Қарасай, Қази (1-бөлім)
Қарасай-Қази · Ш. Кәрібаев нұсқасы · 2 мин оқу
Он таңбалы Ұрымда,
Қырық таңбалы Қырымда,
Сан таңбалы санайда,
Он екі баулы ноғайда
Баба түкті баба өтті,
Төрехан, Мұса және өтті.
Онан туған Орақ пен Мамай-ай:
Орақ, Мамай күнінде
Теңгерілген ноғай-ай.
Орақ деген ер өтті,
Мамай деген хан өтті.
Орақтан қалған қос жетім—
Қарасай, Қази бала өтті.
Әкесінен Қарасай қалды он бесте,
Қази қалды он үште.
Жетімге дұшпан көп болды,
Қорғайтын кісі жоқ болды.
Орақ, Мамай анасы—
Ақылдың қара сабасы.
Қорғанышы жоқ болып,
Қолында жетім қалған соң
Немере екі баласы,
Кемпір елін жинады.
«Басшысыз халық болмас»,—деп,
Шынтемір деген шал екен,
Баласы жоқ жан екен,
Бір перзентке зар екен.
«Көтеріп көңіл жүрсін»,—деп,
Хан Мамайдың орнына
Таққа халық мінгізді.
Қалмақтың ханы Темір ханнан
Қырық кісі келеді.
Қырық кісінің ішінде
Ханбегі деген ер еді.
Шынтемір хан сөйледі:
—Әскер жинап қасыңа,
Ханбегі, қайда барасың?
Ханбегі сонда сөйлейді:
—Кешегі кеткен Орағың,
Жеті ханымды өлтіріп,
Алтын тағым құлаған.
Темір хан саған жіберді:
«Айдауымда жүрсін»!—деп,
Айтқаныма көнсін!—деп.
Мамайдан туған Қымбатты
Тоқалдыққа берсін,—деп.
Қарасай, Қази—қос жетім
Құл болуға көнсін,—деп.
Айтқаныма көнбесе,
Соғысуға келсін»,—деп.
Шынтемір сонда сөйледі:
—Кеңесіп елмен қарайын,
«Көнемін»,—десе, көнейін.
«Көнбеймін»,—десе көп халық,
Соғысуға келейін.
Ноғай тұрып, жиналды,
Ақыл таппай, қиналды.
Қасым би мен Қалу би—
Екеуі тұрып сөйледі:
«Кел, Қарасай мен Қазиды
Біз шақырып алалық,
Сол көнсе, біз де көнелік.
Сол өлген жерде өлелік,
Соған билік берелік».
Қарасай батыр келеді,
Сыпыра жырау сөйлей береді:
—Ай, Қарасай. Қарасай!
Орақтың екі баласы-ай!
Жаңбыр жаумай жерің тұр,
Балығы кетіп көлің тұр,
Панасы кетіп елің тұр.
Ақыл таппай, ойланып,
Шешендер мен биің тұр.
Темір хан хабар салып тұр,
Мазамызды алып тұр.
Кілең жетім қарағым,
Жақсыдан қалған тұяғым—
Сендерге торын жайып тұр.
Ел панасы кеткен соң,
Алтындарың мыс болып,
Қорғасын болып ағып тұр.
Қарасай сонда сөйледі:
—Жақсы айтасың, атеке!
Мен дұшпанға көнбеймін,
Қолымнан арды бермеймін,
Мен дұшпанға бас ұрып,
Аяғына бас ұрман,
Басымнан дұшпан сөзін асырман.
Жабықпа, халқым, жабықпа,
Тарықпа, халқым, тарықпа!
Не қылғаным—дұшпанға
Қолдан арды бергенім?!
Қызылбасқа бағынып,
Не қылғаным—жүргенім?!
Мұнан дағы маған көп жақсы
Он бесіме келгенде
Халқымның ары үшін,
Қатын менен бала үшін,
Жылаған кемпір-шал үшін
Оққа ұшып өлгенім!
Қарасай кетіп қалған соң,
Әлі Сымайыл сөйледі:
«Он бестегі баланың
Не келеді қолынан?
Көшіп қашып кетелік.
Орақ, Мамай ауылын
Жұртқа тастап кетелік».
Әлі Сымайыл сөзіне
Көп Ноғайлар нанады.
Түн ортасы болғанда
Қонысынан көтеріліп
Қашып көшіп барады.
Ертең таңдар атқанда
Үйден шығып Караүлек,
Жан-жағына қарады,
Таң-тамаша қалады.
«Сен, Қарасай, оңбадың!
Ноғайлы деген ел қайда?!
Қатар-құрбы, тең қайда?!
Қу жетім, кімге сенесің?
Әкең өліп қалған соң,
Білмедің бе шешеңнің
Қайырға соққан кемесін?!
Ел көшті, жылқыны жау алды,
Атты қайдан мінесің?!