Оқу-білім туралы жұмбақтар
Оқу-білім туралы жұмбақтар — 102 жұмбақ. Әрқайсысының жеке беті бар. 1-бет, барлығы 2 бет.
- Үп-үшкір таяғы, / Жыланның көзін ояды.
- Қабат-қабат қаптама. / Ақылың болса, аттама.
- Қабат-қабат қалып, / Іші толған әріп. / Үйретері көп деп, / Құрметтейді халық.
- Жаны жоқ болса да, / Ақылды адам ісін істейді.
- Бір нәрсе білмегенді білгізеді, / Өзіңді, тұрсаң қарап, күлгізеді, / Жалғанда әңгімесі сондай қызық, / Жаныңды, тыңдай берсең, кіргізеді.
- Бір құсым бар қаны жоқ, / Қанатының саны жоқ. / Адамменен сөйлесер, / Ақылы бар, / Жаны жоқ.
- Бір су бар Шыршық деген қалқып аққан, / Бетінде бетегесі шығып жатқан. / Қарайсың, міне, соған тамашалап, / Сол судың кете алмайды дәмін татқан.
- Сандығым бар өзгеше, / Қолыма алып жүремін. / Ішін ашып ақтарып, / Өмір сырын білемін.
- Ұзын-ұзын ұсқауын, / Ұзынына кім жетер? / Шұбар ала күйкентай, / Шұбарына кім жетер?
- Жүзі бар сәнді сұлу ондап, мыңдап, / Сыры бар неше алуан тұрсаң тыңдап. / Жүрмейтін жері де жоқ әлемде оның / Қадірі мейлінше зор, ол неткен зат? / Ізінен іздегендер жол табады, / Олжаны аздап емес, мол табады.
- Тілі бар да үні жоқ, / Өзін адам түсінген. / Жүрегі бар, қаны жоқ, / Сөйлей туған ішінен.
- Қойған жерінде жатады, / Қолыңа алсаң, өзіңе тіл қатады.
- Көлемі шағын, көп қыры, / Қолдан қолға өтеді. / Өмірдің талай мол сыры / Ішіне сиып кетеді.
- Бір қойым бар қаны жоқ, / Қанатының жаны жоқ. / Адамменен сөйлесер, / Ақылы бар, жаны жоқ.
- Өзі саңырау, / Һәм айтады, / Һәм үйретеді.
- Адамсыз кетеді, / Айтса, тарих тұрады, / Тағдырда жазған.
- Бір қобди дүние жүзін бағалаған, / Әсемдеп, талай адам қамалаған. / Қобдидың ашылмайтын кілті өзінде, / Ашылса, табылар еді не қалаған.
- Жапанда бір нәрсе бар аузы жабық, / Ашылар мезгілінде баурын жазып. / Ішінде толып жатқан қазынасы бар, / Қорек қып пайдаланар тамам халық.
- Ұзын-ұзын, ұзын жол, / Ұшына жеткен бар ма екен? / Түбі терең қара су, / Түбіне жеткен бар ма екен? / Түбіне жетіп бұл судың / Қанып ішкен бар ма екен?
- Дүниеде бір дария беті қатқан, / Бетінде бетегесі шығып жатқан. / Қараса сол құдыққа, көз жетпейді, / Құр қалмас сол құдықтың дәмін татқан.
- Шамасыз бір жүйрікпен жылдам жарыс, / Кісімен отыз екі болдым таныс. / Ойласаң, ой түбіне жете алмайсың, / Ойласаң, оның түбі тіпті алыс.
- Сай бойында сары алтын.
- Ауыр-ақ, бірақ түсер салмағы жоқ, / Артқанның арып кейін қалғаны жоқ. / Арқалап бірін қоймай көтергеннің / Аяғы ешуақытта талғаны жоқ.
- Теңіздей түбі терең, / Сүңгіген жетер әрең.
- Оны алмасаң, оңалмайсың, / Алсаң, ұстап көре алмайсың.
