Қарасай, Қази (15-бөлім)
Қарасай-Қази · Нұрпейіс Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
Көзді ашып-жұмғанша
Қасына жетіп барады.
Қоршаған әскер төрт жағын
Көк күймені көзі шалады.
Ағып өтіп жанынан,
Алдынан қарсы орады
—Кім болад?»—деп, бұрылып,
Күймені Қази сұрады.
Сонда тұрып бас уәзір
Батырға жауап береді:
—Ханымыздың еркесі,
Екі анаға тел еді.
Күлсе, күміс төгілген,
«Күнсұлу» атын дер еді.
Тең құрбыға сөйлесе,
Бикештің сөзі өр еді.
Екі көзі шамшырақ,
Қараған жігіт қадала
Көзінен жүзін көреді.
Тізілген тісі ақ маржан,
Ақ патса басқан мөр еді.
Білгің келсе, ей, мырза,
Ерке бикеш зерігіп,
Серуендеп келеді.
Сонда Қази сөйлейді:
—Көрсем,—деймін,—хан қызын,
Күннен сұлу ақ жүзін.
Ұнатсам, өзім аламын.
Ұнатпасам, бикешті
Ат көтіне саламын,
Еліме алып барамын.
Менің атым—ер Қази,
Орақтан туған баламын.
Ұрпағымын
Қаһарман қазақ боламын.
Қыз нөкері қызарып,
Серпіле берді күймеден.
Күймеге келіп ер Қази,
Ашулы үнмен сөйлеген:
—Басыңды көтер, керік қыз,
Көруге сені келдік біз.
Тербетіп тұрар уақыт жоқ,
Мініңіз атқа, келіп сіз!
Дегеніме көнбесең,
Көнгеніңді білесің.
Сыйлағанды білмесең,
Жер басып, тірі жүрмессің!
Күймеден түсіп хан қызы,
Батырға басын иеді.
Шыдай алмай қорлыққа,
Жалындап іші, күйеді.
Батырдың айтқан әр сөзі
Жанына оқ боп тиеді.
Бикеш қолын қусырып,
Сонда сөйлей жөнелді:
—Қазақтың батыр ұлы да
Мұндай долы болар ма?!
Заманы бірге құрбыға
Сөзбен жара салар ма?!
Төреле өзің, батырым,
Мұны да «мін» деп ойласаң,
Сөзіңе көңлім толар ма?!
Қарсы тұрар халім жоқ,
Дегеніңе көнемін.
Қорғап алар жарым жоқ,
Жетегіңе еремін.
Болғанда мен хан қызы,
Сен—батыры қазақтың.
Лайықта да, алып жүр,
Ерікті саған беремін.
Қази ер сөзден жеңіліп,
Не дерін сонда білмеді.
—Күймеңе мін, Күнсұлу!
Қосынға қарай жүр,—деді.
«Хан қызына мін болар
Жайдақ атқа салғаным.
Ерлігіме мін болар
Күнсұлуды алғаным»,
Деп ойлаған Қази ер
Қосынға алып келеді.
Қосындағы көп қолы
Тұтқын қызды көреді.
Тарту қылып олжасын,
Еділ ханға береді.
Салтанатын өзгертпей,
Күнсұлу сынды сұлуды
Елге алып жөнеді.
Алысқан жауын адақтап,
Қарасай, Қази—ерлердің
Еліне қайтқан жері еді.
Ел айтқан ертектің
Бір саласын жыр етіп
Қарт жырауың береді.