Қол ісі туралы жұмбақтар
Қол ісі туралы жұмбақтар — 67 жұмбақ. Әрқайсысының жеке беті бар.
- Шаршамас кемпір көрдім жалғыз аяқ, / Аузына тістеп алған шиден таяқ. / Жүрген сайын белбеуін қабаттайды, / Беріпті әсемдікті аямай-ақ.
- Ақ күшігім жүгіре-жүгіре буаз болды.
- Жалғыз ғана көзі бар, / Алтыннан белбеуі бар, / Жыңғылдан таяғы бар.
- Мұрның-мұрның, мұрынды, / Мұрның неден жырылды? / Аузы-басын түк басып, / Сені неден жын ұрды?
- Көк лағым көген сүйреді.
- Көрінген жол үстінде доғалай бас, / Қолы жоқ, аяғы жоқ бұл қалай бас? / Жағынан шапалақпен сипап ұрсаң, / Атындай жолаушының жорғалай бас.
- Зырлайды күшік әжемнің, / Қолынан сүйек кеміріп. / Күн асқан сайын ақ күшік / Барады мүлде семіріп.
- Жиһанда бір құс көрдім жалғыз аяқ, / Аузына тістегені қылдан таяқ. / Бір ұрсаң шапалақпен, семіреді, / Белбеуі бар белінде сансыз қабат.
- Бар екен бір мақұлық жалғыз аяқ, / Аузына тістегені шетен таяқ. / Құдайдың құдіретіне таңғажайып, / Белбеуі беліндегі тоқсан қабат.
- Әрмен жүгір қараша ат, / Бермен жүгір қараша ат. / Ор түбіне келгенде / Тайып жығыл қараша ат.
- Ақ лағым арық еді, / Құйымшағы сымпиған. / Әжем бір күн бағып еді, / Семіз болды бұлтиған.
- Шыр көбелек айналар, / Беліне жіп байланар.
- Бөркі бар жақсы басында, / Он кісі бар қасында. / Бұйда тағып жетектеп, / Үйреттім өзім жасында.
- Іші қуыс, / Тысы тас.
- Бар екен дүниеде жалғыз көзді, / Сол көзбен дүниенің бәрін кезді. / Әлемді он сегіз мың киіндіріп, / Дүниеден жап-жалаңаш өзі безді.
- Сүйегі бар, еті жоқ, / Көзі бар, беті жоқ.
- Тап-тап, тап жорға, / Табаны үшкір көк жорға, / Желіп кетсе жеткізбес, / Жерге түссе табылмас.
- Жылт-жылт еткен, / Жылғадан өткен. / Балдырған безген, / Кентті кезген.
- Бір кішкене балауыз, / Ол балауыз шығып болса, / Жұрттың бәрі жалауыз.
- Кішкене темір, / Шидеректің о жағынан, / Бұ жағынан өтеді.
- Байлап едік тайлақты, / Мұрнынан арқан өткізіп. / Байласам да тұрмайды, / Шыр айналып жүгіріп.
- Жылт-жылт етеді, / Жүгіріп өтеді.
- Кірш-кірш етеді, / Ішіне кіріп кетеді.
- Жылмаң-жылмаң етеді, / Жылмаңдатып сайдан өтеді, / Із-міз тастап өтеді.
- Мұрнында байлауы бар, / Адамның айдауы бар.
- Дүниеде бір жебір құрт бар, / Артында бір жібі бар.
- Дүниеде бар екен жалғыз көзді, / Киімін үйіп тастап, күдер үзді.
- Жүгіріп кетсе, жүйрік бір, / Лып-лып етіп ойнаған. / Кереметі құйрық бір, / Құтаймай-ақ қойды оған.
- Әйдей-әйдей бесеуі / Темірден екен көсеуі.
- Қылдырықтай бір нәрсе иретілген, / Мойнында ұзын арқан сүйретілген.
- Бір тышқанда екі құйрық.
- Сығайған – сенікі, / Сулап салған – менікі.
- Үйрегім ұзақ сүңгіді, / Құйрықсыз қалды бір күні.
- Уқалап-уқалап тұрғыздым, / Сулап-сулап кіргіздім.
- Аузы менен көзі бар, / Сүйретіп досын ертіп жүр.
- Сулап-сулап тұрғыздым, / Итеріп-итеріп кіргіздім.
- Бастайды көп жыланды бір көк жылан, / Бір нәрсе жыландармен соғыс қылған. / Көк жылан бір нәрсеге көнек болып, / Тауысып барлығын да тыныш қылған.
- Сүйрей, сүйрей сүйреткімді жоғалттым.
- Пісіп алса, ілінбейді, / Қайта тартса, ешнәрсе ілінбейді.
- Ін қазып тұмсығымен жып-жып еткен, / Арқаны жүреді артта қалмай ерткен. / Жыбырлап істегені тез өнеді, / Іс қылып алғыс алар талай көптен.
- Екі басты жалмауыз, / Кейіп аузын ашады. / Алдына түскен нәрселер / Өзінен-өзі қашады.
- Бір әйеки құс екі қанатының / Ұшында екі көзі бар, / Анжал-манжалды өзі алып жей алмайды.
- Тіс деген жоқ, ерні өткір, / Қазықтаулы көмейі. / Қан шығармай өмірде бір, / Өлтіреді, жемейді.
- Бар екен бір жансыз зат сиыр тұмсық, / Матаның күнде жейді басын қыршып. / Матаның жеген сайын басын қыршып, / Артынан түбіт тұрар қыл-қыбыршық.
- Бір нәрсе өзі жансыз жоқ қой жаны, / Бір тарау ортасында байлағаны. / Өзі жансыз жандының себебімен, / Қалады жерге түсіп шайнағаны.
- Бір нәрсе үш аяқты сүйір тұмсық, / Жейді екен бір жайынның басын қыршып. / Жесе де ол жайынның тояры жоқ, / Қарасаң ішін ашып, шөп пен қылшық.
- Қолымда бір құсым бар екі басты, / Аяғын басқан кезде нәрсе қашты. / Аузын аждаһадай ашқан кезде, / Өлектеп атып тастар ішкен асты.
- Жарқылдаған қос қылыш, / Қолға тисе, жоқ тыныш.
- Сызылған жолға түседі, / Бойына шақ қып пішеді.
- Екі темір бірігіп, / Кесіп, пішіп береді. / Екеуі бірге жүрмесе, / Жоқ қой бізге керегі.
- Бір шұқырда мың шұқыр.
- Мылжа басты, / Мың көзді.
- Адамға сонша пайдалы, / Басында сансыз көзі бар.
- Бір атым бар өзі өте шабан, / Бірден артық мінбейді оны адам, / Қамшылап күні бойы тебінсем де / Япыр-ай жылжымайды төрт-бес қадам.
- Қыл-қыбыр да жүн қыбыр, / Жұла берсе, жарасар. / Екі мұртын қайырып, / Ұра берсе, жарасар.
- Қылмаң-қылмаң етеді, / Қаға берсең, жарасар. / Екі жағын жапырып, / Ұра берсең, жарасар.
- Жүріп келем, жүріп келем, / Екі етекті қусырып ұрып келем.
- Қосақтап серпе бердім, / Соңынан жорта бердім.
- Жыңғыл тақтым жұртыңа, / Жылпылдап бұтыңа. / Әне-міне дегенше, / Өте шықтым сыртыңа.
- Өзен бойын өрледім, / Су таба алмай шөлдедім. / Оң қолымдағы найзаны / Олай-бұлай сермедім.
- Ұзын-ұзын жолдар бар, / Үйрек қонар көлдер бар. / Ат үстінде шоқиып, / Отыратын күндер бар.
- Сиыр сойдым жұртыма, / Сымпылдаттым бұтыма.
- Мамық, шуаш иісті, / Шыр айналып жіп болар. / Тоқыса, жылылығы күшті / Ағашқа құйындап оралар.
- Шым шиедей қотыр.
- Өрнектеп, сәндеп, / Тістерін бүгетін, / Солпысын жөндеп, / Кім көйлек тігетін?
- Оның тіккен бұйымы, / Аяғыңда қартайды. / Шыға қалса жұлымы, / Әдемілеп баптайды.
- Кішкене өзі, мың көзді.