Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай, Қази (4-бөлім)

Қарасай-Қази · Ш. Кәрібаев нұсқасы · 2 мин оқу

Қарасай атқа мінеді,
Қақпақты тауға жөнелді.
Сонда кемпір сөйледі:
«Туатұғын бұл бала—
Өзіңнен де артық ер,—деді,
Дүбірін көрмей тұлпардың,
Туа алмайды бұл,—деді,
Әскерің жинап ал,—деді,
«Жау да келіп қалды!»—деп,
Аллалап ұран сал!—деді.
Сонда бала туады,
Дауасы содан болады».
Қарасай аулына барады,
Әскерін жинап алады,
Сәскелік жерге барады.
Туын алып қолына,
«Жау да келіп қалды!»—деп,
Ауылға қарап шабады,
Бір ұл, бір қыз туады.
Ұл балаға қарасаң,
Басы бақыр қазандай,
Тереңнен шыққан сазандай,
Омырауы есіктей,
Ойынды еті бесіктей.
Саусағына қарасаң,
Құмға тиген көсіктей.
Қыз балаға қарасаң,
Екі көзі жаудырап,
Тұлымшағы салбырап,
Алмадай беті албырап,
Шынтемірдей ханыңыз
Асау сойып, ақыртты,
Мая сойып, бақыртты,
Қол астын қоймай шақыртты,
Осы шал той қылады.
Той малына сойғаны
Ту бие мен қой болды.
Молдалар келіп қамалды
Сәлдесі қара қазандай.
Баланың атын таба алмай,
«Шариғатпен қоям»,—деп,
Кітабын алып, қарады-ай.
Қази келіп, сөйледі:
«Ұлдың аты—Әділ,—деп,
Қыздың аты—Ілия.
Осы екеуі болмаса,
Неге керек, Шынтемір,
Иесі жоқ жиған дүние?!»
Алтыға Әділ келгенде,
Шынтемірге ажал келеді,
Келгенін халық біледі.
Шынтемір ханың сөйледі:
—Қази менен Қарасай,
Жас болсаң да екеуің,
Елдің болдың панасы-ай,
Ноғайдың болдың ағасы-ай.
Айналайын, Қарасай,
Екі бірдей асыл зат,
Алтыда қалған жалғызым—
Екеуіңе аманат!
Сонда Қази сөйледі:
—Хандығыңды алмаймын.
Бақытты туған Әділдің
Бағына көзім салмаймын.
Он бесіне келгенше,
Тағына өзі мінгенше,
Балапанын қорғаған
Көк бүркіттей қорғаймын.
Шынтемір дүниеден қайтып кетті,
Тапсырып бала жайын айтып кетті.
Жүргенде өйтіп-бүйтіп сол арада,
Он беске он алты мен бала жетті.
Қалмақтың басы—Теміртау
Он екі айлық жер еді,
Алты айшылық шөл еді.
Барса деген ханына
Қағазбен хабар салыпты,
Сонан хабар алыпты.
«Қырымның қырық батырын
Алдайын»,—деп ойлады,
Өтірік айтып, сол тесікке айдады.
Бір сөйлем хат келеді,
Әділ патша оқыды.
Оқыды да, сөйледі:
«Темір хан жазған хаты бар,
Темір ханның аты бар.
Әуелі хат жазыпты
Қарасай, Қази—ағаға.
Екінші, хатты жазыпты
Телағыс, Қобылан—саған да.
Үшінші, хатты жазыпты
Ахметтей бабаға.
Аяғында жазыпты,
«Ханы ғой»,—деп, маған да:
«Мұсылмандыққа көндің,—деп,
Ноғайға бала бердің»,—деп.
Тесіктегі қызылбас,
Ай, солар шабатын болды
Менің елімді!
Дос болсаң, Қарасай, Қази,
Осы жауға барып кел.
Осы жауымды алмасаң,
Барса туырлығымды тоқым қылады,
Керегемді отын қылады,
Төгеді қанымды,
Шығарады жанымды,
Талап алады малымды»,
Хатында айтып, жалынды.
Хатын оқып хан Әділ,
Қарасайға сөйледі:
—Барамысың, Қарасай,
Бармаймысың, Қарасай,
Еліміздің ағасы-ай,
Ноғайлының панасы-ай?!
Қарасай сонда сөйледі:
—Қарағай садақ, қырық кез оқ
Буынып алсам, белім тоқ,
«Жау!» десе, менде қайғы жоқ.
Достан хабар келгенде,
Досқа зәбір тигенде,
Бармай батыр, тұрар ма?!
Бармаған батыр оңар ма?!
Қорыққан соң, зарланып,
Хат жазған ғой Темір хан.
Көп жиналған, құралған,
Кел, баралық,—деп еді,—
Он екі айлық жеріне,
Алты айшылық шөліне,
Қызылбас Барса еліне.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз