Қарасай, Қази (3-бөлім)
Қарасай-Қази · Ш. Кәрібаев нұсқасы · 3 мин оқу
Еділ, Жайық—екі өзен
Ел орнаған жер еді,
Алпыс екі саласы мал орнаған жер еді.
Сол қоныстан көтеріліп
Он екі баулы Ноғайлы
Көшіп кетті еліміз.
Көшті-дағы ел кетті,
Бармағын тістей ер кетті,
Қайғыменен би кетті,
Қаралы болып қыз кетті,
Қоныстан тайып мал кетті,
Ботасын тастап нар кетті.
Бәрі кетіп қалған соң,
Қарасынсыз болған соң,
Мен сорлыны еңіретті!
Елеулі болсаң, ел ерер,
Басшылық қылсаң, көп ерер.
Басшысыз болсаң, кім ерер?!
Қамқор болсаң, ел келер,
Қорғамасаң, кім келер?!
Қарасай, атқа міне көр,
Түн ұйқыңды бөле көр,
Түнделетіп жүре көр,
Кешегі кеткен Ноғайды
Қайтарып қонысқа алып келе көр.
Қарасай атқа мінеді,
Үріккен елдің артынан
Қарасай салып келеді.
«Айтамын сөзді, халқым-ай,
Ноғай, Қазақ, жалпыңа-ай.
Көшіңдер қайта жеріңе,
Көшіруге мен келдім
Ноғайлы деген еліме.
Орақтан туған қос бала—
Біздер аман тұрғанда
Келе ме дұшпан шеніңе?!»
Шынтемірді ертіп,
Қарасай батыр жөнелді.
Үркіп көшкен қалың ел
Қайта көшті деп еді.
Көкемандай бейшара:
«Бір ұл, бір қыз берем,—деп,
Ақыреттік дос болып
Сеніменен жүрем»,—деп,
Қазидың қолын алады-ау.
Қалмақтар кетіп қалады,
Түйе боздап, қой маңырап,
Жылқылары шұрқырап,
Құлын, тайлар бұлтылдап,
Қонысқа малдар құлады.
ІІ.
Шынтемірдей ханың-ай
Шақыртып Қарасайды алады.
Ханың сөйлей береді:
—Қарағым, қалқам—Қарасай,
Еліміздің панасы-ай!
Саған кімнің шарасы-ай?!
Қайтпас қара, ақ болат—
Орақтың үлкен баласы-ай!
Болыпты енді тілегім,
Жеңешең жерік болыпты.
Өзің тауып бере көр
Жеті басты айдаһар,
Қарағым, соның жүрегін.
Қарасай сонда күледі,
Күле сөйлей береді:
—Мен анама барайын,
Құлағына салайын,
Дүниеде бар ма екен?
Шешемнен, барып, сұрайын.
Сонда кемпір сөйледі:
—Алпыс күндік жолы бар,
Алты күндік шөлі бар,
Күйгентаудың басында
Айдаһардың іні бар.
Жеті басты айдаһар
Сол арадан табылар.
Тайқара атқа мін,—деді,
Беліңе қару іл,—деді,
Жатпай-тұрмай жүр,—деді.
Айдаһардың жүрегі,
Қабыл болса тілегі,
Әкеліп, қарағым, бер,—деді.
Тайқара атқа мінеді,
Орақтан қалған ақ сауыт—
Мұны үстіне іледі.
Туғалы тіпті көрмеген,
Адам басып жүрмеген
Күйгентаудың басына
Қарасай шауып жөнеді.
Түлкі жортпас түлейден
Түнде жортып барады.
Қия-қия, қия жол
Қиялап кетіп барады.
Он бес күн жүрген жеріне
Күн төбеден ауғанда
Жер өртеніп, тас күйген,
Топырақ жанып, аспанға жалын тиген,
Соған салып келеді.
Жүрген сайын қара аттың
Жүрісі енді асады.
Жанып жатқан шоқтарды
Жер үстіндей басады.
Бір түтін аспанға шығады зырқырап,
Үңірейген тесікті көреді,
Талмай салып келеді.
Жер өртеніп, тас күйген
Айдаһардың демі екен.
Үңірейген тесік дегені
Айдаһардың іні екен.
Шыққан түтін дегені
Айдаһардың демі екен.
Айдаһар айбаттанып ысқырады,
Алты таудың тасын құйрығына қыстырады.
Бір тасты бір тасқа ұрып, шақылдатты,
Аузынан қанды көбік бұрқылдатты,
Оғындай найзағайдың жарқылдатты.
Олардың екі елу кез тілдері бар,
Тілдерін найзағайдай жылтылдатты.
Қарасай одан қайтпады,
Уайым шегіп, қайғы айтпады.
Айдаһар сонда сөйледі:
«Айдаһар» деген мен едім,
Қарасай деген сен едің.
Дүниеде бір зиян,
Қайтпас қара бұлтың бар,
Сенің тұқымың қылар деп едім.
Келетініңді білгенмін,
Топырақты өртеп, тасты жандырдым,
Бұған да сен қайтпадың.
Құйрығыммен жер сабап,
Жер өртеп, тасты жаудырдым,
Бұған да сен қайтпадың,
«Қайтамын»,—деп айтпадың.
Құйрығымнан бір елі кесіп берейін».
Құйрығынан бір елі кесіп береді,
«Бір елі құйрығы он пұт,
Он қадақ шықты»,—деп еді.
Құйрығын кесіп алады,
Бөктеріп артына салады,
Аулына қарай шабады.
Он бес күнге толғанда,
Қуанғаннан Қарасай
Жеті күнде барады,
Ақтолқынға береді.
Мезгілді күні болған соң,
Шақырып Қараүлекті алады,
Кемпірден ақыл сұрады.
Қараүлек сонда сөйледі:
«Ішіндегі ер екен,
Еңіреген ердің бірі екен.
Сырты—шойын, сүйегі—темір,
Жүзі жарқын, өзі алғыр,
Билер халқын.
Жайшы деген кемпір бар,
Шақырт та енді, соны ал.
Жайшы кемпір келмесе,
Жайшы жайын білмесе,
Біле алмадым мен»,—деді.
Қараүлек тағы сөйледі:
«Ай, Қарасай, Қарасай!
Үмітін үзіп жүргенде
Жеңгең менен ағаңның
Сағынып көрген баласы-ай.
Жайшы кемпір келмесе,
Туа алмайды-ау, шамасы-ай.
Қарасай, атқа мін,—деді,
Беліңе қару іл,—деді.
Қақпақты таудың астында
Жайшы дейтін кемпір бар,
Жылдам алып кел»,—деді.