Адам және оның дене мүшелері туралы жұмбақтар
Адам және оның дене мүшелері туралы жұмбақтар — 239 жұмбақ. Әрқайсысының жеке беті бар. 1-бет, барлығы 3 бет.
- Алпыс екі мәуелі шынар ағаш, / Ағашқа біткен бұтақ жалғас-жалғас. / Және де екі тесік бір мешітте, / Қаланған кірпіші бар іргесінде. / Бір әйнек шыны да емес, темір де емес, / Жасауы сынып кетсе, қолдан келмес. / Жұмбағым тез ойланып тауып берші, / Сен дағы жігіт едің өзім теңдес.
- Бір «әліп» мұнарадай көзім көрген, / Екі «мәт», екі «сәкін» оған ерген. / Болғанда «иа»ден камал, нұрдан гауһар, / Болады кім данышпан мұны білген.
- Бір таудың алпыс сегіз саласы бар, / Он екі жанында қаласы бар. / Бау-бақша түрлі өсімдіктер, / Барлығын билеп тұрған анасы бар.
- Ағады алпыс екі бұлақ бір қайнардан, / Он екі бұлағы бар шыр айналған. / Ісіне таң қаламын құдіреттің, / Бәрі де бір нәрсеге ыңғайланған.
- Меккеде бір ағаш бар түбі жуан, / Он екі ұл, алпыс екі қызы бір күні туған.
- Бір таудың айналасы жеті тесік, / Құдайым ғайыбынан берген несіп. / Құдайының құдіретімен осы тауға / Тұрады мезгілімен шөптер өсіп.
- Қос әйнек шыны да емес, темір де емес, / Бұзылса, оны адам түзер емес. / Кезінде өзі ашылып, жабылады, / Мағынасы қымбат нәрсе, арзан емес.
- Әрі жүрер қараша ат, / Бері жүрер қараша ат. / Су бойында тұнық су, / Таңдап ішер қараша ат.
- Жар қабақта екі бастау, / Жапсар тастың астында / Жасыл ала құс жатыр.
- Кішкене ғана тостаған / Жер дүниені бастаған.
- Көріп едім бір үлкен дарияны, / Барша қыз мекен етіп жатыр оны. / Ішінде ерлі-байлы екі аққу бар, / Жарықтық жеті сарбас балалары.
- Кіп-кішкене қараша, / Тұрған жері тамаша. / Бір секундта жер-көкті / Алады шарлап қараса.
- Кішкене ғана бетерім, / Жер түбіне жетерім.
- Құстан ұшқыр, тездігі оқтан бетер, / Бес жүз жылқы аспанға оқтай жетер. / Ақылменен ойланып қарасаңыз, / Жылдамдыққа нәрсе жоқ онан өтер.
- Бір тауда жанады екі шырақ, / Бір жанады, бір өшеді.
- Ала арқаным жетпес жер жоқ.
- Кішкентай бір мақұлық торы ала, / Ағаштан атырабына соққан қала. / Ішінде сол қаланың өмірі өтер, / Сабыр қып сахараға шықпас жана, / Жаралған өзі ғана артық болып, / Болжайды әр нәрсені айтып шама.
- Екі бала қатар тұрса да, / Бірін-бірі көрмейді.
- Екі ағайынды, / Екеуі де бір үйде, / Бірін-бірі көрмейді.
- Көреді бәрін өзгенің, / Көрмейді бірақ өздерін.
- Ала тайынша шаң көтермейді.
- Ағайынды екеу болыпты, / Екеуі тату жүріпті. / Ортасында тау болып, / Бірін-бірі көрмепті, / Екеуінің міндеті орындайтын бір бопты.
- Көрші отырған көршілер / Бірін-бірі көрмейді. / Қара түнек қос үңгір / Діңгегі асу бермейді.
- Қара суда суат жоқ, / Қалың талда бұтақ жоқ.
- Сырты қылшық, / Іші былшық.
- Ары жүгір қара тай, / Бері жүгір қара тай. / Тал түбіне барғанда, / Тайып жығыл қара тай.
- Бір көлде екі түрлі сүт бар.
- Таудан тас құлады.
- Таудан тары домалайды, / Оны он екі қаз қуалайды.
- Бір таудың екі күзетшісі, / Екі тыңшысы, отыз екі бөрісі бар.
- Жар басында қара бурам шөгіп жатыр.
- Қабақта қара бурам шөгіп жатыр, / Етектеп құмалағын төгіп жатыр.
- Тұнық суға ши ұстадым.
- Екі жар бірін-бірі шамалаған, / Тал шығып, жағасына сабалаған.
- Сәуле астында жүз кісі.
