Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қазақ жұмбақтары шешуімен

Қазақ халқының жұмбақтары шешуімен: табиғат, жан-жануар, үй бұйымдары, адам туралы. Әр жұмбақтың жеке беті бар — алдымен өзіңіз ойланып, сосын шешуін ашыңыз. Барлығы: 2 264. 19-бет, барлығы 23 бет.

  1. Бір нәрсе мен айтайын ойлаңқырап, / Қарны біреу, қанаты екеу, үш жүз құлақ. / Күндіз адамзатқа көрінбейді, / Жатады кешке шығып еннен сұлап.
  2. Ол не дүр бір нәрсе бар ойға зерек, / Жүгірер әрлі-берлі дөп-дөңгелек. / Жай нәрсе өз бетімен түк білмейді, / Қосымша адамзаттың зейіні керек.
  3. Бір нәрсе сондай епті жер баспайды, / Аптығып ақылынан бір саспайды. / Данышпан ақылы көп сондай зерек, / Жаңылып басқа жөнге бір баспайды.
  4. Бір қалаға қоныпты ұшып келіп, / Топтана сексен сегіз қараша үйрек. / Төртеуден бөлініпті бір сегізі, / Қалғаны кілең оннан-оннан бөлек-бөлек. / Болған соң бес адамның күзетшісі, / Жайылды көк шалғында кейде өрістеп.
  5. Көшесі бір, шаһар бар сегіз, / Ішінде сексен сегіз ойнар бала. / Баламен әрі-бері ойын қылса, / Ісіңіз көңілге алған болар дана.
  6. Айнала қарағайдан тұр терегі, / Адамға ақыл қосса, бар керегі. / Ол өзі он өзекті жайлап өткен, / Сексен сегіз келеді дөңгелегі.
  7. Бір нәрсе бұл дүниеде жоқ дерегі, / Әр жерде ақылдассаң, бар керегі, / Қыстауы, жаз жайлауы он өзенде, / Өзінің сексен сегіз дөңгелегі.
  8. Бағылған бір қорада жүздей саулық, / Соғылған қорғаны бар биік тау қып. / Бес қасқыр араласып бастан-аяқ, / Бірін қуып, бірін тартып кетті қайтып.
  9. Бітімді төрт бұранда, сегіз сала, / Үстінде ойнақтайды сексен бала. / Еш пенде бұл жұмбақты тапқан емес, / Тауып бер жұмбағымды шапшаң ғана.
  10. Айналасы қорған, / Он жігіт бар торыған. / Есебі көңілден, / Арқаны темірден.
  11. Бар еді бір жұмбағым сексен сегіз, / Табасың ақылменен ескерсеңіз. / Болғанда бірі-онға, оны-мыңға, / Жауабын кешіктірмей жеткерсеңіз.
  12. Қойыма қора соқтым жермен жексен, / Бұл қойым кейде сегіз, кейде сексен. / Сегізді сексен менен қосып салса, / Болады сексен сегіз бөгелместен.
  13. Бірталай құс кеп қонды балағанға, / Болады сексен сегіз санағанда. / Ішінде сексен үйрек, сексен қарға, / Құйрығын жан шыдатпас тарағанда.
  14. Сегіз оннан құралған сексен сегіз, / Арасында төрт-төрттен екі сегіз. / Кейде жиып кетеді, кейде тосып, / Шешесіз, ақылға сап тексерсеңіз.
  15. Бір нәрсе екі аяқты, сабағы бар, / Жейтұғын дастарқансыз табағы бар. / Жануар не берсең де талғамайды, / Күніне қырық асайтын тамағы бар.
  16. Қам қамал, қамқам қамал, қамқан кемер, / Бұл қамқан тоқсан алты толып семер. / Құмырсқа қисық жолын түзетеді, / Бар ма екен осыдан да басқа себеп.
  17. О, Құдайдың бұйрығы, / Төбесінде құйрығы. / Алты аяғы, / Екі табаны бар, / Бір таяғы бар.
