Қарасай—Қази (21-бөлім)
Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 4 мин оқу
Әуез соғыс салады,
Екi жүз қала алады.
Ахмет соғыс салады,
Тоқсан қала алады.
Сол соғыстың iшiнде
Ахмет мiнген тарлан ат
Омақаса құлады.
Құлап жатқан жерiнде
Ахметтей шалыңды
Қызылбастар қамады,
Қара таспен жабады.
Астындағы тарланнан
Айрылып Ахмет қалады.
Екi бұты таяқтай,
Айғыр қуған саяқтай
Ахмет жаяу қашады.
Сүрiнiп етегiн басады,
Өлемiн деп сасады.
Ахмет сонда ақырды,
Қолтығынан оқ тиiп,
Қара қанды қақырды.
«Қарасай мен Қобылан-ай,
Қайдасың?!» деп шақырды.
«Қобылан» деген бiр дауыс
Құлағына келедi.
Барқыраған бұл дауыс
Шалдың даусы екен деп,
Шауып жетіп келеді.
Көтерiп шалды жерден,
Қобылан алады.
Тарлан аттың үстiне
Ахметтi салады.
Қобылан Ахметке сөйледi:
—Ахмет кейiн қайт,—дедi,
Өзiңдi-өзiң бақ,—дедi.
Түтеп тұрған мылтық көп,
Шауып тұрған қылыш көп,
Қызылбаста ұрыс көп.
Пұршасы болмай ер Қобылан,
«Шу!»—дедi де жөнелдi.
Сол соғыстың iшiнде,
Әдiлдiң мiнген күрең ат,
Қарасайға көрiндi.
Қарасай жылап бақырды,
«Қазижан!» деп шақырды.
Қимылда, Қази, қимылда,
Көрiндi ғой күрең ат
Анасы мен анамыз,
Еттi бiзге аманат.
Аманатты баға алмай,
Жалғызға көздi сала алмай,
Бiзден болды-ау қатты ұят.
Жамалдағыр күрең ат,
Тоқымың жоқ, ерiң жоқ,
Сөйлесер едiм тiлiң жоқ,
Үстiңдегi Әдiлдi
Жаудан өлдi дер едiм—
Сорғалап аққан терiң жоқ,
Үстiңе салған ерiң жоқ.
Халық билеген ханым жоқ,
Күрең ат, сенiң сәнiң жоқ.
Маған неге тимедi-ау,
Әдлiге тиген ажал оқ,
Тiрi десем, хабар жоқ.
Қарасай кеттi бiр жермен,
Қази кеттi бiр жермен,
Қобылан кеттi бiр жермен,
Әрқайсысы кеттi әр жермен.
Қобыланның жүрген жағынан
Сарқыраған қан шықты.
Қазидың жүрген жағынан
Тырп етпейдi, сау шықты.
Қарасай жүрген жағынан
Ойбайлаған шу шықты.
Өңгесiнiң жүрген жерiнен
Ат тозаңы, шаң шықты.
Күн батқан соң түн болды,
Түнде түн болды,
Күнде түн болды.
Зеңбiректiң түтiнi,
Аттың тозаңымен
Ат құлағы көрiнбейтiн
Қап-қараңғы күн болды.
Сол соғыстың iшiнде
Телағыс мiнген Ақбоз ат—
Ер тоқымы бауырында,
Құйысқаны сауырында
Ойнақтап жүрген көрiндi.
Қарасай соны көредi,
Еңiрей қоя бередi.
—Кiл жалғызды оққа ұшырып,
Ендi не бетiммен көрем? деп едi.
Әдiл менен Ағыстың,
Кеткенi ғой намыстың,
Екеуiнде де iнiсі жоқ, аға жоқ,
Тұяқ болар бала жоқ.
Қимылда Қобылан, Қази, қимылда,
Не болса да, Алланың
Еткен iсiне шара жоқ.
Ағысты Қази қарады,
Жығылып-тұрып жүр екен.
Тар көшенiң iшiнде—
Омыртқада он жара,
Қабыртқада қырық жара,
Тек шықпаған жаны бар,
Шүмектеп аққан қаны бар.
