Қарасай—Қази (26-бөлім)
Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 3 мин оқу
«Бәрi де аман-сау,—дедi,
Аман-есен бар»,—дедi.
Қарасай да келедi,
Көп ұзамай көредi.
Үстiнен берiп бiр шапан,
Қоржыннан берiп азығын,
Қалаға қарап жөнелдi.
Қалың талды аралап,
Суға талды жағалап,
Қази салып келедi.
Қалмақтың басы Қанжарбек
Ит жүгiртiп, құс салып,
Қалың талда жүр екен.
Қалмақтар сонда кеңестi,
Бөлiп жедi көмештi.
Қалмақтар қашты секектеп,
«Былтырғы қара атты
Келiп қалды, көтек!» деп.
Қашқанын Қази қойсын ба?!
Қара ат оған болсын ба?!
Бәрiн де ұстап алады,
Кез келген талға таңады.
Қанжарбек деген хандарын
Ат баурынан өткiзiп,
Қази жаман сабады,
Ауылға алып барам деп,
Қарыңды кесiп алам деп.
Ноғайдың жаман арбасын,
Мойныңа салам деп.
Арбаға өзiм мiнем деп,
Борбайыңды тiлем деп.
Қанжарбек хан жылады.
Бiр шыбын жанын сұрады:
«Ханыңды сенiң жазайын,
Ханыңның қарын салайын,
Алып едiм шауып-ай,
Отыр едiм бағып-ай,
Дәрiге түрлi малып-ай».
Сонда Қази сөйледi:
—Шын көңiлiңдi берсең, деп,
Дегенiме көнсең, деп.
Ақыреттiк дос болам,
Әдiлдiң қарын жазып берсең, деп,
Уәзiрiн аулына жiбердi.
«Жылдам ойбай барып кел,
Мыстанды барып алып кел,
Қарын жылдам салсын, деп,
Жан дәрiнi жақсын, деп,
Осы келген қонақтың
Қалай да бабын тапсын», деп.
Бiр уәзiрi келедi,
Кемпiрге сөйлей бередi:
—Кемпiр, жылдам жүр,—дедi,
Шабылатын болды ел,—дедi.
Келiп қалды былтырғы
Қарасай-Қази ер,—дедi.
Шошып кеттi бұл кемпiр,
Түрегелдi қу кемпiр.
Жан дәрiсiн алады,
Он саусақ пен екi қар,
Ақ сандыққа салады.
Ақ бураға мiнедi,
Кемпiр салып келедi.
Әдiлдiң қарын салады,
Жан дәрiсiн жағады,
Жетi күнде жазады.
Дәл жетi күн бiткенде,
Қарасай ер де құлады.
Хан Әдiлдi құшақтап,
Өкiрiп келiп жылады.
Екеуiнiң даусына,
Аспан жерге бiр тидi.
Дария шалқып, тас балқып,
Жерде жатқан тасиды.
Сонда Қази сөйледi:
—Қарасай, Әдiл, жылама,
Деңгейден өткен iстерiң,
Жылағанмен бола ма?!
Қайтпас қайрат, мұқамайтын ер,
Дүнияда болар ма?!
Салса балта өте ме,
Шағырлы таудың тасына.
Нелер кетiп не кетпейдi,
Ер жiгiттiң басына?!
Ақ болат едiң, Әдiл-ау,
Өзiңнен-өзiң жасыма.
Қайғы лайқат болар ма,
Сен сияқты асылға?!
Қайғы кетер күн болды,
Бiз келген соң қасыңа.
Әдiл тұрып ақырды,
Жанға өлшеген күрең деп,
«Шау»-лап келiп шақырды.
Ақ татырдың басында,
Құланмен бiрге жүр едi.
Әдiлдiң ащы дауысы,
Құлағына келедi.
Тiлектi Құдай бердi деп,
Көзiмнiң жасын көрдi деп,
Әдiл ердiң дауысы,
Құлағыма тидi деп,
Күрең ат шауып жөнелдi,
Хан Әдiлге келедi.
Маңдайына тәу етiп,
Танауынан Әдiл сүйедi.
Сонда Әдiл сөйледi:
—Қарасай-Қази, қос жайсаң,
Айтатұғын арыз бар,
Түсiретiн парыз бар,
Тiлегiмдi бер,—дедi,
Жазылдым ғой мен,—дедi.
Қызылбастың жауында
Алатұғын кегiм бар,
Кек алатын жөнiм бар.
Сонда Қарасай сөйледi:
—Жүр, баралық,—деп едi,
Сонда Қази сөйледi:
—Уәде қылдым мен,—дедi,
Уәденi бұза ма, мен сияқты ер дедi.
Бұл бейқұт жатқан ел,—дедi,
Алдауменен ұрынған бiз, дедi.
Хан Әдiлдi жазған соң,
Уәде берiп дос болдым,
Кел, елге жүр,—дедi,
Қарындасың, шешең,
Зарлап отыр, сағынып.
Соғысамын дегенiң,
Қарағым, Әдiл, нең, дедi.
Қази айтса, амал жоқ,
Гулесiп елге жөнелдi.
Тесiктен әрмен өткен соң,
Орта жолға жеткен соң,
Хан Әдiл тұрып сөйледi:
—Айналайын, Қареке-ау,
Мiнген атың көк,—дедi.
Еңбегiң бiзге көп,—дедi,
Сөзiм болмайды шет, дедi.
Бiреуiң елге барыңдар,
Зарланып, сағынып тұрған
Шешем менен Ылияның
Құлағына салыңдар.
Қайсысың бұрын барсаңдар,
Ылиядай қарғамды,
Сүйiншiге ал,—дедi.
Қази жолды бередi,
«Еңбегiң көп қой» деп едi,
Қарасай шауып жөнелдi.
Тап сол күнi Ақтолқын—
Хан Әдiлдiң шешесi
Сол күнi түстi көредi.
Ылияға сөйледi:
—Айналайын Iлия-ай,
Жалғызымның жолына
Садаға, қара орманым—дүния.
Тiлектi Құдай берiп жүр,
Көздiң жасын көрiп жүр.