Ыдыс-аяқтар туралы жұмбақтар
Ыдыс-аяқтар туралы жұмбақтар — 92 жұмбақ. Әрқайсысының жеке беті бар.
- Бір жәндік айдалада жүрген неғып, / Киімін мінсіз қылып пішкен неғып. / Киімі, бөркі, тақия, бірі қамзол, / Алып тұр екі иініне үкі тағып.
- Бір нәрсе өзі жансыз, іші томпақ, / Бір қолы шекесінде шынашақтап. / Бір мұрын, бір ауызы бар, бір қалпағы, / Өзінің аяғы жоқ, табаны жалпақ.
- Сары ағаштан сарайым, / Ішіне жаққан қалайым. / От пенен су бір жерде, / Табылып тұр, әрдайым.
- Кесе-кесе мұқалды, / Жони-жони жұқарды.
- Бір таудан, бір тау көрдім биік тұрған, / Ішінен от пен суын жиып тұрған. / Не қылған мейірімді зат біле алмадым, / Тиіп кетсең желіні иіп тұрған.
- Жер баспайтын аяғы, / Апамның ақ таяғы. / Жұдырықтай қамырды, / Жаулықтай ғып жаяды.
- Қабақта қара бурам шөгіп жатыр.
- Түгел айтсаң не барын, / Төрт құмалақта бір қарын.
- Болғанда бір атасы, төрт баласы, / Адамзат толған қоршап айналасы. / Қойсаң да айдаһардың аузын ашып, / Адамға қызмет ету бар шарасы.
- Бір мешкей бар төрт құлақты, / Қою, сұйық жегізіп жұртқа ұнапты.
- Аяғы жоқ, қарны тоқ, / Құлағы бар, басы жоқ.
- Бір нәрсе көлге қарап аузын ашқан, / Түседі аузына талай қашқан. / Болғанмен басы қиын, түбі рақат, / Онымен талай адам жағаласқан.
- Атқа мінді, / Отқа қырды.
- Аузын тартса, / Демін тартқан сөзі бар.
- Бір нәрсе жансыз, аяғы жоқ, / Су мен шөптен басқа тамағы жоқ. / Ішін ашып қарасаң әрбір кезде, / Тұрады жегендері жабағы боп.
- Мұрыны бар кеудесінде ұзын тұрғы, / Салғаны құлағына үлкен сырға. / Басында кемерленген кепесі бар, / Бейнеті арылмайтын бір бишара.
- Айтайын мен бір жұмбақ табасың ба, / Таба алмай аң-таң болып қаласың ба? / Дарияның ортасында қоңыр үйрек, / Құйрығы дарияның жағасында.
- Беті үлкен тым-ақ өзге денесінен, / Бұлаңдап түсіп шығар кемесінен, / Ішіне қарын-қарын суды құйып, / Шығады сүңгіп-сүңгіп денесімен.
- Тұрады кісі келсе сары болып, / От пен су тұрады жары болып, / Ішінде қазынасы сол сары алтын, / Жақсылар бөліп алады бәрі болып. / Түйенің төрт табанындай табаны бар, / Мойынына сәлде салады кәрі болып, / Өзінде ашып кірер есігі бар, / Дәм татып шығатұғын тесігі бар.
- Жансызда төрт аяғын басып тұрған, / Аузынан гауһар отын шашып тұрған. / Айналып машинасы келгенінде, / Өзіне көп адамды асық қылған.
- Көрінер анадайдан сары болып, / Қайнайды от пен су сары болып. / Өзінің ұстайтұғын құлағы бар, / Және де ағызатын бұлағы бар.
- Сары ағаштан сарайым, / Ішінде жаққан қалайым. / От пен су бір жерде / Табылып тұр бір жерден әрдайым.
- Қарны қартас, / Мұрны бұртас, / Атқа мінбес, / Жаяу жүрмес.
- Бір ердің қарнында от жанады, / Қарамай өлгеніне шоқ салады. / Халықты айналдырып жиып алып, / Ол ердің бергеніне жұрт қанады
- Көрдім бір зат расында, / Ақ қалпағы басында. / Үлкен-кіші жиылса, / Отырады қасында.
- Төрт аяғы астында, / Ақ сәлдесі басында. / Нелер жақсы келгендер / Ұялмай ішер қасында.
- Анау тұрған нар ма екен, / Нар ботасы бар ма екен? / Табанында тас қойып, / Дәрет алған бар ма екен.
- Бір нәрсе аш жыландай жылап тұрған, / Көзін жұмып, ақырын бұлап тұрған. / Төбесінен азырақ алтын құйсаң, / Бұрқыраған бұлағы құлап тұрған.
- Ішпей-жемей тұрады суға тойып, / Жар басынан кетеді құдық ойып.
- Кішкене ғана келіншек, / Екі шелек су ішеді. / Бір адамды қинайды, / Көп адамды сыйлайды.
- Базардан алып келген алтын сандық, / Он жігіт омыраудан кілт салдық, / Су ішіп, көмір жеп, күл түскен.
- Су келеді сылдырап, / Қос қоржыны жанында, / Қоңыр телпек басында, / Ұзын бойлы қарадан, / Жолдасы бар қасында. / Бұрқан-талқан болады, / Шыдамаса ашуға.
- Айуан төрт аяғын басып тұрған, / Аузынан заһар отын шашып тұрған.
- Айтайын бір жұмбағымды саған нұсқап, / Басына бөрік киер, құндыз ұстап. / Үстіне ақ бешпетін киіп алып, / Жүреді екі қолын артына ұстап.
- Ғаламат төрт аяғын басып тұрған, / Сырғасын құлағына асып тұрған. / Ысқырған айдаһардай айбыны бар, / Аузынан гауһар отын шашып тұрған.
- Жылғасы жоқ, саясы жоқ, / Су ағар жылтырап. / Ортасында бір нәрсе / Қызарады қылтырап. / Дәлекей қалпақ басында, / Екі бала қасында. / Қайда тақыр көрінсе, / Қақаяды қасында.
- Қоқан бөркі басында, қос қоржыны қолында, / Хан да жақсы көрініп отырады қасында. / Өзен емес, көл емес, су ағады жылпылдап, / Ортасында бір нәрсе қызарады қылтылдап.
- Арығы жоқ, жабы жоқ, / Су ағады сыртылдап. / Ортасында бір нәрсе / Қызарады жылтылдап.
- Аузы бар арқасында иегі жоқ, / Далаға кіріп шығар тірегі жоқ. / Күл менен жаңқа жеп, су ішеді, / Байғұстың онан басқа қорегі жоқ.
- Көзіме көрінеді сары болып, / Ішінде от пен су жары болып. / Төрт аяғы түйенің табанындай, / Екі құлағы шошқаның қабанындай.
- Сылдыр-сылдыр сары айғыр, / Ашуланса кісінер. / Құлындары құла ала, / Құйрық жалы қара ала.
- Адамға қарайтұғын қабағы жоқ, / От пенен судан басқа тамағы жоқ. / Біраздан соң қарасаң аузын ашып, / Ішіндегі қалады жабағы боп.
- Мұрны ұзын, аузы көрдей қара кемпір, / Төркіні Бұқар жақта, өзі жесір. / Бір күні бұл қашып кетер-ау деп, / Сыртынан бес кісіні қойдық кепіл.
- От басында бүкір шал, / Тірлігіне шүкір шал.
- От басында таукешік.
- От басында омпиған, / Омырауы томпиған.
- Бір қарыс, екі тұтам бойы бар-ды, / Өзінің сақилықтан ойы бар-ды.
- Таңертең тұрып шатырымды құрдым.
- Ерте тұрып шатыра жайдым.
- Тұтқасы бар ұстайтын, / Алақандай жерге қыстайтын. / Сағат болмай көшеді, / Тиіп кетсең, ұшады.
- Он екі аққу, бір тақыр, / Бір тақыр көлді жағалайды.
- Кішкене ұлым бар, / Кірген-шыққан сүйеді.
- Ымпиттым да жымпиттым, / Жүнін алып сымпиттым.
- Аузы бар да, тілі жоқ, / Құйрығы бар да жүні жоқ.
- Бір нәрсе аяғы бар, тұяғы жоқ, / Мойны бар, басы менен құлағы жоқ. / Артында бір көлденең ағашы бар, / Сонда да мал секілді сияғы жоқ.
- Көк өгізім гүрілдейді, / Жансыз ағаш дірілдейді.
- Екі малта, бір көсік, / Екеуінің бірлесіп / Көтергені бір көсік, / Үшеуінің аңдығаны бір тесік.
- Бір бием желіні жетіп егіз тапқан, / Айғыры туар күні үйірін тапқан. / Бірі ұлпал, ласының бірі жаңқа, / Япырай, неткен зерек мұны тапқан.
- Түнде буаз, күндіз қысыр, / Күндіз буаз, түнде қысыр.
- Айдаһар жылан көрдім екі басты, / Бір басы бір басынан екі елі асты. / Аузына қанша нәрсе түссе дағы, / Аптығып өз-өзінен жұта алмасты.
- Буынын басса, былқ етер, / Тайып кетсе, шық етер.
- Үлкен келін есік ашты, / Кіші келін ұрып қашты.
- Кішкене ғана келіншек, / Бет моншағы төгілшек.
- Аузы бар да тісі жоқ, / Оны ұрмаған кісі жоқ.
- Жансызда бір жансыз бар тоймайтұғын, / Қолында шоқпары бар қоймайтұғын. / Белінде үш-төрт жерден белбеуі бар, / Өзі өлмесе, белбеуі тозбайтұғын.
- Кең балақтың ішінде / Кетпен сап болады.
- Бір ағаштан үй тіктім, тиып-қиып, / Ішіне неше мың жан кетер сыйып, / Тек біріне ғана сен тиіп қалсаң, / Баршасына кетеді бүлік тиіп.
- Кең шалбардың ішінде / Кертік басым ойнайды.
- Тамаша құстар көрдім құйған қыштай, / Қапаста жатыр алтау іші пыспай, / Қапастан сол алтауы шыға келсе, / Қылады әркім құрмет қолын ұстай.
- Жоғарыдан асқан, / Ортасына көр-жөр басқан.
- Ана беттен бір ұрды, / Мына беттен бір ұрды. / Апам ұра берген соң / Аппақ тозаң құйылды.
- Тап-тап етеді, / Астынан керуен өтеді.
- Аласа үйден қар борайды.
- Үйге біткен бәйтерек, / Жапырағы жыртық терек. / Жапырағы жыртық болса да, / Бәйбішеге сол керек.
- Кішкене ғана аран, / Асты толған боран.
- Көз алмассың жүзінен, / Үй өткерер көзінен.
- Өзі – жаңа, / Өзі – тесік.
- Бір жансыз, өзі жаңа, дөп-дөңгелек, / Жұтатын қисабы жоқ тамақ керек, / Өзіне керек асын бере берсең, / Қылады ірілі-уақты екі бөлек.
- Жаңа табақ түбі тесік, / Тақ-тақ етті, / Астынан керуен өтті.
- Ішкен суын шұңқырға құяды.
- Үйректің өзі тереңде, / Ақ құйрығы ернеуде.
- Басы ұяда, / Құйрығы қияда.
- Асқа бармайды, / Аспаздан қалмайды.
- Сүбелі, бүйірі бар, қабырға жоқ, / Жүреді екі қолымен омыртқа жоқ, / Ал өзі өмір бойы жер баспайды, / Бақай, тірсек, тілерсек, тобық та жоқ.
- Аппақ, ұзын қозғалмай жатыр сулап, / Сол нәрсе қолға түссе, кетер турап.
- Бір хайуан ұзын түсіп, жатыр сұлап, / Адамзат көтермесе кетер құлап. / Бетіне келген жанды тіліп тастап, / Қозғалар адамнан тек көмек сұрап.
- Басына темір киген, қос құлағы / Бар екен адамзатпен ынтымағы. / Жүрмейді өздігінен сүйремесең, / Мекені отыратын тамақ жағы.
- Аузы бар да, тілі жоқ, / Терісі бар да, жүні жоқ.
- Ағарып кіреді, / Қызарып шығады.
- Үсті тас, асты тас, / Ортасында піскен ас.
- Үсті темір, асты темір, / Ортасын ал да, кемір.
- Бір жансыз табылады адамзаттан, / Іні бар жырақ қана кіріп жатқан. / Арқасы інге кірсе көрінбейді, / Ғажайып іс табылар осы заттан.