  18. Үш тармақ, басы жұмыр сабағы бар, / Келмейтін дастарқанға табағы бар. / Берсең де қандай нәрсе, жеп қояды, / Тоятын, қырық асаса, тамағы бар.
  19. Алты аяғы бар, / Талдан таяғы бар, / Арқасында құйрығы бар, / Иесінен бұйрығы бар.
  20. Өзім қызбын, қырыққа келдім, / Бір күн ерсіз жатқаным жоқ, / Күнәға батқаным жоқ.
  21. Кішкентай ғана безер, / Жер дүниені кезер.
  22. Дүние аты мәшһүр болған қымбат, / Ықшамды әдемілік, сонда сымбат. / Мақсатың көңіліңдегі табылады, / Адамға ықыласпен қызмет қылмақ.
  23. Жер жүзінде бір қыз бар, / Қырық ерге тиіпті. / Тиіпті де шығыпты / Және тағы қыз екен.
  24. Аяқсыз жүреді.
  25. Кішкентай ғана місіре, / Тамам елдің жесіре.
  26. Сабы бар екі қарыс, басы қуыс, / Істейді адамзатқа күнде жұмыс. / Бәрінде жан біткеннің бірдей көрер, / Міндетті қызметін етпес бұрыс.
  27. Бір адам кейпі жаман, жалпақ бетті, / Тауыпты ерге тимей қырық перзентті. / Әрқайсы тоқсан алты бала туып, / Ол өзі жансыз талай мыңға жетті.
  28. Айтамын мен бір жұмбақ сарасынан, / Мекке мен Мәдинаның арасынан. / Тамаша, сірә, мұндай көрдіңдер ме, / Анасы туады екен баласынан.
  29. Бір жайын тынбай жүзер дөп-дөңгелек, / Ұясы үш жүз бес, алпыс, бөлек-бөлек. / Сөткеде жиырма төрті жұмыртқалап, / Ақ, қара қанаты бар бір көбелек. / Тағы да нұрға толмақ асыл шөлмек, / Таусылып алмағайып қайтып келмек. / Әлемде алты арыстан ысқырғанда, / Жиылып құрт-құмырсқа бәрі де өлмек. / Айтуға сонда қиын болғанмен де, / Тұрады барлығын да заңы билеп.
  30. Үш жүз алпыс бес жасадым болып жуан, / Қырық сегіз қызды болдым бір алуан. / Қатар өскен бар менің он екі ұлым, / Бір ұлым бар олар да ерек туған.
  31. Ойдан шықты бұл жұмбақ, / Ойшыл ерлер ойлан тап. / Өзгермейді өзінен / Бұл жаһанда бір дарақ. / Ол дарақтың бойында / Дәл он екі бар бұтақ. / Бұтақтардың басында, / Үш жүз алпыс жапырақ. / Жапырақты қарасақ, / Бір жағы қара, бір жағы ақ, / Бұл жұмбақты кім шешсе, / Болсын дейміз жасы ұзақ.
  32. Үш жүз алпыс бес шығыршық, / Қырық сегіз тығыншық, / Аққу жылына екі рет балалайды.
  33. Үш жүз тамырым бар, бәрі жуан, / Он екі ұлым бар еді бір күн туған. / Алтауы өз дінінде / Алтауы кәпір болған.
  34. Үш жүз алпыс алты анасы, / Қырық сегіз болар баласы. / Он сегіз бөлек ұясы, / Ішінде екі ақ жұмыртқасы.
  35. Үй артында бір дуан, / Бір ұлы бар ханға дуан. / Қырық сегіз қызы бар, / Бәрі жуан.
  36. Лұғат жұмбақ қылып, сөз бастадым, / Жаралған бір мақұлық үлкен жайын. / Өзінің басы жеті, қолы он екі, / Отыздан саусағы бар қол бас сайын. / Жиырма төрт құлағы бар бір басында / Жолдас боп жүрер оның кім қасында? / Бірі – ақ, бірі – көк, екі көзі / Тұрады бақырайып арқасында.
  37. Бір ағашта он екі ұя, / Әр ұяда отыз жұмыртқа.
  38. Бір ұзын ағаш, / Үстінде он екі ұя. / Әр ұяда төрт тұқым, / Әр тұқымда жеті балапан.
  39. Мен бір қарт, / Он екі балам бар. / Баламның бәрінде де / Отыз-отыздан қызы бар, / Бәрінің жасы бір, аты өзге.
  40. Тауда дарақ, екі бұтақ, / Біреуі гүлді, біреуі гүлсіз.
  41. Атасы мен анасы, / Үш жүз алпыс бес баласы, / Он екі ауыл шамасы, / Отыз ор дуадақ, / Бес балақ сан, / Елу екі қарашы.
  42. Ботасы жоқ нар құр боздайды, / Әр заманда аяғын бір қозғайды. / Әр заманда аяғын қозғаса да, / Ұшқан құс та, жүгірген аң да бір озбайды.
  43. Күзетші бір-екі адам ол жаһанда, / Ораулы он екісі бір шапанда. / Ұстайды он екісі отыз шоқпар, / Қырық құрық даярлаулы қашағанға. / Қарасам, жеңі бесеу ол шапанда, / Көрмедім бұндай шапан бұл жалғанда. / Аузы жеңдерінің бүрмеленген / Анықтап он екі пар түймеленген. / Апырмай, есебі жоқ толып жатқан, / Қиындық ойлап тұрсам тарау-тарау бұл не деген?
  44. Алты арыстанды үш бөрі сорған, / Жілігін шақпай майын сорған, / Терісін теспей қанын сорған.
  45. Алпыс аттың етін жер, / Жілігін шақпай, майын ішер.
  46. Жолда кеткен ақ қоян / Жолға қарап отырды. / Қарға менен құзғынды / Ұйқыменен жоқ қылды.
  47. Онан соң екі-үш мырза тағы келген, / Ғаламнан мырзалығын көзі көрген. / Алдыңа риздықпен нәсіп берген, / Кең болды шарапаты дария, көлден.
  48. Көрсең, реңді, қарасаң, көрікті, / Ол болмаса, жұрттың бәрі / Бір бәлеге жолықты.
  49. Шақырса, келмес, / Жаяу жүрмес.
  50. Жерде жоқ, көкте жоқ, / Бір әңгелектен әңгелек шығады. / Он екі бөлек, / Біреуі – ащы, / Біреуі – тұщы.
  51. Екі үлкен нар көрдім, / Бірінің жақсы нұры бар, / Бірінің жаман түрі бар, / Арасында үзілмес бұйда жібі бар.
  52. Онан соң тағы келген екі-үш сараң, / Бұ келген үшеуінің көңілі жарым. / Алдырып әу бас еңлік, / Ғаламның гүлін алып қылған қараң.
  53. Шілдедей шуақ күні бар, / Бұлбұлдайын үні бар. / Көк шалғыны құлпырған, / Масатыдай түрі бар. / Қызықтырған адамды / Неше түрлі гүлі бар.
  54. Бір адамға он екі егіз, / Бір егізде біреусіз сегіз.
  55. Бір ұяда жеті жұмыртқа.
  56. Жаралған бұл дүниеде екі қақпақ, / Мезгілімен ашылып және жаппақ. / Болғанда бірі қара, екіншісі— / Күмістей жарқыраған сүттен де аппақ.
  57. Алдымен қара тұлпар озық келер, / Арғымақ мойнын созып кейін келер. / Соңынан боз арғымақ басып озып, / Айналып бірін-бірі жүре берер.
  58. Баяғыда болыпты екі патша, / Бірі қуып бара жатса, бірі қашса, / Артында он екіден баласы бар, / Үш жүз алпыстан болады тұқым шашса.
  59. Бірі – ақ, бірі – оның туған қара, / Отыздан он екі рет өскен дара. / Үш жүз алпыс әрбірінің серігі бар, / Жұп қылып бөліп алған екеу ара.
  60. Үш бірдей бағып жүрмін арғымақты, / Біреуі біреуінен қарғымапты. / Үш бірдей үшеуінен қаққан қазық, / Біреуі біреуінен тар болмапты.