- Бір сандық пайғамбарым соққан сайлап, / Үміткер таба ма деп әркім ойлап. / Ішінен ол сандықтан дәм татқан жан, / Тұрады періштелеп күнде айқайлап.
- Шығады би қарадан, алтыннан ту, / Жігіттер, құлшылыққа беліңді бу. / Үстінде дарияның үлкен кеме, / Алып ішер қолы жеткен бір шыны су.
- Қарала аяқ ат міндім қаздаңдатып, / Су ішпесе, жүрмейді қырсау тартып, / Бір аяғын шалшыққа малып алып, / Тар көшеге салдым табандатып.
- Жаны жоқ қаршыға қолға қонар, / Жем алып қиын жерден аузы толар. / Мен өзім қаршығамнан баһра алдым, / Шешуі осы сөздің қиын болар.
- Ат міндім қарала аяқ қаздақтатып, / Жүргенде жол салады табандатып.
- Қолының бес сопының қызыл аса, / Көрген жан болады екен таң-тамаша. / Өзі жансыз жандының күшімен, / Жансызға тіл береді қимылдаса.
- Астында төсегі бар салған тағы, / Адамша сөз сөйлейді, тілі жоқ, жағы, / Теңізден салған жолы сайрап жатыр, / Мүдірмей ойлап тапшы мұны дағы.
- Бір ат бар бесеу ара, өзі жорға, / Саламын жорғалатып жолдан-жолға. / Найзамен қар үстіне суды құйып, / Ғажайып бір іс қылдым осы жолда.
- Бір құс бар тап-тамаша тұмсығы ұзын, / Есептеп келеді өзі жердің жүзін. / Салғанда жалтыр мұзда жорғалайды, / Кейбіреу білмейді оның басқан ізін.
- Жирен тұлпар желгенде / Тұяғынан тер тамар. / Аққан тері әшекей, / Қар үстіне жол салар.
- Өзі арық, / Басы жарық, / Жүрген жері көп әріп.
- Басын қырқамын, / Тілін жарамын, / Су беремін, / Сонан соң өзі сөйлейді.
- Қара-дүр қасы, / Жарық-дүр басы, / Тұқаң-тұқаң еткенде, / Келеді көздің жасы.
- Атыңнан айналайын Әбдіхалық, / Дымдыға дымсыз кірер басы жарық.
- Тастан құдық, / Біз тұмсық, / Суалар бастау қылып. / Бес солдат күтуші қып итергенде, / Қарайтар ақ жазықты жастау қылып.
- Жаны жоқ, бірақ ізі бар, / Жетектеп өзің жүресің. / Сол ізді қайта зерттеп кеп, / Көп нәрсені білесің.
- Ұзын тұмсық сауысқан, / Бір көлдің суын тауысқан.
- Екі басты айдаһар, / Қара суды ішеді. / Қайта құсып ақ жерге, / Өрнектері түседі. / Онсыз жаңа іс болмас, / Адамның қылар ісі еді.
- Қалам шәріп, / Екі тұтам, / Екі елі, басы жарық.
- Бір бөлек көріп жүрмін жайма базар, / Өн бойы бір азамат қағаз жазар. / Қасында құдығы бар тастан соққан, / Суарып қолда сайман пайдаланар.
- Жапанда бір құдық бар суы тәтті, / Ішінде бір бәйтерек бек айбатты. / Жаралған десең болар, қандай шебер, / Адамзат не бол десе, сол болыпты.
- Бес көл бар айналасы қоршаулы тас, / Сүңгиді жалғыз үйрек екі айыр бас. / Бес жігіт бір өзіне қызмет қылған, / Тамған жерде қалар көзіне жас.
- Бір нәрсе құмырсқа бел, сүйрік тұмсық, / Екі бүйірі шығыңқы, көзі қисық. / Жансызда жалықпайтын соны көрдім, / Жорғалап қызмет етер құстай ұшып.
- Секіріп жүріп сырғиды, / Тетігі бірақ адамда, / Ақылмен, бимен жылжиды.
- Бір жорға бар шабысты, / Ақ қағазға жабысты. / Жорғаласа тайпалап, / Келтірер көп табысты.
- Қабы сояу, / Тіні бояу.
- Бір нәрсе ала шұбар, қара тұмсық, / Қарасаң басқан ізі қисық-қисық. / Өзі жансыз, жандының күшіменен / Борайды ат үстінде желдей есіп.
- Өзгені бақытты етем деп, / Өзі қажалып кетеді.
- Тамға таяқ сүйедім, / Отыз екі сыр-сырлап.
- Бір құс бар екі тілді сайрап тұрған, / Үстінде мәуесі бар жайнап тұрған. / Ішетін суы да көп, ішу де көп, / Құдығы тасбұлақтан қайнап тұрған.
- Бір құс бар дарияда тұмсығы ұзын, / Жаны жоқ жанды малдан жүрер бұрын. / Бұл жұмбақ талай жерде айтылып жүр, / Еш адам шеше алмайды бұдан бұрын.
- Үшкір ғана бір нәрсе айыр басты, / Құдықтан көзге сулап төкті жасты. / Кеппейтін мәңгі бақи жастың ізі, / Дүниенің бәріменен араласты.
- Үш адам мініп алып жалғыз жорға, / Үшеуі тәуекел деп түсті жолға. / Ізінен жорғасының тәлім қалып, / Кетіпті жаппай тарап қолдан-қолға.
- Бір ыдыс әркімдерге болған аян, / Бір жерде сабыр етіп, қылмас баян. / Әркімнің қолында жүр оның суы, / Ол судан ақыл табар барлық адам.
- Дүниеде бір құдық бар қайнап жатқан, / Ішінен су шығады мың сан батпан. / Сол құдық сондай-ақ көп болса дағы, / Бетіне бетегесі шығып жатқан.
- Ағартуға жоқ, / Қарайтуға әйдік-ақ.
- Зерек бала қолданса, / Көңілі тояр. / Жалқау бала қолданса, / Қол-аяғын бояр.
- Кішкене құдықтан, / Найза ұшты шыбық / Су ішіп құныққан.
- Он қойым өміріме болады азық, / Инемен суарамын құдық қазып. / Жатсам да, тұрсам дағы өз қасымда, / Өзімнен көрген емес кейін қалып.
- Бір кісі он әскермен жүреді ылғи, / Әскері мұздан бөрік киеді ылғи. / Кісі отырып, әскері қызмет қып, / Еңбегі иесіне тиеді ылғи.
- Он аққу бір қапасқа қорғалаған, / Су ағып ортасынан сорғалаған. / Үстіне ақтан кілем жайып тастап, / Қоңыр қаз ортасында жорғалаған.
- Бес жігіт сапар шегіп шықты жолға, / Мінгені бесеуінің жалғыз жорға.
- Үш батыр қолдарына алды найза, / Су ішіп бір құдықтан етер пайда. / Бірінсіз бірі жұмыс ете алмайды, / Тарайды еңбектері талай жайға.
- Бес үйрек суда жүрер саныменен, / Қаршығам төңкерілер айнаменен. / Жұмбақты табар болсаң, ойланбай тап, / Бір аққу жолдас болған бәріменен.
- Бес кісі тәуекел деп түсті жолға, / Сенгені бесеуінің жалғыз жорға. / Басқаны сол жорғаның бітті болды, / Кетеді, қамшыласа, оң мен солға.
- Бір құс бар бұлбұл деген ұзын мұрын, / Сөйлесе, келтіреді сөздің нұрын, / Үстіне көкше мұздың жорғалаған, / Құс жоқта сөйлейтұғын одан бұрын.
- Ата тегі ағаштан болды, / Ақылын тауып, әсем жанды. / Теңіз беті шимайланды, / Бірақ ойым симай қалды.
- Ақтан қарасы бар, / Қарадан қоясы бар.
- Жер емес, көк емес, өзі ақ, / Үшеуі басында тұрады, / Біреуі жүргізеді, / Екеуі қарап тұрады, / Біреуі бұйырып тұрады.
- Бір жанды бір жансызға мінгеседі, / Жүгіріп әр жерлерден із кеседі. / Тоқтамай жолдан жолды іздеп жүріп, / Ойлаған бір орынға кездеседі.
- Ақ тақырда қара дән, / Қолмен сеуіп, сөзбен көр.
- Ақ тақырда қара тұқым себілген, / О тұқымнан білім дәні егілген.
- Ақ жерде қара тары, / Кім шашса, сол орады.
- Бөлінгенді табыстырады, / Біріктіріп қабыстырады. / Жымдастырады жігін, / Байқатпайды түгін.
- Бір нәрсе бетінде жоқ ой менен қыр, / Өзінің кіндігінен айналып жүр. / Өзіне назар салып қарасаңыз, / Келбеті жер жүзінің көрініп тұр.
- Жұқа тақтай бөлшегі, / Ұзындықтың өлшемі.
- Бір сирағы біз, / Бір сирағы салады із.
- Болғанда айналасы, түсі қара, / Ілулі көпшілікке тұрған жаңа. / Бірде бар, бірде жоқ боп құбылып тұр, / Ақылым жете алмай жүр бұған жаңа.
- Алыстан үйде отырып, алдым хабар, / Формалап әрбір жерді бояу жағар, / Айлықпен анда-санда барғай деп, / Тоқтамастан тана тағар.
- Аяғы жоқ жүреді, / Аузы жоқ сөйлейді.
- Бір мақұлық бар тілі жоқ, / Сөйлегенде міні жоқ.
- Әкеміз Ормамбет хан, біз немере, / Ойласаң, ойға түсер әрбір неме. / Адамға тілсіз, жайсыз сөйлеседі, / Қолы жоқ, аяғы жоқ ол немене?
- Келеді сапар тартып алуан жолдан, / Тамаша қызығы көп түспес қолдан. / Қызығын оқысаңыз тамашалап, / Қаласың хабарласып барлық жайдан.
- Үйіне мәңгі қайтпайтын, / Қонақтар түнде келеді. / Іздесе адам таппайтын / Жаңалық айтып беретін.
- Жансызға жиырма тоғыз болдым таныс, / Тамаша бір жүйрікпен қылдым жарыс. / Жансыз тұрып, жандының себебімен, / Аяғын басады екен шәлкем шалыс.
- Бір сайдан жиырма тоғыз бұлақ ағар, / Адамдар ойы терең, билеп табар. / Құяды, оннан асса, көлге барып, / Аяғы көз жетпейтін дария болар.
- Сенде бар, менде бар, / Адамда жоқ. / Жанда бар, ханда бар, / Ғаламда жоқ. / Тиде бар, сыйда бар, / Харамда жоқ. / Шамға бардым, үшеуін көрдім, / Мысырға бардым, біреуі де жоқ. / Жалғаннан біреу, екеу, үшеу, / Төртеуін бір жерден көрген адам да жоқ.
- Бірін-бірі қоштаған, / Бір үйге жиналыпты, / Қырық екі дос жаран.
- Қырқада бар, қырда бар, / Айранда бар, сүтте жоқ. / Көп ойланбай кім табар, / Мұнда қиын түк те жоқ.
- Бойлаған сайын тереңге, / Шығасың биік белеңге.
- Білімнің дәнін тереді, / Балаға тәлім береді.
- Қаздар бар жиырма тоғыз бірге туған, / Әлемнің былық басқан бетін жуған. / Қор болмайды, өмірде кем болмайды, / Туа салып анадан соны қуған.
- Бір атадан туыпты жиырма тоғыз баласы, / Бірлігінде бұлардың, ешкімнің жоқ таласы, / Бірігіп жүріп іс қылар, өзің ойлап қарашы.
- Бір патша, екі уәзір бек байланды, / Әрқашан он батырды жауға айдайды. / Құдыққа жіпсіз салып бір адамды, / Бесеуі шығаруға оңтайланды.
- Бір ат бар бесеу ара өзі жорға, / Саламын жорғалатып жолдан-жолға. / Найзамен қар үстіне суды құйып, / Адамға да бір түрлі берер пайда.