Қарасай—Қази (3-бөлім)
Қарасай-Қази · Сейіт жырау нұсқасы · 4 мин оқу
Бекiтедi берiк қып,
Шыға алмастай етедi.
Далаға тастап Мамайды,
Қалмақтар қайтып кетедi.
Жеңдiк десiп дұшпанды,
Өз жерiне жетедi.
Дуылдатып дүрлiгiп,
Тарап-тарап кетедi.
Тұра тұрсын, ендi олар,
Әне-мiне, демейiк,
Аулына Мамайдың
Қайта айналып келейiк.
Бәйбiшесiне Мамайдың
Ендi сөздi берейiк.
Бәйбiшесi Мамайдың
Ұйықтап жатып түс көрдi,
Түсінде жаман іс көрді.
Ұйқыдан шошып оянып,
Қарасайға жетедi.
—Балам түнде түс көрдiм,
Түсiмде қиын iс көрдiм.
Мамай мiнген көк тұлпар,
Ертоқымсыз бос көрдiм.
Құбыладан соққан қатты жел,
Орданы жығып кетедi.
Бадана көздi ақ сауыт,
Сөзiме ыдырап кетедi.
Жетi қабат сауытын
Үстiнен түгел шешедi.
Жау жағының жебесi
Алтауынан өтедi.
Мамай өлiп қалды ма,
Қарағым бiлсең, не етедi?
Қарасайдың шешесi,
Мұңайып басын шайқады.
Мамайдан хабар әлi жоқ,
О да жылап айтады.
Тұрмысын естiп Қарасай,
Бағымыз бастан тайқады.
Бiр қырсық болған секiлдi,
Көңiлiм сұм байқады.
Iстiң мәнiн түсiнiп,
Қарасай былай айтады:
—Қайдан, қалай бармақпын,
Астымда мiнер атым жоқ?!
Сауыт-сайман садақтың,
Тым болмаса бiрi жоқ.
Төрт тұрманым сай болса,
Сайысқанда көңiл тоқ.
Қарусыз барсақ дұшпанға,
Жаудырар бастан қызыл шоқ.
Қарасайдың шешесi
Үйге қайта кiредi.
Бадана көздi көк сауыт
Ұзақ сақтап жүр едi,
Алып шығып сандықтан
Шешесi әкеп бередi.
Қарасай да жасынан
Өрен өскен ер едi.
Бағулы тұрған көк тұлпар
Оны да ерттеп бередi.
Тұлғасынан баланың
Ерлiгiн анық көредi.
«Жауын жексен етер», деп,
Оған батыл сенедi.
Бес қаруын толықтап,
Ақ батасын бередi.
Қарасай әбден сайланып,
Көк тұлпарға мiнедi.
«Оңғарсын Алла жолыңды!»—
Деп анасы тiледi.
Бетке алып жау жақты,
Қарасай ендi жөнелдi.
Астындағы көк тұлпар,
Желдей есiп желедi.
Ойпаң жерден орғытып,
Белең жерден сырғытып,
Көлденең жатқан көк тастан
Iркiлместен ырғытып,
Екпiндетiп келедi.
Етi қызып көк тұлпар,
Аузынан көбiк шашады.
Қыршылдатып азуын,
Ауыздықты басады.
Асқар-асқар белдерден
Арындатып асады.
Сауырдан шыққан ащы тер
Жаңбырдай жерге шашады.
Құрыштай жұмыр тұяғын
Қадап-қадап басады.
Басқан жерiн қопарып,
Жерошақтай қашады.
Сенiмi артып Қарасай,
Көңiлi судай тасады.
«Ер қанаты ат» деген
Сөзге құлақ асады.
Артта қалып талай бел,
Сан асқардан асады.
Тоқтады бiр кез Қарасай,
Бiр жотаның басына.
Алыстан танып сол шақта,
Қаныбек келдi қасына.
Қарап тұрып батырға,
Сөз бастады асыға:
—Қарасай, неге келесiң,
Ажал төндi басыңа?!
Қыршыныңнан қиылып,
Кетесiң жетпей жасыңа!
Келдiң бе әлде асыға,
Барғың кеп әкең қасына.
Батырсынып шiрене,
Тұлпардан түс, жас бала.
Жалбарынып жалына көр,
Қаруыңды таста да.
Егер көнсең сөзiме,
Көрдiм демен басқаға.
Бес қаруды аламын,
Аман жолға саламын,
Сөйтсең, аман қаласың,
Үйiңе қайтып барасың.
Екi жесiр шешеңдi
Әйтпесе, қайтіп бағасың?!
Ер жеткен соң әкеңнiң
Сүйегiн iздеп табасың.
Мықты болсаң сонан соң,
Кегiңдi бiзден аласың.
Көнбесең осы сөзiме,
Ажал төнер өзiңе.
Ит-құс мүжiп денеңдi,
Көк шыбын тышар көзiңе.
Жалбарынсаң жалынып,
Құлым қылып аламын.
Бұл сөзiме көнбесең,
Тас зынданға саламын.
Мойныңа ажырық жектірiп,
Кигiземiн шегенiн,
Айт, қане, не керегі?!
Қарасайды ашу кернедi,
Қаныбекке есе бермедi:
—Ей, қалмағым, қалмағым,
Таудай менiң салмағым,
Суға салған қармағым,
Балықтай оңай алмағым.
Не деп тұрсың, сен?—деймiн,
Соғысқың келсе, кел, деймiн.
Сан мың қолың болса да,
Жайпап өтер желдеймiн.
Тамырыңмен сұлатар,
Қара дауыл желдеймiн.
Түбiмен тауды қопарған,
Дариядан көшкен сеңдеймiн.
Керек болса шыбын жан,
Қасыма менiң кел, деймiн.
Күнәңдi шәйiп ит қалмақ,
Әкемдi тауып бер, деймін.
Көнбесең менiң сөзiме,
Терiңдi жәйiп шелдеймiн.
Басыңды кесiп алармын,
Ендi қылыш сермесең.
Мұны естiп Қаныбек,
Буырқанды, долданды.
Қара тамақ сүңгiнi,
Тақымынан қолға алды.
Қоян көрген бүркiттей,
Шын түйiлiп қомданды:
—Сенi қойып бүктiргем,
Мамайыңдай шомбалды.
Кеше туған жылбысқа,
Аспадың құлақ сөзiме.
Кiсiмсiнiп, кiжiнiп,
Тiл тигiздiң өзiме.
Бұрайын қылша мойныңды,
Өз обалың өзiңе.
Көрсетейiн әкеңдi
Шырылдатып көзiңе,
Деп ақырып Қаныбек,
Бүретіндей құйылды.
Қабағынан қар жауып,
Қара бұлттай түйiлдi.
Екi көзi қанталап,
Гүрiлдеп найза үйірді.
—Алдың неге мазамды,
Берейiн ендi жазаңды?!
Қыршыныңды қияйын,
Тарттырайын сазаңды,—
Деп ұмтылып Қаныбек,
Найзасын қатты сермедi.
Қағып қалып Қарасай,
Әуелде-ақ есе бермедi.
Арыстандай ақырды,
Жолбарыстай атылды.
Көп атысты екеуi,
Қаруларын сермедi.
Қанша айла қылса да,
Қарасай ерiк бермедi.
Қара арғымақ көк тұлпар,
Ақ көбiк боп терледi.
Қалжырады Қаныбек,
Ығына еш келмедi.
Қарасайда күш қайрат,
Барған сайын кернедi.
Жарқылдатып қылышын,
Оңды-солды сермедi.
Найза қалды опырылып,
Қаныбек, ендi мен дедi.
Өзiнен асып қайраты,
Қас бала ендi дендедi.
Бұлдыр тартып барады,
Ендi оны жеңбегi.
Жеңерiне баланың
Сондадағы сенедi.
Қылыштасып қағысты,
Қыршылдасып шабысты.
Семсерлерiн сермесiп,
Қанжарларын салысты.
Кiшi бесiн болғанда
Қарындары қарысты.
Бiрiн-бiрi ырғасып,
Ат үстiнде алысты.
Қамшы басып тұлпарға,
Өрлi-қырлы шабады.
Еңкейгенде екiнтi,
Қаныбектiң дiңкесi
Ендi әбден құрыды.
Талайды көрген қу залым,
Қашуы ендi орынды,
Артына жалт бұрылды.
Құтқармады Қарасай,
Шораяқ жауын жырынды.
Тоқырта басты желкеден,
Аш елi оның үйiлдi.
Тынысы бек тарылып,
Денi iшке сығылды.
Ер қасына пиғылын,
Жаны алқымға тығылды.
Арғымақ белi қайысып,
Ат тiзесi бүгiлiп,
Шыдай алмай тебiнге,
Қара арғымақ сүрiндi.