Қарасай, Қази (7-бөлім)
Қарасай-Қази · Ш. Кәрібаев нұсқасы · 4 мин оқу
Жігітке бұйым бола ма
Қорғасынның жарасы?!
Орнынан тұрады,
Қол-аяғын жияды.
Он екі қабат ақ жібек
Белін орай буады.
Тайқара атқа мінеді,
Қылышын алып, жарқылдап,
Көк найзасы жалтылдап,
Соғысайын деп еді,
Тағы тиді қалың оқ.
Бұрынғы құлау құлау ма?!
Шыныменен құлады,
Әділді жоқтап жылады:
«Қарағым—Қази, елге қайт,
Сорлы болған анаға,
Іні менен ағаға,
Қазақ пенен Ноғайға,
Сұрағанға сәлем айт!»
Қарасайды көтеріп,
Қази алдына алады,
Орақтың екі баласы
Бірін-бірі алып барады.
Қыдырбайдың Қобыланы
Жеті күн соғыс салады,
Дәл сегіз күн болғанда
Қызылбас Қобыландыны қамады,
Үстіне торды жаяды.
Аңсыз шауып жүргенде,
Торға түсті деп еді,
Астындағы торы бесті
Тырп етуге халі жоқ,
Төрт тағандап тұрады.
Салып жіберіп торы атты,
Ат үстінде қозғалды,
Ақырып келіп, ырғалды,
Жайып қойған торларын
Шуда жіп құрлы көрмеді,
Бір тартуға келмеді,
Торы бесті атты тебініп,
Шыға келді желігіп,
Аулына қайтып жөнелді.
Қази Қарасайды бағады,
Жапалақты, Жаманкөл
Алып барып, салады.
Көлдің беті қан болып,
Қанды су болып барады,
Жау дәрісін жағады,
Жазылмай кетіп барады.
Бір тышқан суға келеді,
Ол тышқанды талаған
Мысық залым деп еді.
Тышқанның үстінде
Жарасы көп деп еді.
Судан келіп ол тышқан
Көлден шөпті алады,
Жарасына жағады,
Жарасы тышқан жазылды.
Жүгіріп барып қу Қази,
Шөбін тартып алады,
Қарасайдың жарасына жағады.
Қарасайдың жарасы жазылады,
Дауасы сонан табылады.
Тышқан емес, Қарасайдың пірі екен,
Шөп емес, тамыр дәрі деген шөп екен.
Қарасай саламаттанды, жазылды,
Әділ орда қалынды,
Қарасай, Қази аулына қарап жөнелді.
Қарасай салып келеді,
Ілияны көреді.
Сонда Ілия сөйледі:
—Қолыма алдым шар айна,
Қылыш, мылтық, бар найза.
Аманат қылған жалғызым,
Қарасай, қасындағы хан қайда?!
Сонда Қази сөйледі:
—Өлген жоқ, тірі-ау,—деп,
Алып келем мен-ау,—деп.
Келгенше балаң бағамын,
Бабыңды кемпір табамын,
Дұшпаннан кегіңді аламын.
Атымды болса, аунатып,
Өзім болсам, қунаймын,
Есімді әбден жинаймын,
Қайта айналып барамын,
Әділді жаудан аламын!
III
Бұлар кетіп қалған соң,
«Қалған Ноғай бар ма?»—деп,
Қызылбастың тірісі
Ор жағалап жүр екен.
Жатыр екен хан Әділ,
Қызылбас тауып алады,
Тас кесекпен сабады,
Жіберілген тас кесекті
Әділ қағып алады,
Өзімен соғыс салады.
Жеті күндей соғысты,
Жеті жүз қалмақ алады.
Бір қасық судың жоғынан
Таңдайы кеуіп хан Әділ,
Еңбектей барып құлады.
Құлап жатқан жерінде
Шынжырдан бұғалық салады.
Алты нарға сүйретіп
Хан Әділді ордан алады,
Қол-аяғын таңады,
Қырық пұттай тас байлап
Көк теңізге салады.
Шикі өкпедей қалқыды,
Мұнан да өлмей қалады.
Қол-аяғын таңады,
Алпыс түйе сексеуіл
Алып барып, жағады,
Талтаңдатып ханыңды
Қызыл шоққа салады,
Мұнан да өлмей қалады.
Үш жүз тоқсан жасаған,
Азу тісі босаған
Қу мыстан деген кемпір бар,
Мыстаннан ақыл сұрады,
Сонда мыстан сөйледі:
«Сүйегі шойын, терісі болат неме екен.
Тоғыз бие сойыңдар,
Тоғызы да—ту бие,
Қара көк пен сұр бие
Тай қазанға салыңдар,
Тас көмірді жағыңдар.
Майға бөлеп, балқытып,
Қарын кесіп алыңдар».
Кемпірдің сөзі ұнады,
Жеті күн майға қайнатып,
Екі көзін жайнатып,
Зығырын оттай қайнатып,
Қарын кесіп алады.
Жеті бура сояды,
Қабаттап көнін тігеді,
Үші біздей ақ болат
Қу жебені қағады.
Көк арбаны жегеді,
Қу жебелі көндерді
Қамыт қылды деп еді.
Жатыр еді бір күні,
Бабасы келіп сөйледі:
—Мінемісің үстіме?
Алып кетейін, балам-ай.
Сонда Әділ сөйледі:
—Тіліңді, бабам, алмаймын,
Он саусақ пен қарым жоқ,
Сопайып елге бармаймын.
Осы күні бейне бір
Бұтағы кеткен талдаймын.
Бабам болсаң сен,—деді,
Берменірек кел,—деді,
Қанатыңды бер,—деді,
Қасыма таман кел,—деді.
Қанатына хат жазып,
Жерден, асап, саз алып,
Тілімен жазып жіберді,
Қарақұс ұшып жөнелді.
Күндіз-түні ұшқанда,
Тоқсан бір күн толғанда,
Үш ай да бір күн болғанда,
Шынтемір тіккен боз үйдің
Көлеңкеге қонады.
Үйден шығып Ілия
Қарақұсты көреді,
Көре сала келеді.
Жүгіріп келсе, Ілияға
Қанатын соза береді.
Қанаттағы хатын-ай,
Әділдің танып атын-ай,
Ілия айғай салады-ау.
Қарасай мен Қазидың
Жүрем деген күні еді.
Қарасай мен Қазиға
Ілия айтып береді.
Таң атуға тұра алмай,
Хабарын естіп, шыдамай,
Қарасай, Қази—қос жайсаң:
«Шүу»,—деді де, жөнелді,
Қалмаққа салып келеді,
Етпеттен жатыр хан Әділ.
Қази аттан түсе қалады,
Мойнындағы арбаны
Көтеріп, жерге ұрады.
Мойнындағы көнін-ай,
Жебедей қаққан темірді-ай.
Тойтара қаққан шегені
Тісімен дал-дал қылады.
Қарасай да келеді,
Қалмақтар секектеп,
«Былтырғы қара атты
Келіп қалды, көтек!»—деп.
Бәрін де ұстап алады,
Кез келген талға таңады.
Қанжарбек деген хандарын
Ат баурынан өткізіп
Қази жаман сабады.
Қанжарбек хан жылады,
Бір шыбын жанын сұрады:
«Ханыңды сенің жазайын,
Ханыңның қарын салайын»
Уәзірін аулына жіберді:
«Жылдам, ойбай, барып кел!
Мыстанды, барып, алып кел!
Қарын жылдам салсын!—деп,
Жан дәріні жақсын!»—деп.
Кемпір салып келеді,
Әділдің қарын салады,
Жан дәрісін жағады,
Жеті күнде жазады.
Ақ татырдың басында
Құланмен бірге жүр еді,
Күрең шауып жөнелді,
Хан Әділге келеді,
Гулесіп елге жөнелді.
Тоқсанға келген Сыпыра—
Ноғайлының жырауы
Домбыра қолға алады,
Оңнан, солдан қағады,
Сыпыра толғап алады:
«Әй, бәйбіше—Ақтолқын,
Кеткеніңнің келген күн,
Дегеннің бәрі болған күн.
Кемтіктің бәрі толған күн
Желпініп ұшқан ақ сұңқар
Ұясына қонған күн.
Тұлпарлар шауып озған күн,
Тамырдың бәрі иген күн,
Үрпіңе сүтің келген күн,
Боз інгеннің тайлағы
Енесін келіп емген күн,
Құлап қалған терегің
Қайта енді ол тұрып,
Төбесі көкке тиген күн,
Төбесіндегі қаршыға
Бұтағына келген күн.
Бүгінгі күн не еткен күн!
Төбе көкке жеткен күн,
Қайғының бәрі кеткен күн!»,
Толқынды жыршың жуатты,
Сана айтып қуатты,
Әділ патша той қылды...