Қарасай—Қази (12-бөлім)
Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 3 мин оқу
Қарасай сонда күледi,
Күле сөйлей бередi:
—Қарағай садақ, қырық өзек,
Арыстан аш та, түлкi тоқ.
Айдаһар болса керегi
Қиын ба едi жылан боқ.
Мен анама барайын,
Құлағына салайын.
Дүнияда бар ма екен,
Шешемнен барып сұрайын.
Дүнияда бар болса,
Тақсыр, оны табайын.
Табылмайды жүрек деп,
Құйттай қылма уайым.
Кемпiрге салып келедi,
Үйде тұрып Қараүлек,
Шақыртты неге деп едi.
Қарасай сонда сөйледi,
Әңгiме дүкен құрады,
Кемпiрге мойнын бұрады:
—Дүнияның жүзiнде,
Жетi басты айдаһар
Бар ма екен деп сұрады.
Сонда кемпiр сөйледi:
—Алпыс күндiк жолы бар,
Алты күндiк шөлi бар,
Күйген таудың басында
Айдаһардың iнi бар.
Жетi басты айдаһар,
Сол арадан табылар.
Тайқара атқа мiн,—дедi,
Белiңе қару iл,—дедi,
Жатпай-тұрмай жүр,—дедi,
Ем бола қойса айдаһар.
Айдаһардың жүрегi,
Қабыл болса тiлегi,
Iстiң болса себебi,
Әпкелiп, қарғам, бер,—дедi.
Ел үшiн еңбек етедi,
Халыққа даңқың кетедi.
Халық үшiн қайыспас,
Сен сияқты ер дедi.
Тайқара атқа мiнедi,
Орақтан қалған ақ сауыт,
Мұны үстiне киедi.
Орақтан қалған бес қару,
Мұны да белге iледi.
Туғалы тiптi көрмеген,
Адам басып жүрмеген
Күйген таудың басына
Қарасай шауып жөнелдi.
Ол күнi жүрдi күнiмен,
Жана жүрдi түнiмен,
Кемпiрдiң айтқан сөзiмен.
«Абылай аспас асудан»
Аса жортып барады.
Түлкi жортпас түлейден
Түнде жортып барады.
Қия-қия, қия жол
Қиялап кетiп барады.
Әрi-берi жүрген соң
Астындағы Тайқара ат
От орынды тұяқтай,
Екi көзi шырақтай,
Ойнақтады лақтай.
Күйген таудың басынан
Қиғаштап келiп құлапты-ай.
Он бес күнге толғанда,
Күн төбеден ауғанда,
Қарасай қайтпас ер едi,
Он алтыға шыққан жылы едi.
Жер өртенiп, тас күйген,
Топырақ жанып, аспанға жалын тиген—
Соған салып келедi.
Жүрген сайын қара аттың
Жүрiсi ендi асады.
Жанып жатқан шоқтарды
Қар үстiндей басады.
Бiр түтiн аспанға шығады зырқырап,
Үңiрейген тесiктi көредi,
Таймай салып келедi.
Жер өртенiп, тас күйген,
Айдаһардың демi екен.
Үңiрейген тесiк дегенiм,
Айдаһардың iнi екен.
Шыққан түтiн дегенiм,
Айдаһардың демi екен.
Айдаһар айбаттанып ысқырады,
Алты таудың тасын құйрығына қыстырады.
Бiр тасты бiр тасқа ұрып шақылдатты,
Шақпақтай тастың отын жарқылдатты.
Аузынан қанды көбiк бұрқылдатты,
Оғындай найзағайдың жарқылдатты.
Олардың екi елi кез тiлдерi бар,
Тiлдерiн найзағайдай жылтылдатты.
Қарасай одан қайтпады,
Уайым шегiп, қайғы айтпады.
Айдаһар сонда сөйледi:
—Айдаһар деген мен едiм,
Едiгенiң тұқымы—
Қарасай деген сен едiң.
Дүниеде бiр зиян
Қайтпас қара бұлтың бар,
Сенiң тұқымың қылар деп едiм.
Келетiнiңдi бiлгенмiн,
Топырақты өртеп, тасты жандырдым,
Бұдан да сен қайтпадың.
Құйрығыммен жер сабап,
Жер өртеп, тасты жандырдым,
Бұдан да сен қайтпадың,
Қайтамын деп айтпадың.
Болмай тұр менiң тiлегiм,
Керек болды жүрегiм.
Ел айналған ердiң баласы
Сенен бiр тiлек тiлейiн.
Ер қадiрiн ер бiлед,
Ер бiлмесе кiм бiлед?
Атадан туған жөн бiлед,
Анадан туған тон бiлед.
Тiрi болса бiреуге,
Бiреуге-бiреу кез келед.
Жанымды шыбын тiлейiн,
Қарағым, саған не дейiн,
Құйрығымнан бiр елi кесiп берейiн.
Жерiгi содан қанар деп,
Мақсатты кемпiр болар деп.
Қарасай да ер едi,
Езiле тiлегенiн бередi,
Бiр елi құйрығын алады.
Бiр елi құйрығын кесiп бередi,
Бiр елi құйрығы—он пұт,
он қадақ шықты деп едi.
Құйрығын кесiп алады,
Бөктерiп артына салады.
«Алла, тізгінді оңғар!»—деп,
Ауылына қарай шабады.
Он бес күн жүрген жерiне,
Қуанғаннан Қарасай,
Жетi күнде барады.
Ақтолқынға бередi,
Нандай шайнап жеп едi,
Жерiгi сонан қанады,
Шырадай көзi жанады.
Алты айына толғанда,
Қарны болды қабақтай,
Бұты болды таяқтай.
Тоғыз айға толғанда,
Тұруға кемпiр зар болды.
Қарны кеттi қампайып,
Борбайы кеттi талтайып.
Еңкейе алмай кемпiрдiң,
Басы кеттi шалқайып.
Мезгiлiне толған соң,
Мезгiлдi күнi болған соң,
Кемпiр бiр күн толғатты.
Толғағы болды тым қатты.
Тоғыз күндей толғатып,
Туа алмады бұл кемпiр.
Кемпiр жатыр туа алмай,
Тууға себеп бола алмай.