Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (2-бөлім)

Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 2 мин оқу

ОрақМамай өлген соң,
Iсiм келдi оңына.
Зығырым оттай қайнайды
Орақ пенен Мамайдың
Қылығы түссе ойыма.
Мамайдан қалған жалғыз қыз,
Жiбек шашын жүн қылмай,
Қара басын күң қылмай.
Қарасай менен Қазиды
Қара басын құл қылмай,
Ноғай, қазақ қор қылмай.
Сен құсаған хандардың
Етiңдi кесiп тiлгiлеп,
Ит пен құсқа жем қылмай,
Алынбайды кегiм-ай,
Бiлдiң ғой сөздiң жөнiн-ай!
Жана бiтiм етемiн,
Көне қойсаң өзiңе,
Жас ағып тұрған көзiңе.
Орақ пенен хан Мамай,
Не қылған жоқ өзiме?!
Ерегiссең, кәрi шал,
Орақ пенен Мамайдың
Iсiн қылам өзiңе.
Азап үздi шiдердi,
Ауылым көшiп үдердi,
Темiрхан саған жiбердi,
«Дегенiме көнсiн,—деп,
Айдағанға жүрсiн,—деп,
Айтқаныма көнсiн,—деп,
Мамайдан туған Қымбатты
Тоқалдыққа берсiн,—деп.
Қарасай, Қази қос жетiм,
Құл болуға көнсiн,—деп,
Дiнiмізе кiрсiн,—деп.
Айтқаныма көнбесе,
Дiнiме менiң кiрмесе,
Үш жылғы отаудан есеп бермесе,
Жер ортасы Қиғаш тау[ға]
Соғысуға келсiн,—деп.
Шынтемiр сонда сөйледi:
—Аулыңызға қайт,—дедi,
Ханға сәлем айт,—дедi,
Он бес күн пұрсат бер,—дедi,
Он бес күннен соң кел,—дедi.
Дәл он бес күн болғанша,
Халқымды жинап алайын,
Ортаға сөздi салайын,
Кеңесiп елмен қарайын,
Көнемiн десе көнейiн,
Сұрағанын берейiн.
«Көнбеймiн» десе көп халық,
Соғысуға келейiн.
Жолдасым жоқ, жорам жоқ,
Бұл арада не дейiн.
Шынтемiр елге келедi,
Елге хабар бередi.
Елiн жиып алады,
Ортаға сөздi салады.
Смайыл мен Тобаяқ
Қараүлектей кемпiрдiң
Дұшпанының бiрi едi.
«Хан қоймадың менi»—деп,
Өкпелеп оған жүр едi.
Есебiн тауып еске алып,
«Жетiм бала, жесiр қатындар
Бiр қақсатармын»—деп едi.
Уәдесi есте жүр екен,
Смайыл мен Тобаяқ,
Ноғайлы елге сөйледi,
Сөйлегенде бүй дедi:

—Дегенiне көнелiк,
Айдауына жүрелiк,
Бағыналық кiрелiк.
Әкесiн жұтқан қу басты—
Ағасы жоқ, iнi жоқ,
Қуарып тұрған сұм басты,
Мамайдан қалған жалғыз қыз
Тоқалдыққа берелiк.
Орақтың қылған кесiрiн,
Өзiменен төлелiк.
Қарасай, Қази жетiмдi,
Құлдығына берелiк.
Бiреудiң салған бәлесiне,
Неге барып өлелiк!
Ноғайда барды Ормамбет,
Ормамбет деген биi бар,
Елiбайдай елшi бар,
Толыбайдай сыншы бар.
Ноғайда бар екi би
Қасым би мен Қалу би.
Ноғай тұрып жиналды,
Ақыл таппай қиналды.
Қартайған әкең Ормамбет
«Не айтам» деп ойланды.
Қасым би мен Қалу би
Екеуi тұрып сөйледi:
Жердiң жауған нұры жоқ,
Ел қорғаны қос жайсаң,
Екеуiнiң бiрi жоқ.
Кел, Қарасай мен Қазиды
Берi шақырып алалық,
Құлағына салалық.
Бөрiнiң екi баласын,
Қандай екен сыналық.
Сол көнсе, бiз де көнелiк,
Сол өлген жерде өлелiк,
Соған билiк берелiк.

Шақыртып Қарасайды алады,
Қарасай батыр келедi.
Сыпыра жырау сөйлей бередi:
—Ай, Қарасай, Қарасай,
Орақтың екi баласы-ай.
Жаңбыр жаумай жерiң тұр,
Балығы кетiп көлiң тұр,
Панасы кетiп елiң тұр.
Ақыл таппай ойланып,
Шешендер мен биiң тұр.
Едiгенi ескi кек,
Еске түссе нелер жоқ.
Темiрхан хабар салып тұр,
Мазамызды алып тұр.
Кiлең жетiм, қарағым,
Жақсыдан қалған тұяғым,
Сендерге торын жайып тұр.
Ел панасы кеткен соң,
Алтындарың мыс болып,
Қорғасын болып ағып тұр.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз