Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Үйдің керек-жарақтары және жиһаздар туралы жұмбақтар

Үйдің керек-жарақтары және жиһаздар туралы жұмбақтар — 57 жұмбақ. Әрқайсысының жеке беті бар.

  1. Қараңғы үйде белін буған бек жатыр.
  2. Жалпақ бетті батыр, / Белін буып жатыр.
  3. Жақсы жерде жүреді, / Жаман жерде жатады.
  4. Белін берік байлаған, / Босағадан жай алған. / Лас, қоқыр, шаң-тозаң, / Қосақтап бәрін айдаған.
  5. Базардан белбайлау қыз әкелдім.
  6. Екі егіз қарсы келді, / Арасына көк мұз түсе берді, / Біреуі жанды, біреуі жансыз.
  7. Қысы-жазы үйде тұрады, / Өзі мұзға ұқсайды. / Бетінде сәулесі бар, / Бұл жұмбағым кімге ұнайды.
  8. Болғанда бір ауызға екі қақпақ, / Еркінде адамзаттың ашып-жаппақ. / Қаншалық білім-өнер, азық-ауқат, / Ішінде сол нәрсенің қойған сақтап.
  9. Басы жоқ төрт аяқты жансыз бір зат, / Құлағы жоқ, көзі жоқ, бейне бір ат. / Жүк артсаң әсте белі майыспайды, / Құйрық-жалсыз, бұл не қылған зат.
  10. Төрт аяқты болса да жүре алмайды, / Өздігінен бір нәрсе біле алмайды. / Жайылған дүниеге бір ғажайып, / Тік көтеріп отырар адамдарды.
  11. Өзі кірден арылмас, / Ізінен кір табылмас.
  12. Бір қыз қарап тұр, / Шашын тарап тұр. / Белін буып тұр, / Бетін жуып тұр.
  13. Белі бір, белбеуі он бір, / Кетпейді өмір бойы бетінен кір.
  14. Бір үйден бала көрдім басы жалпақ, / Белінде белбеуі бар бунақ-бунақ. / Тымтынып үй ішінде жүгіреді, / Ерте-кеш, анда-санда, уақ-уақ.
  15. Сақалы жоқ, шашы бар, / Бет-аузы жоқ, басы бар. / Белін бекем байлаған, / Қоқсықты қоймай айдаған.
  16. Бес жерінен буынған, / Еңбек десе жұмылған.
  17. Үйде жездем жатыр, / Жез белбеуін орап жатыр.
  18. Кіруге адам батпайды, / Затыңды аман сақтайды.
  19. Бір нәрсе төртпақтасып ұйықтап жатыр, / Қарнына көрінгеннің бәрін жұтар. / Адамзат қажеттісін іздегенде, / Қаңқ етіп ала ғой деп аузын ашар.
  20. Төрт бұрышты, / Бір ауызды.
  21. Бір итім қабаған, / Аузына темір жамаған.
  22. Бір нәрсе төрт аяқты, екі басты, / Көтеріп адамзатты көңіл ашты, / Бір адым жерге өзі бара алмайды, / Аяғы болса дағы қозғалмас-ты.
  23. Көп жерде кездеспейді осы шұбар, / Шұбарға мінген жанның бәрі құмар. / Жүк артып мінсе дағы қанша оны, / Сонда да арықтамас ол жануар.
  24. Болғанда беті гүлді, асты сырлы, / Жинаған арасына жүн-жүбірді. / Төрт бұрыш, тоқсан жолды торқасымақ, / Халінше адамзатқа пайда қылды.
  25. Бір нәрсе өзі жансыз керіледі, / Қампиып қарны торсық көрінеді. / Ісі бар және о дағы таңғажайып, / Сабаса екі жақтап семіреді.
  26. Дүниеде бір қақпас бар құйған қыштай, / Ішінде түрлі аң жатыр іші пыспай. / Қапастан сол аңдарды шығарған соң, / Отырар құрмет етіп ұстай-ұстай.
  27. Жайсам, жамшыдай, / Жисам, қамшыдай.
  28. Түнде түйедей, / Күндіз түймедей.
  29. Жайса, көлдей, / Жиса, жеңдей.
  30. Жатса, қояндай, / Тұрса, түйедей.
  31. Аяғы жоқ, қолы жоқ, / Көйлегі көк, қарны тоқ.
  32. Керегенің басында / Мақпал қоржын.
  33. Кішкентай ғана мінтас, / Алып ұрсам сынбас.
  34. Табан-табан, табан-ай, / Табаны жалпақ қоян-ай. / Көлеңкесі күмістен, / Күліп тұрған қоян-ай.
  35. Қарап тұрсаң өзіне, / Сурет түсер көзіңе. / Ол суретің ұқсайды / Дәл қазіргі кезіңе.
  36. Бір көл бар, мөлдір емес, лас емес, / Ішіне ит түссе де, арам емес.
  37. Адамды тартып алар көрсе өзі, / Мелшиіп қарап тұрар болмай сөзі. / Жанына барған кісі екеу болар, / Бетіне түртіп қалсаң, шығар көзі.
  38. Алдыма келіп бір сағым, / Көрінді менің көзіме. / Бұл қалай деп сенбеп ем, / Дәл келтірді өзіме. / Байқап тұрсаң, бір ғажап, / Аждаһадай тұлғасын / Сиғыздыра әкелген / Алақандай көзіне.
  39. Әрі отыр ләйлім құс, / Бері отыр ләйлім құс. / Көлеңкесі күмістен, / Күліп тұрған ләйлім құс.
  40. Бір дария жерде емес, көкте де емес, / Дарияның аузы көмеш, түбі төгеш. / Суының мөлдірлігі таңқалғандай, / Ішіне ит түссе де, арам емес.
  41. Күнде оған қараймын, / Қара шашым тараймын.
  42. Сүңгідім суға қарап етпетімнен, / Артыма бір қарадым кеткенімнен. / Әлгі су сүңгіп кеткен мұз боп қатты, / Тағы да шығар-шықпас еркі өзімнен.
  43. Көлеңкесін көріспек, / Көріп тұрсаң, күліспек.
  44. Үстінен ажырамас ағаш енді, / Қарасаң күлкісіне, тамаша енді. / Сұлулық, көркемдікке әуес болған, / Адам менен өзі жүрер таласа енді.
  45. Бір нәрсе су ішінде болды пайда, / Дарияға оны алатын дәурен қайда.
  46. Дөңгелек айналасы, үсті тегіс, / Табылар тарапынан түрлі жеміс. / Төртеуі ағайынды тату екен, / Олардан аулақ жүрер ұрыс-керіс.
  47. Төрт келінге бір орамал.
  48. Арқасында азығы, / Бауырында қазығы, / Күнде шүлен тарқатар, / Оның неден жазығы?
  49. Бір нәрсе дөңгеленген төрт аяқты, / Көтерген үш уақыт барлық затты. / Жем беріп, сол уақытта келгендерге, / Етеді көңілін шат, әрі ауқатты.
  50. Бір дария жерде де емес, көкте де емес, / Төрт тіреу төрт жағынан тұрады егес. / Үстіне алуан түрлі жеміс шашып, / Бірнеше үйрек келіп қонады еміс.
  51. Бір нәрсе ет жемейді, су ішпейді, / Үстінен оның, сірә, жан түспейді. / Шаршамас, белі талмас, сондай мықты, / Тұруға жалықпайды, беріспейді. / Міні жоқ, бойы сұлу болғанменен, / Таңырқап оны адам көріспейді. / Мінезі сол нәрсенің сондай жуас, / Бір-бірін бөтен малдай тебіспейді. / Жұмысын салтаң мініп бітірмесе, / Жегуге арба шана көніспейді.
  52. Адам жоқ, салмақ салмаған, / Орны жоқ, кезіп бармаған. / Тізе бүкпей әлі тұр, / Сонда да таяғы талмаған.
  53. Бар екен бір асыл зат белін буған, / Қаншама жиренбейді лас судан. / Жаны жоқ кеудесінде болса дағы, / Қалмайды көп жиылған ұлы дудан.
  54. Өзі кірді ашады, / Суға салсам, қашады.
  55. Бұдан кір қорқады, / Судан бұл қорқады.
  56. Бір нәрсе екі түрлі заттан болған, / Адамзат шығарады істеп қолдан. / Жұмсаймыз уақытымен тазалыққа / Өмірі ақырында бітер содан.
  57. Бір жігіт үш белбеу байланады.

Ауыз әдебиеті