес жүз-ақ кiсi қалыпты,
Қызылбас жаман тарықты.
Өлемiз деп қорықты,
Мiнген аты зорықты.
Тасқанменен көппiн деп,
Бiр апатқа жолықты.
Қолдың басы Көкеман—
Ақылды қалмақ бұл едi,
Ақылы көп ер едi.
Әскерiн жауға алдырмай,
Көптен әскер басы болып жүр еді,
Көкеман сөйлей бередi:
—Әй, Қази менен Қарасай,
Жау үшiн туған Орақтың екi баласы-ай!
Жетi атадан шынжырлы,
О, сендерге кiмнiң шарасы-ай!
Үйрек ұшып, қаз қонған,
Мамайдың қара сабасы-ай.
Көтiмiз қысып тек жүрмей,
Әлiмiздi бiр бiлмей,
Аламын деп жылқыңды,
Бастың келiп сылқымды.
Тыйдырдың ойын-күлкiмдi.
Ендi қалған жерiме,
Көзiмнiң жасын көр,—дедi,
Тiлегiмдi бер,—дедi,
Сұлуым болса, сүй,—дедi,
Қырмызым болса ки, дедi.
Жорға да көп, жүйрiк көп,
Қалауыңды мiн,—дедi.
Айналайын, Қарасай,
Қолдарың сенiң қатты ғой,
Жаны құрғыр тәттi ғой.
Батпансыған ерлердiң
Талайы өлiп жатты ғой.
Жылады қатын баламыз,
Иесiз қалды қаламыз,
Алыс емес арамыз,
Дегенiңе көнемiн,
Айдауыңа жүремiн,
«Өл» деген жерде өлемiн.
Өкпе-бауырым ем болса,
Қарағым, саған беремiн.
Ендiгi қалған жерлерде,
Тiлегiмдi бер деймiн,
Көзiмнiң жасын көр деймiн,
Бiр шыбындай жанымды,
Сауғаға сұрап еңiреймiн.
Қарасай өзi ер едi,
Кеудесi де кең едi.
Артын ойлап, Қарасай:
«Тiлегiң бердiм»,—деп едi.
Қуарғыр Қази сөйледi:
—Қарағай садақ, қырық кез оқ,
Буынып алсам белге тоқ.
Қарасай атты көкеке,
Қайратың көп те, ақыл жоқ,
Мен сорлыда ғапыл жоқ.
Етектi кессе, жең болмайд,
Ежелгi дұшпан ел болмайд.
Дария құяр теңiзге,
Бай қуанат егiзге.
Нәсiлi жаман қызылбас,
Түбiнде тартат негiзге.
Бiзбен осы дос болмайд,
Бiзбен осы дос болса,
Күндердiң күнi болғанда,
Көңiлiмiз ашық қош болмайд.
Уәде бұған бермелiк,
Сөзiне мұның сенбелiк.
Бiз түгіл Орақ- Мамай ақыл сұраған,
Әлемге ақылы ұнаған
Анамызға баралық,
Құлағына салалық,
Сонан ақыл сұралық,
Не дер екен анам-ай,
Бiз баралық соған-ай.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз