Қарасай—Қази (1-бөлім)
Қарасай-Қази · Сейіт жырау нұсқасы · 3 мин оқу
Кешегi өткен заманда,
Қауым халық аманда
Сан санақсыз iс өткен.
Он сегiз мың ғаламда,
Он санлы ноғай iшiнде
Мамай атты ханы бар.
Орақ батыр iнiсi—
Өзiнiң бүгiн сәні бар.
Орақ батыр тұрғанда,
Мамайдың кеңіп өрісі.
Қалмақтарды олжалап,
Ноғайдың асты кiрiсi.
Қалмақтың ханы Темiрхан—
Өз елiнiң ірісі.
Орақ батыр тұрғанда,
Ашылмай жақ кiрiсi.
Ноғайменен болмады
Жер таластық жұмысы.
Iштегi қайғы жеңедi,
Бiтпегендей бiр iсi.
Асқындырды қайғысы—
Орақтың көзi тiрiсi.
Одан қатты қорқатын,
Тарылып тiптi тынысы.
Орақтан туған екi ұлдан
Қарасай, Қазы деседi.
Үлкенi соның Қарасай,
Нағыз батыр осы едi.
Ақылы мен қайраты
Орақтай болып өседi.
Шабысқанда қалмақпен
Қайықтайын еседi.
Домалатып бастарын
Бауыздай тұрып кеседi.
Шiрене тартып сұр жебе,
Қара тасты теседi.
Толғай салған көк сүңгi
Сауытты бұйым көрмейдi.
Тасқындаған қайраты
Тасқын судай үрлейдi.
Кескiлескен сайыста
Жауына есе бермейдi.
Жарқылдаған ақ семсер
Оңды-солды сермейдi.
Орақ батыр көп тұрмай,
Артында қалған көп ноғай
Қалмақтың қарнын теседi.
Мамай ханның сол кезде
Сексен бесте жасы едi.
Жас күнiнен ел билеп,
Осы даудың басы едi.
Темiрханның жүрегi
Жiбiмейтiн тас едi.
Орақтан қорқып жүргенмен,
Ноғайға iштей қарсы едi.
Орақ батыр өледi,
Аманатын бередi.
Орақ батыр өлдi деп,
Темiрхан естiп бiледi.
Жер сұратып Темiрхан,
Қырық батыр жiбердi.
«Асу да асу бел,—дейдi,
Аса соққан жел,—дейдi.
Темiрханның елшiсi,
Айтқаныма көн, дейдi.
Үш жыл түскен отаудан,
Биыл есеп бер,—дейдi.
Биыл есеп бермесең,
Айтқаныма көнбесең,
Жер ортасы—Алатау,
Соғысуға кел,—дейдi.
Қарасай мен Қазиды
Байлап тiрi бер,—дейдi.
Хан айтқанын iстейдi,
Бұл сөзiме сен»,—дейдi.
Осылай деп, елшiлер
Хан сәлемiн айтады.
Қайтерiн бiлмей көп ноғай,
Шулап-шулап қайтады.
Мамай сонда сөйлейдi,
Сөйлегенде бүй дейдi:
—Қарасай мен Қазиды
Қалмаққа ұстап бермеймiн.
Жер ортасы Алатау,
Соғысуға кел,—дейдi.
Байламға осы келедi,
Жауабын осылай бередi.
Қартайған шағы болса да,
Өзiне Мамай сенедi.
Ноғайлар тарап кеткен соң,
Үйiне Мамай келедi.
Қан майданда қайтпаған,
Нақ сайыста ер едi.
Үйiнде Мамай жатқанда,
Ноғайдан хабар келедi.
Хабар ап келген ноғайдың
Сый табағын бередi.
Сонда елшi не дейдi,
Мынадай тiлек тiлейдi:
—Елiңiз сiздiң тiлейдi,
Айтқанынан қайтсын,—деп,
Өзi барып қалмаққа,
Ауызекi айтсын,—деп.
Мамай бұған көнбедi,
Елшiден жұмыс өнбедi.
Ақылдасты көп ноғай,
Ендi қайтсең жөн дедi?
«Онда былай етейiк:
Түннен қалмай бәрiмiз,
Осы жерден көшейiк.
Қарасай, Қази екеуiн,
Әйелi мен Мамайды,
Шешесiмен бесеуiн,
Жұртқа тастап кетейiк.
Қалмақты алдап осымен,
Мұратқа сонсоң жетейiк,
Осы ақылға келейiк.
Мамай сезiп қалмасын,
Бәлен-пәштуан демесiн.
Осы арқылы оларды
Қалмақтарға берейiк.
Қуып барса аржақтан,
Соғысты сонда көрейiк».
Бары осыған қосылды,
Аққан селдей жосылды.
Сол күнi ноғай қашады,
Қара албасты басады.
Төрт түлiк малдың бiрi жоқ,
Биiк таудан асады.
«Қалмақтар келiп қалар» деп,
Өлгендейiн сасады.
Таң сағағы түрiлiп,
Күн нұрын жерге шашады.
Осы шақта бейхабар
Ұйқыдан Мамай тұрады.
Көз салып алыс жаққа,
Жан-жаққа мойын бұрады.
Жұрты жатыр, ноғай жоқ,
Қарасайдан сұрады.
Бiле алмай мына жайды,
Таңырқап о да тұрады.
Бесеуi қашып далада,
Алладан медет сұрады.
Ноқталы басқа—бiр өлiм,
Атының басын бұрады.
Сексен бесте қарт Мамай
Сауыт-сайман киiндi.
Өстiп берсе баласын,
Болар едi тиiмдi.
Өлгенім жөн деп бiледi,
Баласын беру қиын-ды.
Сол үшiн бала бермедi,
Бiр Тәңiрге сиынды.
Сексеннен асқан кәрiге
Соғысу да қиын-ды.
Көкмойнақ деген төл бар-ды,
Мiнiп жүрген биыл-ды.
Қаптап жүрген көп ноғай
Аяғы бүгiн тыйылды.
Көкмойнаққа мiнедi,
Қалмаққа жақын келедi.
Елшiсiне Темiрдiң
Былай деп жауап бередi:
—Қарасай мен Қазиын
Темiрханға бермеймiн.
Атасы Доспанбет қалмақ,
Айтқаныңа көнбеймiн.
Тұрысар жерiм осы жер,
Соғысуға кел,—деймiн.
Атақоныс жерiмдi
Тiрi күнде бермеймiн.
Өлтiрiп кетсең, амал жоқ,
Бұл сөзiме сен,—дейдi.