Қарасай—Қази (17-бөлім)
Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 3 мин оқу
Мен, мен едiм, мен едiм,
Мен болғанда кiм едiм?!
Едiге сұлтан, Нұрадын,
Менiмен неғып тең едiң?!
Әкемнiң аты ер Орақ,
Ағамның аты Қарасай,
Өзi жалғыз, ұлты аз
Келе жатыр ғой бұл Қобылан,
Қыдырбайдың баласы-ай!
Сол кездерi Әдiлдiң
Көкпеңбек болды беттерi,
Сұп-сұр болды еттерi.
Астындағы күреңдi,
Салып кеттi сауырына.
Сауысқан, қарға тойынды,
Санынан аққан қанына,
Жаман батты жанына.
Шу деді де Әдiл жөнелдi:
—Қош, аман бол, бауырым,
Бiр Құдайға аманат
Менiң қалған ауылым!
Аман болсам келермiн,
Келе қойсам, құлыным,
Хан баласы ханзада,
Бай баласы мырзаға,
Таңдауыңа берермiн.
Сонда Ылия жылады,
Етпеттей барып құлады,
Жылағанда не дедi:
—Көкеке-ау, тiлемеймiн сенен байды,
Жылатпа мен құсаған сұмырайды.
Ағалы қызда арман жоқ,
Iнiлi қызда жалған жоқ.
Туысқан, тума, ағайын,
Сүйенер халық қалған жоқ.
Iшiм де жалын, сыртым шоқ,
Жалғызға көздi-ау сала жүр,
Қағысқан жерден қайраң көп,
Жалғызға болар қайлам жоқ.
Тек жылауым болмаса,
Ендi саған менiң пайдам жоқ.
Орамал бар да, бөркiм жоқ,
Жалғызым кеттi-ау, көркiм жоқ.
Артыңнан iздеп баруға,
Қор қылып Құдай жаратты,
Қара баста еркiм жоқ.
Жақын екен арасы,
Зарлап келед анасы,
Қайырылмай кеттi баласы.
Сонда анасы толғады-ау:
—Өңiр жиек таққаным,
Тiлегiң тiлеп қақсадым.
Қорғаным жоқ, панам жоқ,
Өлгенде көрген жалғызым,
Менi қайда тастадың?!
Қайырылмады хан Әдiл,
Қайырылмасын бiлген соң,
Баласын анық көрген соң,
Баладан күдер үзген соң,
Ақтолқын кемпiр ақырды-ау,
«Қарасай», деп шақырды-ау:
—Ой, Қарасай, Қарасай,
Қарағым жалғыз, сен екеу,
Ер Орақтың баласы-ай.
Астыңда бар-ды Тайқара ат,
Жолыққайсың саламат,
Қарғам саған аманат.
Тiлегiңдi тiлейiн,
Егiз туған көк бұйра
Садақаға берейiн.
Қарасай тұрып сөйледi:
—Мен бiлермiн, бiлермiн,
Белдерден асып желермiн.
Мен, мен ермiн, мен ермiн,
Мен белгiлi күреңмiн.
Алып келiп балаңды,
Қолыңа кемпiр берермiн.
«Шу!» дедi де жөнелдi,
Он екi айдай жол жүрдi,
Алты ай кәмiл шөл жүрдi.
Аттарынан жал кеттi,
Астына мiнген атының
Борбайынан қоң кеттi,
Батырлар жаман меңдеттi.
Тасбақа болды азығы,
Темiрден болды қазығы.
Мойны болды ырғайдай,
Биттерi болды торғайдай.
Өлдiм-талдым дегенде
Жапан көлге құлады.
Не күндей әскер шұбады,
Он бес күн жатып сол жерде,
Аты болса аунады,
Өздерi болса қунады.
Жал мен жая шайнаған,
Алуа-шекер талмаған—
Кiлең байдың баласы,
Iшуiне асы жоқ,
Қоға мен борық қоймады.
Көйлектерiн ау қылып,
Судан шабақ аулады.
Дәл он бес күн болғанда
Әскерлерiн жинады,
Әскерiн көлге қамады,
Басына түртiп санады.
Аман екен әскерi,
Әдiл ханың сөйледi:
—Әй, бұрынғының арты едiң,
Осы күнгi қарты едiң,
Көптен қалған көн едiң,
Қайыспайтын қайғысыз,
Ахмет аға, ер едiң.
Тар жер, тайғақ кешуде,
Саған да сенiп келемiн.
Тарлан атқа мiн,—дедi,
Белiңе қару iл,—дедi.
Талай келген өзiңе
Бұл белгiлi жер,—дедi.
«Қандай екен жерлерi,
Қалың ба екен елдерi?»,
Ахмет, көрiп кел, дедi.
Ахмет атқа мiнедi,
Бес қаруын белге iледi,
Қабағын түйiп түнерiп,
Жауған қардай түнердi.
«Алла дiзгiндi оңғар!» деп,
Қызылбасқа жөнелдi.
Ар жағында Темiрхан
Он бес күндiк жер едi.
Он бес күн кәмiл болғанда,
Ахмет салып келедi.
Болаттау деген тау екен,
Төбесi көкке тиiп тұр.
Биiктiгiн қарасаң,
Көшкен бұлтты iлiп тұр.
Төбесiнде қара тас,
Күн көзiне шыдамай,
Қорғасын болып ерiп тұр.
Төбеден аққан сортағы
Таудың бауырына келiп тұр.
Ол таудың ол шетi мен бұл шетi,
Тоқсан жылдық жер екен.
Ортасында тесiк бар,
Болаттан салған есiк бар.
Қазулы тұрған көр емес,
Қазулы көрден кең емес,
Жан баратын жер емес,
Ахмет оны көредi.
Қорықпаған батырдың
Қорықты көңiлi деп едi.
Ахмет тұрып ойлады:
Орақта кеткен кiре алмай,
Кiруге Орақ сене алмай.
Орақ кiрмеген жерiне
Мен-ау неғып кiремiн?!
Кiрсем бұған өлемiн.
Қой, қайтайын, қайтайын,
Әдiлге барып айтайын.
Кiрсе, кiрер Қарасай,
Жас неме ғой сол кiрер,
Қыдырбайдың баласы-ай.
Сол үшеуi болмаса,
Адамның келмес шамасы-ай!
Мен кiрермiн, кiрермiн,
Кiргенменен жау таппай,
Бұл тесiкте өлермiн.
Ахмет келдi қайтып-ай,
Көргенiн түгел айтып-ай.
Ахмет айтқан сөзiне
Жұрт тамаша қалады,
Бәрi де мұның нанады.