- Алпыс кісі аяқтасты, / Ертеменен таяқтасты.
- Күндіз шайқасады, / Түнде айқасады.
- Етке ет тиеді, / Жүнге жүн тиеді, / Әсіресе түнде тиеді.
- Дарияның інжу-маржан шеттерінде, / Не кітап, оқу жоқ беттерінде. / Қайың ба, қарағай ма, яки тал ма, / Тармасқан тоғай таудың бөктерінде.
- Бір тобықта жеті жыртық.
- Беткейде бес есік.
- Ағады тау басынан сегіз бұлақ, / Төртеуі ащы, үшеуі тәтті тым-ақ. / Ащы да емес, төртеуі күшті де емес, / Екі жапырақ өспейді тіпті бірақ.
- Бір нәрсе жегеніне тіпті тоймас, / Адамның ол нәрсесіз күні болмас. / Жіберсе қарап қалар жердің бәрі, / Кішкене болса дағы, кемдік қылмас.
- Бір сарай, бір миыммен тазаланған, / Екі серік бір досы бар қасына алған. / Болғанда еден гауһар, желден самал, / Жер жүзі сайран болған жалғыз талмен.
- Абайлап жүргін алдында, / Аңқайған ұра тұрыпты. / Ол ұраның ішінде / Гауһардан қора тұрыпты. / Ол қораның ішінде / Ақылды дана тұрыпты. / Ол дананың түбінде / Білімді бала тұрыпты. / Асты менен үстінде / Балаға пана тұрыпты. / Барлығына пана болып, / Ата менен ана болып, / Қаулаған сора тұрыпты.
- Бір ұраның аузында / Бір бау сора.
- Бір төбеде үш бастау, / Біреуінің суы – тәтті, / Біреуінің суы – ащы, / Біреуінің суы – сор.
- Айтайын мен бір жұмбақ ая батыр, / Болғанда асты гауһар, үсті шатыр. / Қазандай қара тастың сол түбінде, / Бір түрлі адам таппас заһар жатыр.
- Бір отаудың ішінде отыз бөрі, / Бар жалғыз қызметкері өте епті. / Он жігіт алып барып тастағанда, / Отаудың бүлкілдейді екі жері.
- Мен жұмбақ айтайын табасын ба, / Айналып ақ қаланы шабасын ба?
- Қыдыр ата тас қойдым, / Қызыл өгізді бос қойдым.
- Екі тақта арасында / Қимылдайды қызыл тақта.
- Жағалай-жағалай тас қойдым, / Жирен атты бос қойдым.
- Үнемі ауызда бұлтыңдайды, / Бірақ жұтылмайды.
- Қатар-қатар ақ күріш, / Тұрған жері қақтығыс.
- Айдын көлде алтын тас, / Ау салса да, алынбас.
- Тамға таяқ сүйедім, / Отыз жерден сыр-сырлап.
- Үсті тақтай, / Асты тақтай, / Ортасында әбзел тақтай.
- Ти, ти десем, тимейді, / Тиме десем, тиеді.
- Аймерген Аймергеннен озбайды екен, / Әңгіме түр-түрімен қозғайды екен. / Алтын күрек болғанда күміс қорған, / Қанша күреп тұрса да, тозбайды екен.
- Үлкен ой, / Үлкен ойдың ішінде / Кіші ой, / Кіші ойдың ішінде, / Балуан би.
- Үлкен үй, / Үлкен үйдің ішінде / Кішкене үй. / Кішкене үйдің ішінде / Досқана би.
- Туғаннан біргемін / Бірақ санын білмеймін.
- Асқар тауда қара орман.
- Томпағымның басында тоқсан қыз бар.
- Жас кезінде қара орман, / Жыл өткен сайын ағарған.
- Басында Қаратаудың қап-қара шөп, / Атаймыз тау демесек әлде не деп. / Ағарып ақырында кете ме екен, / Ол таудың әлде шөбі тұрғанда көп.
- Білмеймін ерке ме екен, есер ме екен, / Қалпынан артық бойлап өсер ме екен. / Өсірме деп біреуге бұйырмасам, / Таудағы тоғайымды кесер ме екен.
- Бір тауға әрі қайың, / Әрі тал өседі.
- Майтөбеде ол сусыз, / Өскен қамыс буынсыз.
- Кішкене ғана тегене, / Сырты толған балауса.
- Беткейге қар жауды, / Кетпеске айналды.
- Қараша тауым қарлы болды, / Бір жауса, кетпейтұғын зәрлі болды.
- Қар жауды тау басына кетпейтұғын, / Аяқ жерге қақ тұрар кеппейтұғын. / Отыз шаһар қаласы ойран болды, / Ел бар ма ебін тауып септейтұғын.
- Қар жауар пәкене таудан кетпейтұғын, / Басында бұлағы бар кеппейтұғын. / Тас қорған тәңірім соққан бұзылмайтын, / Болар ма оны адам ептейтұғын.
- Қар жауды Қаратаудың басына кетпейтұғын, / Етекте екі бұлақ кеппейтұғын, / Бір тауда бір диірмен босқа қалды, / Бар ма екен сол диірменді ептейтұғын.
- Қар жауды таза жерге кетпейтұғын, / Түбінен қайнар шықты кеппейтұғын. / Алтыннан соққан қала бұзылыпты, / Бар ма жан оны соғып ептейтұғын.
- Қары бар Қаратаудың кетпейтұғын, / Ішінде бір бұлақ бар кеппейтұғын, / Бұзылып алтын кісен босқа қалса, / Ұста жоқ ол кісенді септейтұғын.
- Қара айғырым шабады қамшыламай, / Қара жерге аяғын шаншып алмай. / Бір төбенің басына шығып алып, / Мың қойды қасқыр жепті қан шығармай.
- Шығыпты тау басына бір топ раң, / Төбенің бірі – қара, бірі – қылаң, / Қылышын қынасынан жылмаңдатып, / Раңның бірін қырмай, бәрін қырам.
- Мың қойым суға кетті, / Байжан ақсақал қуа кетті.
- Мың қойымды бір шыбықпен айдадым.
- Бір төбеге қойыпты шынар жайып, / Қолына қылыш алды бір ғажайып. / Екі жақта шынардың қалқаны бар, / Кетпесін қалқанына қылыш тайып.
- Алпыс қанат ақ орда, / Алпыс атанға сыймайды. / Алпыс атаным қысқа дейін десем, / Таңертең ұшқан құс / Кешке әрең қонады.
- Қос бұлақ бір қарауыл салғаны бар, / Мойнында үш жүз алпыс арқаны бар. / Ақ тоғай, қара тоғай қалың ағаш, / Тоғайдың әр мезгіл де тарқары бар.
- Қарамасаң жайлауға, / Қабан келер шайнауға.
- Бір тауда мекен еткен отыз бөрі, / Ол кісі отызының қызметкері, / Жанында екі адам қарауына / Жүрмейді бірі ілгері, бірі кейін. / Тағы да екі адамнан тыңшысы бар, / Есітіп келіп тұрған әңгімені, / Бірінің ортасында бағлан қозы, / Секіріп ойнап тұрған әрі-бері / Істейді біреуді екеу, қиынды оңай, / Қозыдан пәрменменен шыққан желі, / Сол тауда мекен еткен бөрілердің / Бойы бар ұстап көрсең екі-ақ елі. / Жалмаймын жер жаһанды десе-дағы, / Көрсетпейді, қымтап тұрса екі тері.
- Бір таудың басында бар бір топ тоғай, / Ойлаған ақыл-ойға жұмбақ оңай. / Сол таудың етегінде бір сарай бар, / Жүк әкеп түсіреді он бай ноғай.
- Бір таудың адам жүрмес қиясы бар, / Екі самұрық, қос қыран ұясы бар. / Бітіпті етегіне құрма ағашы, / Басында бұлбұл құстың ұясы бар.
- Үрпек-үрпек тау, / Үрпек таудың астында екі жарық жұлдыз, / Оның астында екі тышқақ тоқты, / Оның астында жатқан тағы бір құндыз.
- Қалың қамыс, қалың қамыс, / Астында қия қамыс. / Пысылдауық, пысылдауық, / Астында сақылдауық.
- Бір топ қамыс, / Бір топ қамыс астында қиған қамыс, / Қиған қамыс астында жылтырауық, / Жылтырауық астында пышылдауық, / Пышылдауық астында тебендеуік, / Тебендеуік астында қатар-қатар тас, / Ортасында жылмаңдауық.
- Асқар бел, / Асқар белдің аржағында ақ өткел, / Ақ өткелдің аржағында кішкене тау, / Кішкене таудың аржағында қиған қамыс, / Қиған қамыстың аржағында мидай дала, / Мидай даланың аржағында қара қопа, / Қара қопаның ішінде қара шошқа, / Қара шошқаны алады жалғыз тоспа.
- Күмбір-күмбір қарағым, / Қартайғанша жарадың.
- Екі кісі ерегісіп келеді.
- Ғаудыр-ғаудыр шанашым, / Қартайғанша көрмедім.
- Құла бетте қисық астау.
- Тауда жарбайып тұр.
- Жар басында жарты кепе.
- Жар басында жарты сыпыра.