Қарасай—Қази (22-бөлім)
Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 2 мин оқу
Қарасайды көтерiп,
Қази алдына алады.
Орақтың екi баласы,
Бiрiн-бiрi алып барады.
Қыдырбайдың Қобыланы,
Бiр жаңғызға—бiр жаңғыз,
Әдiл жалғыз, мен жалғыз,
Туысқан жоқ, тума жоқ,
О да мендей қу жалғыз.
Сол Әдiлдi алам, деп,
Сүйегiн соның табам, деп,
Сүйегiн таппай Әдiлдiң,
Елге қалай барам, деп.
«Әдiл қайда?» дегенде,
Ел бетiн не деп көрем,—деп,
Не деп жауап берем?—деп.
Өзектi жанға бiр өлiм,
Уақытым жетсе, өлем, деп.
Жетi күн соғыс салады,
Дәл сегiз күн болғанда
Қызылбас Қобыландыны қамады.
Үстiне торды жаяды,
Қайраты көп, аңқау ер едi.
Аңсыз шауып жүргенде,
Торға түстi деп едi.
Торды машинамен бұрады,
Астындағы тор бестi
Тырп етуге жайы жоқ,
Төрт тағандап тұрады,
Қобыланды сонда ойлады.
Жалғыздыққа жарық жоқ,
Кедейлiкке налу жоқ,
Әттеген-ай жалғыздық!
Ноғайдың бәрi кеттi деп,
Басының қамын еттi деп,
Атадан жалғыз туды деп,
Тапсырған жоқ едi маған-ай.
Нәсiлi бiрге ноғай ғой,
Атадан екеу туды деп,
Тапсырып едi Қарасай мен Қазиға.
Мен Әдiлдiң жалғыздығына қалдым деп,
Бейнеттi мұндай болдым деп.
Жалғыз келiп едiм ұлтымнан,
Келетiн кiсi жоқ қой артымнан.
Жалғыздықтың зарпынан,
Осыны айтып долданды.
Сол жіберiп торы атты,
Ат үстiнде қозғалды,
Ақырып келiп ырғалды.
Жайып қойған торларын
Шуда жiп құрлы көрмедi,
Бiр тартуға келмедi.
Торы бестi атты тебiнiп,
Шыға келдi желiгiп,
Аулына қайтып жөнелдi.
Қази Қарасайды бағады,
Жапалақты жапан көл,
Алып барып салады.
Көлдiң бетi қан болып,
Қанды су болып барады.
Жау дәрiсiн жағады,
Жазылмай кетiп барады.
Бiр тышқан суға келедi,
Ол тышқанды талаған,
Мысық залым деп едi.
Тышқанның үстiнде
Жарасы көп деп едi.
Судан келiп ол тышқан
Көлден шөптi алады,
Жарасына жағады,
Жарасы тышқан жазылды.
Жүгiрiп барып қу Қази,
Шөбiн тартып алады,
Қарасайдың жарасына жағады,
Қарасайдың жарасы жазылды,
Дауасы сонан табылды—
Тышқан емес, Қарасайдың пiрi екен.
Шөп емес, «тамыр дәрi» деген шөп екен, жаралы кiсi тамыр дәрi iшу содан қалған жөн екен, Қарасай саламаттанды, жазылды,
Әдiл орда қалынды.
Қарасай тұрып сөйледi:
—Айналайын, Қазижан,
Хан Әдiлге баралық,
Әдiлдi тауып алалық.
Әдiлдi жауға бiз тастап,
Елге қайтіп баралық,
Елге не деп барамыз?!
«Әдiл қайда?»—дегенде
Не деп жауап табамыз?
Ұят пен өлiм бiр едi-ау,
Ұялып өлiп қалармыз!
Сонда Қази сөйледi:
—Әдiлiң құрсын, бармаймын,
Әдiлдi жаудан алмаймын.
Әдiлдiң сөзi өттi деп,
Жетi атамнан берi қарай,
Менi боқтап, сөктi,—деп—
Қарасай үш айтты, Қази үш айтты. Қарасай-Қази аулына қарап жөнелді. Тiлiн алмаған соң Қарасайдың амалы болмады деп едi, әскерлер елге барулы.
«Әдiл орда қалды,—деп,
Қарасай-Қази, Қобыландыны,
Қызылбас ұстап алды,»—деп,
Ахмет қайтып барады,
Осыны елге жаяды.
Әдiлде бар тоқсан құл,
Тоқсан құлы кеңестi:
«Тiлектi Құдай берген ғой,
Көздiң жасын көрген ғой,
Әдiл анық өлген ғой,
Бiзге теңдiк тиген ғой.
Жүйрiк болса сыналық,
Семiз болса былалық,
Жорғасын ханның мiнелiк,
Қырмызы болса киелiк.
Ылиядай сұлуды
Көңiлiмiз сүйгенi—
Сонымыз барып сүйелiк».