Қарасай—Қази (4-бөлім)
Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 3 мин оқу
Iшiмде тарқамайтын болды арман,
Адамға болды қорлық жаяу қалған.
Аңдыған сырттарыңнан жауларың көп,
Қалдырмай көп жылқының бәрiн алған.
Жылқыны жау алыпты,
Мамай мiнген Көкмойнақ,
Орақ мiнген Тайқара ат,
Көп жылқының iшiнде
Қиқумен кетiп барады,
Бауырынан жараған,
Шекесiнен қараған.
Жау екенiн бiлген соң,
Шекесiнен қарады,
Құйрығын саурына салады.
Көп жылқыдан қоштасып,
Ол жылқыдан бөлiнiп,
Кейiн қарай шабады.
Орақ пенен Мамайдың,
Моласына барады.
Алтын менен күмiспен
Өнерлеп салған моланың
Қасына барып тұрады.
Жүгiрiп келдi Қарасай
Әкесiнiң басына,
Тайқара аттың қасына,
Атқа келдi жантақтап,
Ықылықтап, так, так-тап
Қара аттың төменгi ернi жыбырлап,
Жоғарғы ернi қыбырлап,
Тайқара атқа тiл бiттi.
Әңгiме айтып, зырғытты:
—Сен Қарасай, оңбадың,
Ораққа тартып тумадың.
Орақ өлiп қалған соң,
Малым бар деп келмедiң.
Әкемнен қалған мирас,—деп,
Қарасай, менi бақпадың,
Мақпалдан жабу жаппадың,
Жiбектен арқан тақпадың,
Алтыннан қазық қақпадың.
Көп жылқыда жүргiздiң,
Түгiмдi күнге күйгіздiң,
Етiме салқын тигiздiң,
Салақ құлды мiнгiздiң,
Тiптi есiмнен кетпейдi
Құлдың мiнiп шапқаны-ай,
Жаман терлiк, сатпақ тоқым
Арқама қатты батқаны-ай.
Әкесiнiң барып қасына,
Құран оқып басына,
Тайқара атқа келеді,
Қарасай сөйлей бередi:
—Көкемнен қалған Тайқара ат,
Төрт аяғың сом болат,
Қолтығыңда қос қанат,
Танауыңа болайын,
Түбi түскен шелектей.
Құйрықжалға болайын,
Бұхардағы жiбектей.
Екi көзiң шолпан жұлдыздай,
Түгiң қара құндыздай.
Омырауың есiктей,
Ойынды етiң бесiктей.
Белдемеңе болайын,
Қайырда жатқан сазандай.
Сауырыңа болайын,
Төңкерген қара қазандай.
Омырауыңа болайын,
Едiлден шыққан аңғардай.
Тұяғыңа болайын,
Ұсталар соққан сандалдай.
Жүрiсiңе болайын,
Қыз жанаған бойдақтай.
Келбетiңе қарасам,
Төрт қырлап жонған қайрақтай.
Жарауыңа болайын,
Үлектен туған тайлақтай.
Қара ат аузын ашып есiнеп,
Қарасайды иiскелеп,
Жүгенге басын кигiздi,
Ауыздықты тiстелеп.
Қарасай мiнiп алады,
Кешегi кеткен жылқының
Соңынан кетiп барады.
Қару-қапшық бойда жоқ,
Өлем деген ойда жоқ.
Қималы құрық қолында,
Тiптi өлiм жоқ ойында.
Жылқыны жау алыпты,
Ақсақ тай, жетiм құлындар
Жол бойында қалыпты.
Мiнiп алып, «шу» дедi,
«Шу» дегенде гуледi,
Табаны жерге тимедi.
Арандай аузын ашады,
Ақ көбiктi шашады.
Көлденең жатқан қара тас
Қорғасындай басады.
От орынды тұяқтай,
Құйрықжалы құрақтай;
Жазылған соң бауыры,
Ойнақтады лақтай.
Үш күн болған қалмақтың
Кiшi бесiн уақытта
Артынан жалғыз құлапты-ай.
Қалмақтың басы Қараман
Еңiреген ер екен,
Еңiреген ердiң бiрi екен.
Бес қаруы белiнде,
Арттан бiреу келер деп,
Кедергiде жүр екен.
Қарасайды көредi,
Қараман сөйлей бередi:
—Өлген жоқ Орақ тiрi екен,
Жұрт өтiрiк айтып жүр екен.
Қой, қашайын қалама,
Жетейiн қатынбалама,
Өлiп қалармын далада.
Ашуланған ол—Орақ
Келмес менiң шамама.
Бiздiң қалмақ—антұрған
Көтiн қысып тек жүрмей,
Тары-талқанын жеп жүрмей,
«Аулын Орақ шабам, деп,
Жылқысын мұның алам», деп.
Орақ бiзге бола ма,
Орақ келсе қоя ма?!
Астымдағы боз атым,
Ораққа өтпес болатым.
Осы өлiмнен құтқарсаң,
Жануар сенi бағармын,
Бабыңды сенiң табармын,
Сусынға сүттi берермiн,
Арпа, сұлы iлермiн.
Жалғыз балам—Досмамбет,
Досмамбеттей көрермiн.
Шу, жануар, боз шолақ,
Келiп қалар ер Орақ,
Ақылсыз қалмақ бұл дурак.
Қазiр Орақ келген соң,
Болып қалар шұп-шұнақ.
Әскерге салып келедi,
Қараман сөйлей бередi:
—Өлген жоқ Орақ тiрi екен,
Өтiрiк айтып жүр екен.
Шаңы шығып, бұрқырап,
Келе жатыр бiр қара.
Мiнген аты зырқырап,
Келе жатыр бiр қара.
Бiр болса да зор қара,
Мың қарадай көрiнiп,
Астына мiнген атының,
Жал-құйрығы төгiлiп,
Жер солқылдап, қара тастар сөгiлiп.
Бәлем, қалмақ, сабыр ет,
Орақ, Мамай жылқысын
Олжа қылам деп пе едiң?!
Шырмады сенi әбiлет.
Жылқы алмақ түгiл балам-ай,
Бас-басыңның қамын ет.