Шаруашылық құралдары туралы жұмбақтар
Шаруашылық құралдары туралы жұмбақтар — 101 жұмбақ. Әрқайсысының жеке беті бар. 1-бет, барлығы 2 бет.
- Қара бием қалт етті, / Қабырғасы жалт етті.
- Алдын ойпар, / Жанын жайпар.
- Жалғанда бір нәрсе бар боз құнандай, / Өзінің ұзындығы оқ жыландай. / Жапырып шөпті бұзып кетеді екен, / Өзінен кейінгіге жол қылғандай.
- Жаһанда бір айдаһар иір тілді, / Серуендеп сахараға серуен құрды. / Нақақтан өз басына пайдасы жоқ, / Алдына бет келгеннің бәрін қырды.
- Ұзын-ұзын із кетті, / Ұзын бойлы қыз кетті, / Қабырғасы қалт етті, / Омыртқасы жалт етті.
- Өзі бүкір, / Бүтін қырды таусады. / Қырдан қайтып, / Үйде бір жыл жатады.
- Көк өгізім көл жапырып бара жатыр.
- Тісі көп, аузы жоқ.
- Басы жоқ, екі беті, тісі бар, / Қақ бөлер бөренені күші бар.
- Елу аяқты, / Екі қолды. / Салады елу аяқпен / Жалғыз жолды.
- Бас аяғы теп-тегіс боп біткен, / Селкілдесе, денесі дір-дір еткен. / Өзіне қандай жуан кез келсе де, / Күшімен қақ айырып бөліп кеткен.
- Қаңылтыр қара мейіз, мыстан шеге, / Келбеті бұл жұмбақтың келер неге?
- Тізіле өскен тісі бар, / Көп істеген ісі бар.
- Жетпіс аяқ бауырында, / Екі қолы жауырында, / Тындырады істі ол, / Жеңілін де, ауырын да.
- Бір итім бар қабаған, / Маңдайына темір жамаған.
- Тоғайға барса, ауылға қараған, / Ауылға қайтса, тоғайға қараған.
- Жансыз жарады, / Жанды ұрады.
- Кішкене ғана келіншек, / Төбесінде түйіншек.
- Тістегені түспейді, / Отқа салсаң, піспейді.
- Ыстықты да ұстайды, / Суықты да ұстайды. / Егер бұйрық болмаса, / Еш нәрсені қыспайды.
- Болғанда жалпақ табан, жалғыз тісі, / Қолында адамзаттың барлық күші. / Үстінен бірер қабат жүріп кетсе, / Нәрсенің астындағы кірер түсі.
- Үй артында бүкір терек, / Күресуге кісі керек.
- Тәует бауыр, / Бота тірсек.
- Үй артында жауыр бұқа.
- Қу тізе қу ағашқа құндақтаймын, / Аузымда сегіз тісім жылмақтаймын, / Бірін мініп, біреуін қыстап алып, / Үстінде анда-мында ырғақтаймын.
- Базардан сатып алған боз арғымақ, / Белінде тартпасы бар будақ-будақ. / Басын артып, шылауын тартып қалсаң, / Кетеді жануарым зулап-зулап.
- Екі адам аға-іні, ағайынды, / Бірі үлкен, бірі кіші бар айыбы. / Дос-жаран ағасы ұстап, інісі ұрып, / Қанын шашты, айтпады қояйын да.
- Бір қарыс қана бойы бар, / Әр нәрсеге айналса, / Аламын деген ойы бар. / Тізіліп тұрған тісі бар, / Бір ағаш бар мұртында, / Тістің бәрі сыртында.
- Керегенің басында кетпен құйрық, / Кесіп алса, таусылмас кепкен құйрық.
- Жалғыз тіс, екі қолы, қос құлағы, / Бар екен барлығының ынтымағы. / Иесі ашуланып айдаса оны, / Бұрқырап бөтен жерден жол салады.
- Бар екен бір айдаһар аузын ашқан, / Көргенде адам пенде заһар шашқан. / Кетеді, ашуланса, таудай болып, / Қайнатып қара тасты ашу басқан.
- Өзінің жалғыз аузы бар, / Лебімен от шайнайды, / Гүрілдеп демін алғанда / Алтын ұшқын ойнайды. / Ағаштан күйген ас жейді, / Адамның қолы тигенде / Еңсеріле дем алып, / Кезек-кезек үрлейді.
- Ұзын-ұзын қос таяқ, / Өрмелейміз ұстап ап, / Келте-келте көп таяқ.
- Аждаһа дию көрдім аузын ашқан, / Келгенде жем жерінде қарсыласқан. / Мінеді ағаш атқа темір қамшы, / Көр қазір, қатты жүрсе, тозаң шашқан.
- Қараңғы үйде қабан күркірейді.
- Шаңы жоқтан шаң шығады.
- Арқасында аузы бар, / Тұмсығында құйрығы бар.
- Күйсеп жатқан тас көрдім.
- Бір нәрсе керегесіз дөп-дөңгелек, / Қозғалса, жүгіреді зыр дөңгелеп. / Аузына керек асын салып қойсақ, / Шығарат мына жақтан екі бөліп.
- Бір нәрсе өзі жансыз жоқ қой жаны, / Бір тарау ортасында байлағаны. / Өзінің жұтатұғын көмейі жоқ, / Қалады жерге түсіп шайнағаны.
- Бір нәрсе асты-үстілі алты қақпақ, / Бар пенде ырызығын онан таппақ, / Бұлт алып айналасы күркіресе, / Қар жауып арасынан болады аппақ.
- Қайнап жатқан тас көрдім, / Тұзсыз піскен ас көрдім.
- Апам астында жатыр, / Атам үстінде жатыр. / Қызылы кіріп жатыр, / Ағы шығып жатыр.
- Дария күркірейді көбік атып, / Әркім-ақ іздеп барар жүгін артып. / Дарияның әрі-бері өткелі жоқ, / Біреуі кеткен емес тірі қайтып.
- Бір топ қой бір көпірден өтіп жатыр, / Астында бір қобдиға кетіп жатыр. / Өзгеріп заңдары да басқаланып, / Будалап әрбір жоққа жетіп жатыр.
- Есік, / Ортасы тесік.
- Өзі тоқ, / Көлеңкесі жоқ.
- Аузы үстінде, / Көзі түбінде.
- Өзі бар, / Көлеңкесі жоқ.
- Дүниеден бір құжыра көресің бе, / Жалғыз көзі көрінер төбесінде? / Өзіне барған мақұлық құр қайтпайды, / Жаны жоқ қимылдауға денесінде.
- Салбыратып салдым, / Тамшылатып алдым.
- Ашықса, құлайды, / Тойынса, жылайды.
- Ұзын құйрық сауысқан, / Бір көлдің суын тауысқан.
- Құс бар өзі жансыз, бауы аспанда, / Кетеді айқайласып тау асқанда. / Қасымда аңдып тұрған бір адам бар, / Кетеді іліп алып жанасқанда.
- Құдыққа мың қойым түсіп кетті, / Манақбай-санақбайымен түсіп кетті.
- Су тамнан суырып алдым.
- Бір нәрсе басы төмен, бауы аспанда, / Құс келер бір адамға тау асқанда. / Бір адам қарсы алдыңда уәзір боп тұр, / Кетеді іліп алып жанасқанда.
- Қырық кез оқ, / Қарағай садақ, / Қырық дуадақ, / Бір арықтан су ішеді.
- Бір құс бар басы төмен, бауы аспанда / Көзінен жас ағады тау асқанда. / Өзінің аңдып тұрған бір жауы бар, / Кетеді іліп-алып жанасқанда.
- Боз атым кетті қамшылап, / Тұра алмас оған жан шыдап. / Кіреді де шығады, / Басынан суы тамшылап.
- Болғанда басы біреу, көп-көп тісі, / Сабақтап есіп қойған өткір ұшы. / Ертеден шөп жесе де, бір тоймайды, / Томпайып көрер көзге шықпайды іші.
- Бір бұтақ, / Бір бұтақта / Төрт бұтақ.
- Төрт мүйіз, бір құйрықты, / Тындырады бұйрықты. / Көктен бөрік киеді, / Көктен таулар үйеді.
- Бір дәу жалғыз тұрып қарғылдайды, / Қызметін екі жендет бар қылады. / Ысқырып қызыл жалын шыға келсе, / Келдекпен бір-ақ ұрып дал қылады.
- Жұмылмайтын жұдырық, / Бүгілмейтін білек.
