Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай, Қази (6-бөлім)

Қарасай-Қази · Ш. Кәрібаев нұсқасы · 2 мин оқу

Тасқа шапқан пышақтай,
Жерге қаққан жебедей,
Таңда шапқан немедей
Бұ да адыра қалады.
Қой жауырын қол масақ
Екеуі тұрып атысты,
Саржаларын тартысты.
Сауытқа тиіп, тақылдап,
Оты шығып, жарқылдап,
Бұ да адыра қалады.
Бес қаруды тауысты,
Ат үстінен алысты,
Екеуінің аты да
Шөге-шөге қалысты.
Аттан түсе қалады,
Беліне шынжыр салады.
Енді екеуі алысты,
Айғыр, нардай шайнасып,
Жағаласты салысты.
Қарасай тұрып ақырды,
Ақырған ащы дауысы
Тау үстінде қара тас,
Шыққан шөпті жапырды.
Манағы айтқан Қызылбасты
Көтеріп алып, үйірді.
Етегімен, жеңімен,
Қызылбастың лебімен,
Борансыз Көк қасқа ат
Омақа асып жығылды.
Қызылбас жерге тарс етті,
Қара жер де солқ етті,
Топырағы бұрқ етті.
Аузынан қаны жылп етті,
Салмағымен жығылып,
Іші-бауыры шырқ етті.
Басын кесіп алады,
Қанжығаға таңады,
Тесіктен кіріп, еркіндеп,
Ханға келді бүлкілдеп.
Қызылбасқа өтуге
Жеті батыр бөлінді.
Ең әуелі кім жүрді?
Қарасай, Қази ер жүрді.
Тесіктен бастап кім кірді?
Қарасай, Қази ер кірді,
Екеуі қатар тең кірді.
Қази менен Қарасай
Туларын қолға алады,
Екеуінің тұлпары
Он екі қабат орлардан,
Тоқсан қабат торлардан
Ор текедей ырғыды.
Әділ орда қалыпты,
Мінген аты Күрең-ді,
Жетеуінің соңынан
Жалғыз шауып келеді.
Тоқсан қабат торынан
Аман-есен өтеді,
Он екі қабат орына
Екпінімен аттың жетеді.
Өмілдірік үзіліп,
Әділ орда қалады.
Ахмет мінген Тарлан ат
Омақса құлады.
Құлап жатқан жерінде
Ахметтей шалыңды
Қызылбастар қамады,
Қара таспен сабады.
Ахмет сонда ақырды,
Қолтығынан оқ тиіп,
Қара қанды қақырды.
«Шалдың даусы екен»,—деп,
Шауып жетіп келеді,
Көтеріп шалды жерден
Қобылан алады.
Қобыланның жүрген жағынан
Сарқыраған қан шықты.
Қазидың жүрген жағынан
Тырп етпейді, шаң шығады.
Қарасай жүрген жағынан
Ойбайлаған шу шығады.
Өнгесінің жүрген жерінен
Ай тозаңы шаң шығады.
Ағысты Қази қарады,
Жығылып-тұрып жүр екен.
Омыртқадан он жара,
Қабыртқадан қырық жара,
Тек шықпаған жаны бар,
Шүмектеп аққан қаны бар.
Көтеріп аттан алады,
Сонда Қази ақырды,
«Әуез-ау!»—деп шақырды.
Телағыс көзін жұмып-жұмып қалып жүр,
Шүмектеп қаны ағып жүр.
Салып келді ер Әуез,
Қойны-қонышы оққа толыпты,
Жаралы о да болыпты.
«Ағысты қосқа алып қайт,—деді.
Біз қайтпаймыз омақа асып құлағанша,
«Қайтамыз деп айтпаймыз».
Әуез Ағысты алып жөнелді,
Арада үш күн өткен соң,
Құбығұл ерге оқ батты.
Құбығұл аттан құлады,
Үстіне келіп ер Қобылан:
«Бауырым!»—деп жылады.
Атына Құбығұлды мінгізіп,
Тізгінін беріп қолына,
«Ерсің ғой, мықтап бекін»,—деп,
Қайтадан салып жіберді
Қосқа қайтар жолына,
Әуездің ертті соңына.
Үшеуі қалған долданды,
Ісі келмей оңына,
Қабырғадан қан болды,
Тебінгіден тер болды,
Елді жерлер көл болды,
Жердің жүзін қан алды.
Күн сәскеге толғанда,
Тайқара аттың үстінен,
Өкпеден жеті жерден оқ тиіп,
Қарасай, қанатын жайып құлады.
—Қазижан, бермен келіп кет,
Өз қолыңнан көміп кет.
Сонда Қази сөйледі:
—Қарасай сені кім айтар
«Қазидың,—деп,—ағасы,
Орақтың,—деп,—баласы!»

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз