Қарасай—Қази (8-бөлім)
Қарасай-Қази · Сейіт жырау нұсқасы · 2 мин оқу
Қанын судай ағызып,
Жердiң бетiн бояды.
Мұны көрген қалмақтар,
Сүйегiн алмақ болады.
Айғай-сүрен көтерiп,
Батырға қарай шабады.
Тiрi қалмақ жиналып,
Майданға түгел толады.
Қарасайды өлтiрiп,
Кегiн алмақ болады.
Қалың қалмақ қаптады,
Қарасай қорқып саспады,
Сасқалақтап қашпады.
Қайраты асып үдедi,
Жапырақтай таптады.
Шошығаннан көп қалмақ,
Жүректерiн аптады.
Қылыш жетер жерлерiн
Қиып кетiп барады.
Найза жетер жерлерiн
Iлiп кетiп барады.
Садақ жетер жерлерiн
Тартып кетiп барады.
Өлексесiн қалмақтың
Үйiп кетiп барады.
Дүзден дүзеп аттарын,
Түйiп кетiп барады.
Жалғыз батыр айқасып,
Бояды қанға даланы.
Соғыса алмай тiрiсi,
Түз-түз қашып барады.
Осылай да, осылай,
Зым-зия боп тарады.
Тiзгiн тартып Қарасай,
Маңайға ендi қарады.
Көрiнбейдi бұл маңға,
Ешнәрсенiң бары.
Өзi келiп сұратқан,
Жауды осылай қырады.
Алысар жау болмаса,
Несiн ендi тұрады.
Қайтпақ болып ауылға,
Ат басын кейiн бұрады.
Жауын жеңiп бұл жолы,
Тәңiрiмiз жебедi.
Айбаттанып жас батыр,
Ауылға қайтып келедi.
Кейде шауып ысқырып,
Кейде орғытып желедi.
Алдынан шығып Айжа қыз,
Иiлiп сәлем бередi.
Басын ұстап атының,
Ордағы ертiп келедi.
Қайтып келiп үйiне,
Есiк ашып кiредi.
Ендi өзiне қалғанын
Бұл орданың бiледi.
Қайта шығып, Айжаның
Отауына түседi.
Санатын көрiп батырлық,
Түрлi тағам iстедi.
Жетпiс күн түстеп қалмақта,
Елi есiне түседi.
Сәттi күнi үй жығып,
Өз елiне көшедi.
Айжа түйе жетелеп,
Қарасай жүрді төтелеп.
Талай таулар жол жүрдi,
Ерте көшiп, жай түнеп.
Сүйген жары Айжаны
Мiнгiзiп атқа мәпелеп,
Шөлiркетiп шөлдетпей
Елiне аман әкелед.
Аман келiп үйiне,
Анасы шашу шашады.
Бауырына басып баласын,
Сағынған мауқын басады.
Атынан түсiп Қарасай,
Мамайдiкiне келедi,
Қуанып үйге енедi.
Төрде отырған Мамайға
Тағзым қып сәлем бередi.
Разы болып қарт Мамай,
Маңдайынан сүйедi.
Басынан өткен iстердi
Түгел айтып бередi.
Желiлеп бие байлайды,
Еңсесi биiк ақ орда
Мүкамал iшi жайнады.
Қарасайдың хабары
Жан-жаққа тегiс тарады.
Тастап кеткен көп ноғай
Өкiнiшке қалады.
«Күнәмiздi кешсiн»,—деп,
Араға елшi салады.
Он санлы ноғай iшiнде
Баян деген биi бар,
Ақылға соны алады.
Елу кiсi бас қосып,
Қарасайға барады.
Баян келiп алдына,
Батырға тiке қарады.
Суырылып шешен тiл,
Сөз жүйесiн табады.
Сонда Баян сөйледi,
Сөйлегенде бүй дедi:
—Жаңылма, дедi, қызыл тiл,
Баққа өскен сiз бiр гүл.
Көркiңiзге сүйiнiп,
Сайрап тұрған бiз бұлбұл.
Кемшiлiк болды елiңде,
Бас алсаң да өзiң бiл.
Жiберiп тұр елiңiз,
Өзiң батыр, өзiң бiл.
Соны айтып Баян жылады,
Көздiң жасын бұлады.
—Сәлем айтып елiңiз,
Көп кешiрiм сұрады.
Өзi болсын елiнiң
Сүйенер арқа тiрегi.
Көшiрiп ендi елiмiз—
Осы едi елдiң тiлегi.
Батырға айтқан сөз басын,
Соның өзi бiлiндi,
Деп жiберiп елiңiз,
Осыны айт деп едi.
—Баяннан ел тiлегiн түгел оқытты,
Елiмсiз не қыламын батырлықты?!
Дедi де Қарасай ертеңiнде
Көшуге ел жаққа үйiн жықты.
Қарасай сонымен елге көштi,
Қадiрлеп ел мен жұрты батыр дестi.
Той жасап батыр үшiн елi жатты,
Осымен тамам еттiк бұл кеңестi.