Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Аспан әлемі туралы жұмбақтар

Аспан әлемі туралы жұмбақтар — 96 жұмбақ. Әрқайсысының жеке беті бар.

  1. Төңірегі тең көрініп, / Тегене жатыр төңкеріліп, / Жас та сиған, кәрі сиған, / Астына оның бәрі сиған.
  2. Күндіз беті таза, / Түнде бетін әжім басты.
  3. Дүниеде бір қарбыз бар солмайтұғын, / Жаз шіріп, қыста үсіп тоңбайтұғын. / Жаһанның жерін, суын, жәндіктерін, / Іші кең бәрін салса толмайтұғын.
  4. Бір түкті кілем, / Бірі түксіз кілем.
  5. Жапанда жайнап тұрған бір бәйтерек, / Заты бар бұтақ сайын жанға керек. / Балта, шөміш, түрен мен мойынтұрық- / Төртеуін таңдап алдым ерекше елеп.
  6. Түбі көк дария, / Іші мұнара, / Отыз шешегі.
  7. Екі тері, / Екеуі де кең тері.
  8. Тең, тең, тең киіз, / Екі ортасы кең киіз.
  9. Бір қоян қайың тауды арқалаған, / Ертерек қоян еді марқалаған. / Жолында алтын гауһар толып жатыр, / Еш адам ала алмайды балталаған.
  10. Бір үйде қос сұлу қыз ағайынды, / Екеуі қызықтырған талайыңды. / Жүдемес төрт маусымда мұңаймаса, / Тұрады нұрға малып маңдайыңды.
  11. Су ішінде екі жайын, / Бірі кетсе, бірі дайын.
  12. Айтайын мен жұмбақ сексен сегіз, / Шешуі қиын емес ескерсеңіз. / Болады бірі өткір, бірі өтпес, / Ақылы мұны тапқан ұшан-теңіз.
  13. Тең, тең, тең киіз, / Екі ортасы кең киіз. / Арасында киіздің / Сайрандаған қос мүйіз.
  14. Біреудің бір ұлы бар және қызы, / Біледі ол екеуін дүние жүзі. / Ұйықтайды ұлы түнде, қызы күндіз, / Жүргенде білінбейді басқан ізі.
  15. Алтын кетті, / Күміс келді.
  16. Дарияда жайын жүзер дөп-дөңгелек, / Қанаты асты қара бір көбелек. / Жанады бір шаһардан сансыз шырақ, / Адамға қиын екен санап білмек.
  17. Бір анасы, бір атасы, / Бірнеше мың баласы.
  18. Көрінді ту алыстан көкше теңіз, / Тырнадан он бірі арық, бірі семіз, / Бөлініп бір топ үйрек кетті-ау ұшып, / Ол үйрек әлде жеті, әлде сегіз.
  19. Ай далада ақ шатыр, / Ақ шатырдың ішінде / Қызыл көзді шал жатыр.
  20. Табан, табан, табан ақ, / Табаны жалпақ қоян ақ. / Күлген көзі күмістен, / Келе жатыр қоян ақ.
  21. Ар жағында орманның, / Ар жағында таулардың, / Алтын кеспек домалар.
  22. Дүниеде бір алыпты көрдім күшті, / Бар салмақ дүниедегі соған түсті, / Құнарлы қуатынан тояттанып, / Әртүрлі жер бетінде жеміс пісті.
  23. Көк жиекті шай табақта / Алтын алма тербелер. / Кейде бүркер алма жүзін / Ұлпа мақта перделер.
  24. Қызыл күлше тау асады, / Ыстық нұрын шашады.
  25. Аспанда бір айна бар, / Әлемді көріп айналар.
  26. Ұзын-ұзын сырғанақ, / Ұшығына кім жетер? / Асыл бесік күйкентай, / Жұмыртқасын кім табар?
  27. Ақ сандығым ашылды, / Ішінен дүрлер шашылды.
  28. Ақ сандығым ашылды, / Қызарып жалын шашылды.
  29. Керегенің басында кепкен жаулық, / Кет десем де кетпейді, неткен жаулық?
  30. Көк жүзіне қарасаң, төбеңде тұрады, / Көл бетіне қарасаң, төменде тұрады.
  31. Қарындасы қонаға / Ағасын іздеп келгенде, / Ағасы қашып кетеді, / Үйден шығып бір жерге.
  32. Ақырған айдаһардай арыстаным, / Айтысып тағы жұмбақ қалыспағын. / Екі өркеш, жеті башпай жұмбағым бар, / Осыны ойламай тап, данышпаным.
  33. Қонақтап күнде қонар су бетіне, / Сүйсінер барлық адам келбетіне. / Тұлғасы су ішінде көрінеді, / Таңырқап қарап тұрсам суретіне.
  34. Төсек астында жарты нан.
  35. Жабық астында жарты күлше.
  36. Үй астында ақ тоқым.
  37. Көлде жүрген ақ үйрек, / Түнде бар да, күндіз жоқ.
  38. Көп моншақ ішінде бір түйір қалам.
  39. Керегенің басында кепкен бауыр, / Кесіп алса таусылмас неткен бауыр?!
  40. Айдаһар күндіз жатып, түнде шығар, / Қаһарлы қалыбына әркім құмар, / Болыпты туғаннан-ақ күнмен талас, / Күнді көрсе, айдаһардың жүзі солар.
  41. Күндіз әйнегі сынады, / Түнде орнында тұрады.
  42. Кішкентай нан барша ғаламға жетеді.
  43. Жабықта жарты нан.
  44. Көк көрпенің ішінде жарты нан.
  45. Қонақтап күнде келер су бетіне, / Пар келмес гауһар заты келбетіне. / Сәулесі су жүзінде дірілдейді, / Тамаша қарап тұрсаң суретіне.
  46. Күндіз күннен таярмын, / Түнде әлемге аянмын.
  47. Кейде орта, кейде толы бір тегене, / Көрінер кейде күндіз, кейде түнде, / Бетіне ақ шағыдан перде тартқан, / Балалар, ойлап қара, бұл немене?
  48. Он төрт – он бес жасында / Адамның басындай. / Бір және отыз жасында / Адамның қасындай.
  49. Тап-тап, табан ақ, / Табаны жалпақ қоян-ақ, / Тайшыағардан су ішіп, / Туып тұрған дуадақ.
  50. Көп бауырсақ ішінде бір қалаш.
  51. Қырда қылыш жарқырайды, / Ойда атан бұрқырайды.
  52. Тақырда тайдың ізі, / Айналасы қойдың ізі.
  53. Әуелі айтатыным асыл шөлмек, / Бір толып, бір азайып қайта келмек. / Сарайда жанып тұрған сансыз шырақ, / Адамға оңай емес санап білмек.
  54. Тақырда Аймағамбет өліп жатыр, / Қасында есек жемі толып жатыр.
  55. Үй үстінде ұсақ тас.
  56. Үй үстінде алтын тас, / Алайын десем алынбас.
  57. Көп моншақ үй үстіне қойдым шашып, / Қарасам толып жатыр көзін ашып. / Үйіме сәулеленіп түссе жарық, / Кетеді әлгі моншақ бәрі қашып.
  58. Біреуде отряд көп сан жетпейді, / Күндіз олар ешкімге көрінбейді. / Мізбақпай ұзақ түнде күзетте боп, / Тұруға бір орында ерінбейді.
  59. Етегім толы сөк, / Ерте тұрсам жоқ.
  60. Тақиям толған сөк, / Ерте тұрсам дым да жоқ.
  61. Шым-шытыр, / Шиедей қотыр.
  62. Біз, біз, біз едік, / Отыз арба қыз едік, / Бір тақтайға жиналдық, / Таң атқанда жоқ болдық.
  63. Таң атқанша тары шаштым.
  64. Бірталай тары шаштым там басына, / Әуре болып толтыра алмай қамбасына, / Қиыстырып өлеңмен жұмбақ қылдым, / Ойлағандар мәнісін аңдасында.
  65. Бір байдың мың қойы қоздайды екен, / Біреуі біреуінен озбайды екен. / Болғанмен алтын астау, күміс күндеу, / Болғанша қиямет қайым тозбайды екен.
  66. Атасы мен анасы, / Миллионнан көп баласы.
  67. Күндіз бәрі қашады, / Түнде аспанды басады.
  68. Көкте күлімдейді, / Қолға ілінбейді. / Бірінен бірінің / Қашықтығы білінбейді.
  69. Күн батқан соң жайылдық, / Таң атқанша тойындық. / Таң атып жарық түскен соң, / Тойынып алып жойылдық.
  70. Шым-шытыр, шиедей қотыр, / Оның ішінде әкем отыр.
  71. Қиырсыз бір теңіз бар ол немене, / Құбылып қалқиды алтын бір тегене, / Сансыз құс жүзеді ортасында, / Алты қаз, жеті үйрек, үш бөдене. / Оқшау жүр ақ шағала, көк шағала, / Теңіздің ортасында күміс кесе.
  72. Алтын бәкі, / Күміс сәкі, / Қырық қысырақ, / Бір сәуірік.
  73. Бір емен, жеті терек, алты қайың, / Бұтағы толып жатыр дайым, дайым, / Ішінде шынар терек, үш қарағай, / Өңгесін айта беріп не қылайын?
  74. Аспанда ұшып жүрген жеті торғай, / Барады бір-біріне қосыла алмай.
  75. Жеті ағам жерге түспейді.
  76. Алты қаз, жеті үйрек, бір бөдене, / Кейде орта, кейде толы сары тегене, / Тұнық пенен лайдың арасынан, / Бір аққу ұшып шықты қанат кере.
  77. Алты қоян қашады бұдан былай, / Жеті лашын қуады ұдай-ұдай. / Артынан екі бүркіт тағы кетті, / Шешіп бер жұмбағымды қарап тұрмай.
  78. Мен бір жұмбақ айтайын асыл досқа, / Бір сарай толып тұрған ақ күміске, / Болғанда алты тауық, жеті тақ-тақ, / Баршасы қорқады екен тоты құстан.
  79. Бап-бап, басы бар, / Алтын ердің қасы бар, / Бұны тапқан адамның / Жүз жиырма да жасы бар.
  80. Байладым бір қазыққа екі жылқы, / Екі жігіт ала алмай болды күлкі, / Жетеуі бір қызға ғашық болып, / Ағарды қасіреттен сақал-мұрты.
  81. Туғанда алтау едім, / Өле-өле жетеу болдым.
  82. Аспанда ұшып жүрген алты торғай, / Өмірбақи жүреді жерге қонбай.
  83. Бар ма, жоқ па, анық білмейсің, / Ол жоқ жерде өмір сүрмейсің.
  84. Бір нәрсе жер мен көктің арасында / Көрінбейді өзі түгіл қарасы да, / Білінбей жер үстінде жүрсе дағы, / Пайдалы адамзаттың баласына.
  85. Салмағың бар өлшесем, / Көрінбейсің көзге сен.
  86. Аппақ жолға қараймыз тамсанып, / Сүтін төгіп кеткен кім, жол салып?
  87. Жағалдайдың түйесі / Жар жағалап келеді. / Сауырында таңбасы / Күйіп-жанып келеді.
  88. Азаяр қыста қызуы, / Молаяр жазда шыжуы.
  89. Тақия толы сөк, / Таң атқанда жоқ.
  90. Ақ сандығым ашылды, / Ішінен жібек шашылды.
  91. Жалғанда бір нәрсе бар аяққаптай, / Ұшады кешке дейін дамыл таппай.
  92. Екеуі де анасы, / Үш жүз алпыс бес баласы, / Отыз ор дуадақ, / Бес балақ сан, / Қырық сегіз патшасы.
  93. Там басына тары жайдым.
  94. Тақиям толы сөк, / Ерте тұрсам дым да жоқ.
  95. Біз, біз, біз едік, / Біз алты қыз едік, / Бір тақтайға жиналдық, / Таң алдында жоқ болдық.
  96. Алты қаз, жеті үйрек, бір бөдене, / Кейде орта, кейде толы сар тегене, / Тұнық пенен лайдың арасынан, / Бір аққу ұшып шықты құсқа төре.

Ауыз әдебиеті