- Алғашқы темір саптаған, / Жұқартып ептеп баптаған. / Керек қылар диқаншы, / Нағыз керек кезінде, / Сат десең де, сатпаған.
- Ойдым-ойдым, ойдым жер, / Ойдым жердің шөбін жер. / Жабағылы көк қойды / Жалбыратып қасқыр жер.
- Ұзыны ұзын жатқан, / Балалары түзу жатқан.
- Тұтам ағаш тау жайлаған.
- Отырған жері ой-шұңқыр, / Басқан жері бай-шұңқыр. / Алдымда қылқан, / Артымда қылқан.
- Екі темір, бес ілгек, / Ортасында селкілдек.
- Бір нәрсе бес буынды, тиегі бар, / Темірден салбыраған иегі бар. / Болғанда бірі қолда, бірі белде, / Адамға әрқашанда керегі бар.
- Балдыр-балдыр басынан алыпты, / Тәңірберген тамағынан алыпты, / Құдайберген құйрығынан алыпты, / Ең мықтысы белінен алыпты.
- Жәндікке барып жабысар, / Асаумен де алысар. / Бағыт сілтеп адамға / Көмекші болып алысар.
- Алдында екі аяғы, / Артында бір аяғы.
- Бір нәрсе екі аяқты, бөксесі жоқ, / Қолы бар, белі нәзік, кеудесі жоқ. / Тамаша ұстағанын жібермейді, / Әркімнен қуаты артып, көңліне тоқ.
- Аттан биік, иттен аласа.
- Отырса аттан биік, / Тұрғанда аласа. / Ойлап көріңіз, / Бұл не деген тамаша?
- Ұзын еді кестім, / Жуан еді жондым. / Құдай мұндай қылар ма, / Отыруға ыңғайлы болар ма?
- Таппақ, табыспақ, / Тай үстіне жабыспақ.
- Отырғаным оба жер, / Басқаным бақыр шанақ.
- Кішкене ғана тостаған / Лақтырып мені тастаған.
- Тептім, терекке шықтым.
- Аяғыңнан алады, / Көтеріп жерден салады.
- Білесің ғой жарты айды, / Міне, осындай төрт айды. / Екі он екі шеге геп, / Қойды тасқа шегелеп.
- Жүгіріп келе жатып, / Шақшам түсті.
- Бір қыздың жүз жиырма түймесі бар, / Бес аспап дөңгелексіз күймесі бар. / Құдайдың құдіретін қарап тұрсаң, / Астында төсек, үстінде көрпесі бар.
- Жансыздан алты жігіт дос болыпты, / Бөгдеден біреу келіп еш болыпты. / Мұрнын тесіп өткізіп тұйық бұйда, / Жетектеген адамдар хош болыпты.
- Желе-желе, желе келе, / Қамқа тонын піше келе, / Қанден суын іше келе.
- Мәулім-мәулім бастан, / Орта мәулім төстен, / Құлама ет құйрық ұстайды, / Ең жаманы бақай ұстайды.
- Бір нәрсе иілмейді күйеу дейін, / Болады қанша жанға сүйеу дейін. / Бармақтай басқан ізі сол хайуанның, / Басады аттап-аттап түйе дейін.
- Басқан жері бармақтай, / Аттаған жері атандай.
- Бойы түйедей, / Ізі түймедей.
- Барады да, барады, / Теңгедей жерді алады.
- Пышақ емес, біз емес, кетпен емес, / Шот емес, темір емес, сабы бар. / Саптағанның жаны бар, / Тұтамнан асқан сабында / Жалғыз-ақ бау табылар.
- Қолы төрт, аяғы екеу, белі бір кез, / Ешнәрсе оған тура келмейді кез. / Қолына түскен жанды жібермейді, / Оншама кетпейді де, жүгіріп тез.
- Албыр-жалбыр бір тамыр.
- Жүзімен жарамын, / Шүйдесімен қағамын.
- Ағаштан күйген ас жейді, / Шайнайды, қара тас жейді, / Адамның қолы тигенде, / Еңсеріле дем алып, / Кезек-кезек үрлейді.
- Қырық кез оқ, / Қарағай садақ, / Бар белімде, / Қырық дуадақ / Бір арықтан су ішеді, / Ойлап тап бұл сөзімді қапелімде.