  61. Жабысқан жар бетінде көрдім бір зат, / Ай, жұлдыз, күн мен түнді тұрар санап. / Жанында шешен де бар, көсем де бар, / Мүшесі үш жүз алпыс алты қабат.
  62. Үйрегім бар еді үйде үш жүз алпыс, / Мұнша үйректі санап алу елдің салты. / Күніне бір үйрегім жоғалады, / Айтшы сен сол үйректі кім алады?
  63. Бір нәрсе дөңгелейді шыр айналып, / Келеді бір жеріне қайта айналып. / Қызықты мұндай нәрсе бола ма екен, / Отырар, оны көрсе, ер жайланып.
  64. Өзінен өзі айналған бір диірмен, / Көрінеді әр парасы бір бүйірден. / Қылдан нәзік ішінде бір жібі бар, / Қолы епті екен, шіркін-ай, кім иірген?
  65. Дегенде алпыс бұтақ, алпыс бұтақ, / Бір бұтақта бар екен алпыс жапырақ. / Өзі жансыз, жандыдай қызметі бар, / Үлкендігі түйенің көзіндей-ақ.
  66. Бір нәрсе күндіз-түні шыр айналған, / Есебін оның айтқан кім ойлаған. / Қарайды анда-санда аузын ашып, / Жаңылмас есебінен қара басып. / Мойнында бір құлаштай шынжыры бар, / Жүреді адамзатпен араласып.
  67. Келгенде күн төбеге болады түс, / Кезегін ұмытады жаз бенен қыс. / Күніне он екі айлық жол жүреді, / Өзінің қанаты бар, бір жансыз құс.
  68. Өмірді өлшейді, / Ешкімнен сұрамай. / Тіліңді алмайды, / Тетігін бұрамай.
  69. Бір кісі бар дүниеде, / Шемішке шағып тұрады. / Бұл кісіден әр уақыт / Әркім мезгіл сұрады.
  70. Шіңгірлеген жеңешем, / Шыр етті де оятты. / Гуілдеген ағекем / Гу етті де ұзатты.
  71. Тағы бар өнер біткен асыл шөлмек, / Бір толып, бір басылып, қайтып келмек. / Күні-түн жиырма төрт жұмыртқасы, / Қанаты ақтан сары бір көбелек.
  72. Сырт-сырт соғады, / Уақыт озады.
  73. Болаттан салған жүрегі, / Сырт-сырт соғып жүреді. / Үйде арқандаулы тұрады, / Тыста кісендеулі жүреді, / Күнді метрсіз өлшейді, / Сөзсіз түсіндіреді.
  74. Бір нәрсе күні бойы санап тұрады, / Оған жұрттың бәрі қарап тұрады.
  75. Қозғалады орнынан, / Бір-ақ рет күнінде. / Ел ұйықтаса, ол ояу— / Тыныштық жоқ үнінде.
  76. Денесі бар, сөзі жоқ, / Аяғы жоқ жүреді. / Күнді, түнді өлшейді, / Екі тілді жүрегі. / Шешуін кім біледі?
  77. Сырт-сырт етіп соғады, / Кеудесінде жүрегі. / Өзі тілсіз сөйлейді, / Өзі жансыз жүреді.
  78. Жүруден бір талмайтын, / Күн мен түннен қалмайтын.
  79. Жаңылмайды есептен, / Аяғы жоқ жүреді. / Сөйлейтұғын тілі жоқ, / Уақытыңды біледі. / Күндіз-түні жүргенмен, / Қызымайды жүрегі, / Су ішіп, жем жемейді, / Сықырлайды жүрегі.
  80. Дөңгелек аяғымен жер баспайды, / Жерінен уағдалы адаспайды. / Білімді қанша адам болса дағы, / Бір адам біліміне таласпайды.
  81. Екі тілді балғалы, / Арқаны бар мойнында. / Арқандамай бос қойсаң, / Жүрмей қалу ойында. / Сұрасаң онан сөйлесіп, / Сөйлеп жауап бермейді. / Қарасаң бетіне тесіле, / Тіліменен сермейді.
  82. Бір көл бар он екі қаз жайлаған, / Ішінде екі тырна айқайлаған. / Тырнаның біреуі – би, біреуі – хан, / Ішінде жалғыз үйрек той тойлаған.
  83. Бір жансыз жолбарыс бар екі тілді, / Байланған шынжырымен мәкемені. / Он екі көз, алпыс өлшемі бар, / Жүгірер дамыл таппай күндіз-түні.
  84. Ей, құрғыр, есермісің, есермісің, / Бұралып тал шыбықтай өсермісің. / Айналып үш жүз алпыс түлкі жұмбақ, / Байлауын жұмбағымның шешермісің.
  85. Үш жүз алпыс шытыра, / Қырық сегіз батыр, / Екі аққу, он екі бұлбұл.
  86. Төрт аққу, қырық сегіз қоңыр үйрек, / Жиналды ойын құмар қалмас сиреп. / Майданда белдескенде кезек-кезек, / Тастайды бірін-бірі ұн қып илеп. / Ойыны қанғаннан соң бәрін жиып, / Зынданға сап тастайды өзін түйреп.
  87. Қолымнан жиырма төрт үйрек ұшты, / Барды да отыз көлдің суын ішті. / Көрді де сол үйректі он екі арқар, / Үш жүз алпыс қозыға болды ішті.
  88. Айнала қорған салдым, / Ішіне жеті бөлме үй салдым. / Жеті үйдің ішіне бір әйнек, / Бір шырақ қойдым.
  89. Он екі үйрек, бір сұңқар, / Жағалап ұшып сымпылдап. / Отыз қызғыш, төрт қыз бен, / Айнала жүріп сұңқылдап.
  90. Он екі көлді жайлар отыз үйрек, / Он екі аққу бір шетте жүрер бөлек. / Қырық сегіз сол көлдердің ұясы бар, / Адамға қиын болар мұны білмек.
  91. Ұйықтап жатып түс көрсем, / Ойымда әрне бар екен? / Көкке шығып қарасам, / Дүние жүзі тар екен. / Сахыбат етіп байқасам, / Мінгенім сонда шар екен. / Кіріп жүрген жөнімде / Жалғыз қарбыз бар екен. / Төрт қабығы көгілдір, / Бес қабығы сары екен. / Ақылы жеткен пендеге / Іші бір толған дән екен. / Тоғызы үлкен бәрінен, / Біреуі шаққан ақ екен.
  92. Бітіпті бір аралға біраз егін, / Қырық дәнін бас-басына берген тегін. / Көнбесең еркіңменен бұл бергенге, / Ақырында падиша алар кегін.
  93. Қырық кез қарағай садақ бар белімде, / Кім беред жұмбақ шешер бұл шенімде. / Қойдым да үлпершекке ілдім талға, / Шеше ғой, ақын болсаң, қапелімде.
  94. Әлемде мәне болған бір бәйтерек, / Төрт түбірек төңіректе болса керек. / Санасаң жапырағы отыз үш мың, / Табарсың, ақылың кәміл болса зерек.
  95. Кезек бер мен сұраймын енді сізден, / Ішінде әптиектің «мим» болады, / Замана жылдан-жылға сұм болады. / Болайын әбден сұрап, тақсыр сізден / Солардың ең абзалы кім болады?
  96. Байқадым жан екенсің ақылың бар, / Бек шашып сыр айтпайсың, ғапылың тар. / Бұрынғы өтіп кеткен уақыттарда, / Жамиғы нешеу екен пайғамбарлар?
  97. Құдай берген ақ атан, / Салсам – жүк көтерер, / Жүрсе – ізді, / Панасы – қызды.
  98. Айнала ақ терек, / Бұтақсыз, жапырақсыз.
  99. Біреу екеу болмайды, / Екеу үшеу болмайды, / Үшеу төртеу болмайды, / Төртеу бесеу болмайды, / Бесеу алтау болмайды.
  100. Болғанда біреу жалғыз, / Екеу егіз. / Көзде жоқ, / Көкіректе нәрсе сегіз. / Әр жерде әрқайсына бір орын бар, / Бір нәрсе іші арық, сырты семіз.

Ауыз әдебиеті