Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (7-бөлім)

Қарасай-Қази · Сейіт жырау нұсқасы · 2 мин оқу

Қарасай үйде жатады,
Қызыққа әбден батады.
Ауылға батып келе алмай,
Текшiң аңдып жатады.
Түн сағағы сөгiлiп,
Сiбiрлеп таң атады.
Қалаға шығып Қарасай,
Атырапты байқады.
Шалып қалып бiр әскер,
Текшiнге келiп айтады.
Сонда Текшiн шiренiп,
Толғап садақ тартады.
Көздеулi жерден жебесi
Жаза тайып кетедi.
Таң сәрiде осылай,
Батырды жазым етедi.
Қарасайға тиген оқ,
Бұғанадан өтедi.
Жан ұшырып Айжа қыз,
Қасына оның жетедi.
«Не боп қалды, жан қалқам?»
Деп батырдан сұрады,
Көзiнiң жасын бұлады.
Батырды ыза кернедi,
«Мынаны жұлып ал»,—дедi,
«Жараны орап таң»,—дедi.
Сонда Айжа қарады,
Жебенi жұлып алады.
Сұлу қатты сасады,
Күйгiзiп киiз басады.
Дәрi-дәрмек себедi,
Жарасын таңып бередi.
«Ендi үйге жүрiңiз,
Шықпа батыр»,—деп едi.
Оған ырық бермейдi,
Ашулы арыс қас батыр
Екi сөзге келмейдi.
«Жiбер менi, сен»,—дедi,
Қолды бiрақ сермедi.
Қатулана ақырып,
Жасырынып жатқан Текшенге
Алысуға кел дедi.
«Қарасай мерт болды,—деп,
Ендi сәтi келдi,—деп,
Осы жолы өлдi»,—деп,
Кең танауы желбiреп,
Айжа сынды сұлуың,
«Менiкi ендi болды»,—деп,
Текшiн шықты атылып,
Қара аюдай бақырып,
Былдыр-былдыр қалмақша,
Өз ұранын шақырды.
Қарасайды басына
Жетiп келiп қасына.
Қарамай ай-шайға,
Тарпа басты асыға.
Қарасай Текшен күрестi,
Ойылысып тiрестi,
Қолдарымен қағысты.
Қағыса алмай сiресiп,
Арыстандай ақырды,
Бiрiн-бiрi шалысты,
Бурадайын қағысты.
Топырақ шашып бұрқады,
Қара жердi тарпысты.
Бұлшық еттер бұлтылдап,
Бiрiн-бiрi қарпысты.
Түске дейiн алысты,
Қолдары әбден қарысты.
Тырысады батырлар,
Жiбермеуге намысты.
Омыртқалары иiлiп,
Қабырғалар қайысты.
Жараланған иыққа
Текшiн ендi жабысты.
Қарасай жүр қорғанып,
Иықтан қаны сорғалап.
Тiркескенде жас бала
Сiрескен белi қайысты.
Шытығанда ит қалмақ,
Бұғанасы майысты.
Жаны алқымға тығылды,
Демi қатты сығылды.
Басы айналып Қарасай,
Демегенмен жығылды.
Тәлтiректеп аяғы,
Үш мәрте сүрiндi.
Бұрып барады Текшендi,
Босаңсытпай сығуды,
Қанталады еттерi,
Аппақ қардай бұрынғы.
Құлақтары шыңылдап,
Сай-сүйегi сырқырап,
Құрығандай буыны,
Қол-аяғы дiрiлдеп,
Қарауытты көздерi.
Сонда есiне келедi,
Әкесiнiң сөздері.
Батыр сонда селк еттi,
Есiн жиып селт еттi.
Сүрен салған бiр дауыс,
Құлағына кеп жеттi.
Орақ батыр ақырды,
Қарасай деп шақырды.
«Жебе,—дедi,—Раббым,
Бұл өскен батырды».
Буырқанып долданып,
Қарасай ендi ашынды.
Шақыр-шықыр тiстерi,
Азуы қатты басылды.
Арыстандай қатулы,
Жер жаңғыртып ақырды.
Қайратын жиып бойына,
Жолбарыстай атылды.
Асаудайын бұлқынды,
Аюдайын жұлқынды.
Айдаһардай бүрiнiп,
Самұрықтай сiлкiндi.
Қабағынан қан жауып,
Бүркiттейiн түйiндi,
Төне түсiп шүйiлдi.
Айдарынан Текшендi
Ұршықтайын үйiрдi.
Ауп, деп бiр кез Қарасай
Қос қолымен сарт еттi.
Текшен сындай батырдың,
Аш белiнен қапсырды.
Күрс еткiздi Текшендi,
Көтерiп жерге ұрады,
Мойнын қылша бұрады.
Басып тұрып кеудеден,
Алқымға қол салады.
Қолқа, жүрек, бауырын
Суырып бiр-ақ алады.
Ұстап тұрып айдарын,
Басын кесiп алады.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз