Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (10-бөлім)

Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 2 мин оқу

Дегенiме көнесiң,
Айдауыма жүресiң.
Жыл тәулiгi болғанша,
Осы мезгiл толғанша,
Шынтемiрдей ханыма,
Кәтептi қара нарыма,
Бiр ұл мен бiр қыз бересiң.
Ұл мен қызды бермесең,
Келесi жыл болғанда,
Осы мезгiл толғанда,
Қызығымды көрерсiң.
Көкемандай бейшара
«Бiр ұл бiр қыз берем» деп,
Ақыреттiк дос болып,
Сенiменен жүрем деп,
Қазидың қолын алады-ау,
Қалмақтар кетiп қалады.
Түйе боздап, қой маңырап,
Жылқылары шырқырап,
Шаңдары ұшып бұрқырап,
Құлын-тайлар бұлтылдап,
Қонысқа малдар құлады.
Мамайдың кiшi шешесiнiң баласы—
Смайыл мен Тобаяқ,
Әли менен ер Сидақ—
Төртеуiнiң қатыны-ай,
Мамайдың тума жақыны-ай.
Төрт қатынның жоқ екен,
Билiк пенен ақылы-ай.
Бiр-бiр табақ алып,
Табаққа жетi-жетiден нанын салып,
Орақ пенен Мамайдың барды басына,
Моласының қасына.
Смайылдың қатыны,
Отыра қала жоқтады:
—Балпаң-балпаң басқан, қайнаға,
Алтын Орданың есiгiн ашқан, қайнаға,
Жетiм қалды-ау қайнағаның ауылы.
Қайнаға кетiп, сен қалып,
Құдай ұрған қу шешей,
Құтсыз болды бауыры.

Тобаяқтың қатыны,
Отыра қалып жоқтады:
—Шешей қалды оң жақта,
Шақшаң қалды шаңдақта,
Өлiмнен қолың босанса,
Жеткенше үйге тайрақта.
Қараүлек келдi қасына,
Баласының басына.
Қараүлек келiп толғады:
—Әуеде ұшқан шөже құс,
Тұзақты құрсам қолға түс.
Жоқтасам, өзiм жоқтайын,
Бөтен қатын, көтiң қыс.
Бай, бай Мамай, бай Мамай,
Халық бiлген, хан Мамай,
Қайғысыз өткен, нар Мамай,
Арманым саған бар, Мамай,
Перзентсiз қылды-ау бiр Құдай!
Өлдiң Мамай—қор болдың,
Ботасы кетiп боздаған,
Қартайған нар мен болдым.
Мамайым бойға бiткенде,
Ұшарына жеткенде,
Мен түсiмде ай менен күн көрдiм.
Ай менен күндей қылып,
Астанаға бiрдей қылып,
Құдай-ау екi ұл бердiң.
Алладан бұйрық келген күн,
Анаңды тастап жөнелдiң.
Бауыры суық қара жер,
Көңiлiмдi суытып,
Қарағымды иелендiң.
Торайғырдай топайлы Мамай,
Аруанадай шоқайлы Мамай,
Қарағаштай бұтақты Мамай,
Сәукеледей шытақты Мамай,
Отырған жерiң омақты Мамай,
Молдадан алдың сабақты, Мамай,
Жасыңнан болдың талапты Мамай,
Елді жасыңнан иеленген Мамай,
Басыңды мыңға теңеген Мамай,
Дұшпанға табан тiреген Мамай.
Былғарыдан саба ойдырған Мамай,
Алтыннан пiскек қондырған Мамай,
Шаңырақ пен уықты
Сары алтыннан жондырған Мамай,
Жарқыраған алтынды
Шаңыраққа қондырған Мамай,
Тәрбие мен байлықты
Астанадан оздырған Мамай,
Құлыныңның желiсiн
Шын жiбектен тақтырған Мамай,
Алтыннан қазық соқтырған Мамай,
Ел көшкенде жүгiңдi
Жетi нарға арттырған Мамай,
Ал желiңнiң қасына
Айнала атты шаптырған Мамай,
Қырмызы киiп қырынған Мамай,
Жорға мiнiп ұрынған Мамай,
Бай Мамай,
Ер Мамай,
Хан Мамай,
Кең Мамай,
Мен қайтейiн, құлыным-ай,
Бермедi-ау перзент бiр Құдай!
Мамай, Мамай, Мамай-ай,
Мамайымның барында
Тасыған судай ноғай-ай!
Сол құсаған Мамайға
Бермедi-ау перзент Құдай-ай!
Өлдiң Мамай қор болдың,
Бүлiнген ноғай ел болдың.
Қос жайсаңнан айрылып,
Қуарған кемпiр мен болдым.
Зарыққан, зарланған,
Мен уақытқа кез болдым.
Бұл адасып айтқан сөзiм-ай,
Ортақ екен өлiм-ай,
Кiм дүниядан өтпеген,
Кiмге ажал жетпеген?!
Он сегiз мың ғаламды билеген
Жын-шайтанды өргiзген.
Суда жүзген балықты
Кереметпен жүздiрген.
Құмырсқаның тасты басқанын
Аллаға айқын бiлгiзген—
Дәуiттiң ұлы Сүлеймен.
Бұларға да бұл дүния
Екi айналып келмеген.

Тағы оқыңыз