Көтерiп аттан алады,
Сонда Қази ақырды,
Әуез-ау! деп шақырды.
Телағыс көзiн жұмып-жұмып қалып жүр,
Шүмектеп қаны ағып жүр.
Салып келдi ер Әуез,
Қойны-қоншы оққа толыпты,
Жаралы о да болыпты.
Ағысты қосқа алып қайт,—дедi,
Дәрiгерге сәлем айт,—дедi.
Бiз қайтпаймыз,
Оқ тиiп, омақаса құлағанша,
Қайтамыз деп айтпаймыз.
Әуез Ағысты алып жөнелдi.
Арада үш күн өткен соң,
Құбығұл ерге оқ батты,
Бейбiттiң оғы тым тәттi.
Оққа шауып өшiгiп,
Қызылбас отын өшiрiп,
Құбығұл аттан құлады.
Үстiне келiп ер Қобылан,
«Бауырымдап!» жылады.
Атадан жалғыз қарағым,
Оңбады салған ұраным.
Тарады менiң құралым,
Кiндiктен жалғыз қарағым.
Мирас басар жоқ едi-ау,
Артыңда да тұяғың.
Атына Құбығұлды мiнгiзiп,
Тiзгiнiн берiп қолына,
«Ерсiң ғой, мықтап бекiн!»—деп,
Қайтадан салып жiбердi
Қосқа қайтар жолына,
Әуездiң ерттi соңына.
Үшеуi қалған долданды
Iсi келмей оңына.
Қабырғадан қан болды,
Тебiнгiден тер болды.
Ылди жерлер көл болды,
Жердiң жүзiн қан алды.
Қаланың iшiн
Зеңбiректiң түтiнi мен шаң алды.
Күн сәскеге толғанда,
Тайқара аттың үстiнен
Өкпеден жетi жерден оқ тиiп,
Қарасай қанатын жайып құлады,
Құлап жатып жылады.
«Қазижан, бермен келiп кет,
Мен қасқаны көрiп кет.
Ит пен құсқа жем қылмай,
Өз қолыңмен көмiп кет!
Жауып кет менiң бетiмдi,
Ит жемесiн етiмдi».
Сонда Қази сөйледi:
—Ұрды ма Құдай өзiңдi?
Естiмеймiн сөзiңдi,
Жаппаймын сенiң бетiңдi,
Көрейінші көтіңді.
Қой деп едiм қоймадың,
Айтқаныма болмадың,
Қарасай сенi кiм айтар
Қазидың деп ағасы,
Орақтың деп баласы,
Жiгiтке бұйым бола ма,
Қорғасынның жарасы?!
Жатамын десең, жатып қал,
Өлмек түгіл, қатып қал.
Сонда Қарасай ойлады:
«Мына залым бақпас,—деп,
Әкесiн жұтқан қақбас»,—деп,
Орынынан тұрады,
Қол-аяғын жияды.
Он екi қабат ақ жiбек,
Орай белiн буады.
Тайқара атқа мiнедi.
Қылышын алып жарқылдап,
Көк найзасы жылтылдап,
Соғыса бердi деп едi.
Тағы тидi қалың оқ,
Бұрынғы құлау, құлау ма?!
Шыныменен құлады,
Әдiлдi жоқтап жылады.
«Қарағым, Қази елге қайт,
Сорлы болған анаға,
Iнi менен ағаға,
Қазақ пенен ноғайға,
Сұрағанға сәлем айт.
Әжекем естен кетiрсiн,
Жолаушы кеткен мырзасын.
Тұлдап тiксiн ордасын,
Үш жылға дейiн үзбесiн
Құран шығар молдасын.
Бұйыртпады бұл Құдай
Мұсылманның қыр басын.
Қази аттан түстi өкiрiп,
Көзiнiң жасы секiрiп.
Таяуым да сен едiң,
Таянышым сен едiң,
Еркелеп саған жүремiн.
Өзiммен бiрге туғанмен,
Әкемменен тең едiң.