Қарасай—Қази (5-бөлім)
Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 2 мин оқу
«Шу»,—дедi де аулына қашып жөнелдi.
Айтқан ауыз жұмғанша,
Ескен желдер тынғанша,
Қарасай келдi ақырып.
Қойға тиген бөрiдей,
Келген жерден жапырып.
Қарсы келген қалмақты
Қағып тастап барады.
Кесе келген қалмақты
Кесiп кетiп барады.
Шапшаң-шапшаң қалмақты
Шаншып кетiп барады.
Қалмақтың бәрi айдарлы,
Асыл туған Қарасай
Айқастырып байлады.
Қалмақтар бәрi шалбарлы,
Арыстан туған Қарасай
Шалбарлыны жалмады.
Бесiнде келген Қарасай
Күн батпай-ақ жылқыны жаудан айырды,
Кейiн қарап қайырды.
Есiктiң алдын тал көрдi,
Балшықты жер, жар көрдi.
Соғыспай қалмақпен қалуға,
Қарасай өзiне-өзi ар көрдi.
Қарусыз барып, соғысты,
Балалықтың зарпынан,
Жан бармады артынан.
Қолындағы құрықтың,
Тек тұтамдайы қалып жүр.
Қарсы келген қалмақтың
Қаруын тартып алып жүр.
Қалмақтың мықты қаруы,
Өзiне бәле болып жүр.
Жетi күн соғыс салады,
Қалмағы құрғыр көп екен,
Ауыр әскер, қол екен—
Қарусыз соғыс салады.
Орақтың жетiм баласы-ай,
Үш мың кiсiдей қалмақтың шамасы-ай,
Жарма жарын алады,
Жарма жары қалады.
Қызыл жарлы түбекке
Қарасайды қамады.
Бiр жағы терең су екен,
Бiр жағы биiк жар екен.
Әдiра қалғыр, сол жердiң
Оппа балшық бар екен.
Жамалдағыр Тайқара ат
Жалтақтап шауып жүргенде
Оппаға барып құлады.
Асыл туған Қарасай
Аттан түсе қалады.
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Көзiнен ағып қанды жас,
Қолында жоқ қаруы,
Жерден алып қара тас,
Қара тас алып соғысып,
Атын бермей бағады.
Үйде жатып апасы түс көредi:
Мамық төсек үстiнде,
Жатыр едi шешiнiп,
Жатыр едi көсiлiп,
Шошып кетiп түсiнен,
Тұра келдi өкiрiп,
Көзiнiң жасы секiрiп,
Тұра келiп сөйлейдi:
—Текемет ойдым, түр салдым,
Қырмызы алдым, зер салдым,
Жасаған Құдай,
Қайта-қайта зарлатып,
Мен қасқа сенiң неңдi алдым?!
Басыңды көтер, қу Қази,
Қуарып туған, сен Қази!
Қарағым жауға кеткенде,
Ұйықтағаның нең, Қази?!
Бiр түйеде екi өркеш,
Бiрiнен соң күшi жоқ.
Бiр биеде екi емшек,
Бiрi кетсе сүтi жоқ.
Бiр маңдайда екi көз,
Бiрiнен соң жарық жоқ.
Бiр иiнде екi қол,
Бiреуi кетсе қару жоқ,
Қарасай қарғам нағып жүр?!
Сәуелiм шайтан болмаса,
Қапаланып қамалып,
Қарағым қатты налып жүр,
Ортаға дұшпан алып жүр.
Үстi құтсыз ит едi-ау,
Тайқара аттың үстiнен
Қарағым түсiп қалып жүр.
Атамнан қалған төрт бүркiт
Бауырымды бағып жүр.
Қази көтерiп басын алады,
Кемпiрге көзiн салады:
—Мен мiнетiн мамекеай,
Ат бар ма?—деп сұрады-ай.
Ат сұраған баланы
Жүгiрiп келiп Қараүлек,
Таяқпенен ұрады-ай.
Салса балта, өте ме
Шағырлы таудың басына?!
Нелер кетiп, не кетпейдi,
Ер жiгiттiң басына.
Қуарып туған қу Қази,
Болат едiң, жасыма!
Қарасай атқа мiнгенде,
Жау қарасын көргенде,
Жауды көрсе жасқанып,
Тұратын ба едi Едiгенiң тұқымы?!
Қызықпенен кiргендi,
Көп болғанда шiркiннiң,
Қаруы жоқ, қапшығы жоқ,
Азырақ сасып жүрген-дi.
Тұра сала қу Қази
Белiне жүген салады,
Қолына тоқым алады,
Жылқыны қарап жөнелдi.
Көп құдықтың басында,
Көп астаудың қасында
Отыр екен тоқсан құл,
Құлға салып келедi,
Құл бастығы Құлтай құл
Еңiреп қоя бередi:
—Жақсыдан қалған тұяғым,
Жетiм қалған лағым.