Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (6-бөлім)

Қарасай-Қази · Сейіт жырау нұсқасы · 2 мин оқу

Сонан бiр кез болғанда,
«Өндiршектiң басы», деп,
«Өлер жерiң осы», деп,
«Шұрқылтайдың тұсы», деп,
Қайраттанып Қарасай,
Балжанға найза салады.
Ат үстiне тiредi,
Ырғып-ырғып бұрады.
Бадана кеттi сөгiлiп,
Арам қан ақты төгiлiп,
Балжан басы қайқайып,
Ат саурына сұлады.
Толғап-толғап қалғанда,
Ат үстiнен құлады,
Жерге барып тұрады.
Дулығасын Балжанның
Шаншып алып басынан,
Найза ұшына iледi.
Мұны көрген екiншi
Ердi батыр келедi.
Оның дағы сазайын
Қарасай батыр бередi.
Осылай да, осылай,
Он сегiз батыр келедi.
Бәрi дағы жер құшып,
Бiрi қайтпай, өледi.
Тағы да сайыс жалғасып,
Он шақты кезек өтедi.
Шуылдасып қалмақтың,
Сүрен бетi кетедi.
Сүрен салып көп қалмақ,
Барлығы лап етедi,
Қалмақ қаптап кетедi.
Бiрiн iлiп Қарасай,
Бiрiн түйреп өтедi.
Сансыз сауыт сөгiлдi,
Қандар сондай төгiлдi.
Домалап бастар кесiлдi,
Болат қалқандар тесiлдi,
Қылыш қиып барады,
Талай боздақ, есiлдi.
Кейбiреулер қан құшты,
Кейбiреулер жан құшты.
Қан боп ақты жер үстi,
Тiлерсектен қан кештi.
Қабырғалар қайысты,
Аттың белi майысты.
Иесiз аттар шұрқырап,
Тасыр-тұсыр шабысты.
Тозаң бүркеп күн көзiн,
Көрсетпейдi алысты.
Қас қарая тоқтатты,
Осы күнгi сайысты.
Болды тағы қан майдан,
Ертеңiнде жалғасты.
Мiне, осылай күн мен түн
Сегiз тәулiк алмасты.
Қарасайды бұл жолы
Тәңiрiмiз қорғады.
Неше тәулiк болса да,
Қалжырадым демедi.
Түн ұйқысын төрт бөлiп,
Тұшына тағам жемедi.
Сегiз тәулiк болғанда
Жал басына түнедi.
Ұйықтап кеткен Қарасай
Бiр ғажап түс көредi.
Ақ боз ат мiнген әкесi
Жанына жақын келедi.
«Жатпа, балам, оян»,—деп,
Түсiнде аян бередi,
Сонда әкесi не дедi?
—Дұшпаның көрер көресiн,
Сазайын бүгiн бересiң,
Айжаға аман барасың,
Қырылып қолы Текшiнiң,
Қыздырарсың егесiн.
Жеңiсiңе мастанба,
Абдыранба, бастанба,
Мамық жастық жастанба.
Алмасаң осы ақылды,
Қаларсың балам қапыда.
Бiр тосқауыл болғанда,
Өр көкiрек асқанға,
Жазатайым оқыс көп,
Сасқалақтап сасқанға.
Бұл сөзiме мақұл деп,
Бiр қатер бар алдыңда,
Балам соған бақыл бол.
Ол қатерден қорықпа,
Үмiт үзiп тарықпа.
Садақа сауға бергейсiң,
Қарiп-ғасыр жолықса.
Оңғарсын Алла жолыңды,
Бес қаруыңды толықта.
Дейдi дағы әкесi,
Ат басын керi бұрады.
Ұйықтап жатқан Қарасай
Орнынан атып тұрады.
Маңайына қарады,
Ғайып бопты әкесi
Жанындағы жаңағы.
Ағарып таң келедi,
Есiп қоңыр самал.
Апыл-ғұпыл Қарасай
Атқа тоқым салады.
Ақ жол тiлеп Алладан,
Қаруын қолға алады.
Ерте қонып атына,
Маңайын ендi шалады.
Сыйынып Аллаға,
Майданға ендi барады,
Жауға қарсы шабады.
Сүрен салып қалмақпен,
Күн бойы соғыс салады.
Қынадай қырылып көп қалмақ,
Торғайдай тозып барады.
Күн батарда тiрiсi
Жан сауғалап тарады.
Әкесi түнде түсiнде
Жетесiң бүгiн,—деп едi.
Сол аяны әкенiң
Айтқанындай келедi.
Қолдауына атаның
Ендi шындап сенедi.
Сене осылай Қарасай,
Соғысқа келген қалмақтың
Сыбағасын бередi.
Күн батқанша соғысып,
Қалың қолын Текшеннiң
Ойыстыра жеңедi.
Ойнақтатып тұлпарын,
Кеште қайтып келедi.
Айжа шығып алдынан,
Иiлiп сәлем бередi.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз