Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай, Қази (2-бөлім)

Қарасай-Қази · Ш. Кәрібаев нұсқасы · 2 мин оқу

Қу жетім, ақыл менен ойың қайда?!
Кешегі Ноғайға айтқан сөзің қайда?
Ішімде тарқамайтын болды арман,
Адамға болды қорлық жаяу қалған.
Аңдыған сырттарыңнан жауларың көп,
Қалдырмай, көп жылқының бәрін алған».
Мамай мінген Көкмойнақ,
Орақ мінген Тайқара ат
Көп жылқының ішінде
Қиқумен кетіп барады.
Жау екенін білген соң
Шекесінен қарады,
Құйрығын сауырына салады,
Кейін қарап шабады.
Орақ пенен Мамайдың
Моласына барады.
Қарасайды иіскелеп,
Жүгенге басын кіргізді,
Ауыздықты тістелеп.
Қарасай мініп алады,
Мініп алып, шүу деді.
«Шүу»,—дегенде, гуледі,
Табаны жерге тимеді,
Арандай аузын ашады,
Көлденең жатқан қара тас
Қорғасындай басады.
Үш күн болған қалмақтың
Кіші бесін уақытта
Артынан жалғыз құлапты-ай.
Ескен желдер тынғанша,
Қарасай келді ақырып,
Қойға тиген бөрідей
Келген жерден жапырып,
Қарсы келген қалмақты
Қағып тастап барады,
Кесе келген қалмақты
Кесіп кетіп барады.
Шанжау-шанжау қалмақты
Шашып кетіп барады.
Қалмақтың бәрі айдарлы,
Асып туған Қарасай
Айқастырып байлады.
Жеті күн соғыс салады,
Қарасай соғыс салып жүр.
Омыртқада он жара,
Қабырғада қырық жара,
Шұрқылтайда бір жара,
Шүмектеп қаны ағып жүр.
Анда-санда Қара аттың
Жалын құшып қалып жүр.
Басы айналмай, не қылсын?!
Сорғалап қандар ағып жүр.
Қази батыр келеді,
Қарасай сөйлей береді:
—Келдің бе, жалғыз бауырым?
Иесіз қалды-ау ауылым!
Аз кісіге мол олжа,
Жаудан малды айырдық,
Қайтқанымыз жөн еді.
Кел, қайталық,—деп еді,
Қази сонда сөйледі:
—Жаудан қорқып, қайтар ма?!
Аттың басын тартар ма?!
Жарау атқа мінген соң,
Қару-жарақ ілген соң,
Жау қарасын көрген соң,
Қайғыны жігіт айтар ма?!
Сосын бізді кім айтар:
«Қарасай мен Қази!» деп.
«Жаудан қорықты демей ме,
Орақтың екі баласы-ай?»
«Шүу»,—деді де, жөнелді,
Ақ алмасты сермеді,
Сермесе, қолы дендеді.
Қарсыласып, қағысуға
Қазиға кісі келмеді.
Қылышпенен шапқылап,
Көк найзамен сұққылап,
Тағы атты мылтықты,
Қызылбас жаман тарықты,
«Өлемін» деп қорықты.
Қолдың басы—Көкеман
Ақылы көп ер еді,
Көкеман сөйлей береді:
—Айналайын, Қарасай!
Дегеніңе көнемін,
Айдауыңа жүремін,
«Көзімнің жасын көр»,—деймін.
Бір шыбындай жанымды
Сауғаға сұрап, еңіреймін.
Артын ойлап Қарасай:
—Тілегің бердім,—деп еді,
Қуарғыр Қази сөйлейді:
—Бізбен осы дос болмайды.
Бізбен осы дос болса,
Күндердің күні болғанда
Көңліміз ашық, қош болмайды.
Уәде бұған бермелік,
Сөзіне мұның сенбелік.
Біз түгіл, Орақ, Мамай ақыл сұраған
Анамызға баралық,
Содан ақыл сұралық,
Не дер екен анам-ай?!
Қалмаққа Қази сөйледі:
—Мен ауылға барамын,
Қараүлектей анамның
Құлағына саламын.
Не дер екен сол анам,
Шешемнің тілін аламын.
Он бес күнде келемін,
Оған дейін тырп етпе,
Жауабын сонда беремін.
Ауылына келеді,
Қази сөйлей береді:
—Айналайын, анам,-ай!
Арнап келдім саған-ай.
«Не қыл?» дейсің, анам-ай?
Қаратып келдім саған-ай.
Сонда кемпір сөйледі:
—Мен садаға кетейін!
Жанымды құрбан етейін,
Садаға кетпей, не етейін?!
Орақ, Мамай тірілді-ау,
Тірілгені білінді-ау!

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз