Қатынас, жүріс-тұрыс туралы жұмбақтар
Қатынас, жүріс-тұрыс туралы жұмбақтар — 39 жұмбақ. Әрқайсысының жеке беті бар.
- Ұзын терек, / Саясы жоқ.
- Ұзын-ұзын ұз келер, / Ұзын бойлы қыз келер.
- Ұзын-ұзын, ұзын жіп, / Ұшы қайдан табылар?
- Таудан баспағым домалап келе жатыр.
- Жусаннан аласа, таудан биік.
- Адамзаттың баласы, / Менсіз кәсіп қылмас та, / Басымды мен көтерсем, / Аспан көкке жетермін.
- Бір қырман ұп-ұзын қып қойдым шауып, / Көмекке елдің көбін қойдым жауып. / Аспанда бұрқырады, топан ұшты, / Алмады жалғыз дәнді адам тауып.
- Бір жолда екеуі жарысады, / Бір-бірінен оза алмай алысады.
- Бір заттың салмағы ауыр сансыз тонна, / Ұстаған емес оны ешкім қолға. / Пайдасы барлық заттан артығырақ, / Сәнменен кере тартып жатар жолда.
- Бір нәрсе өзі жансыз ырғатылып, / Өзінің аяғы жоқ бір мақұлық. / Жаз болса, көк шалапты сапырады, / Шөмішін бір шығарып, бір батырып.
- Тап-тап, тап басқа, / Табаны жалпақ көк қасқа, / Үйірге салсаң, кісінемес, / Шөптің басын тістемес.
- Адам істеп шығарған бір жануар, / Құрғақ жерде жаны жоқ, суда болар, / Жаз болса, күні-түні су ішінде, / Бұл не еткен жануар, табыңыздар.
- Белдіксіз, дөңгелексіз күймелі арба, / Қозғасам, бара берген жардан жарға.
- Шапсаң, жаңқасы жоқ, / Жүрсең, ізі жоқ, / Кессең, қаны жоқ.
- Сойсаң, қаны жоқ, / Жеуге еті жоқ.
- Екі басты белі бар, омыртқа жоқ, / Сүбелік бүйрегі бар, қабырға жоқ. / Жүргенде құс табаны жерге тимес, / Бақай, тірсек, толарсақ, тобық та жоқ.
- Бар екен екі басты бір мақұлық, / Жүреді аяғы жоқ ырғатылып. / Жаз болса сары қымыз сапырулы, / Қасығын бір шығарып, бір батырып.
- Тоғайда туып, суда өмір сүреді.
- Тап-тап, табаны ақ, / Табаны жалпақ қоян ақ. / Басып кетсе, ізі жоқ, / Бауыздаса, қаны жоқ.
- Тарыға торғай қонса, сақпан біледі, / Түлкіні түнде жорытқан қақпан біледі. / Бір жұмбақ мен айтайын сіз тыңдаңыз, / Ат құсап шалқасынан жатқан біледі.
- Үсті тақтай, асты тақтай, / Балалары ойнайды, / Барып тоқтамай қоймайды.
- Ербегей де сербегей, / Иесіз үйге кірмегей, / Атсыз, сірә, жүрмегей.
- Басы жоқ төрт аяқты жансыз бір зат, / Құлағы жоқ, көзі жоқ бейне ол ат. / Жүк артсаң, белі тағы майыспайды, / Құйрық-жалсыз ол неткен меңіреу зат?
- Қырда ағаш, / Ойда ат.
- Қадамы жоқ ізінің, аяғының, / Созса, ұшы жетпейді таяғының. / Екі қолын айуанға артып алып, / Әніне салады екен баяғының.
- Тарақ сияқты ергенек, / Ай сияқты дөңгелек.
- Төрт бала бірін-бірі қуалады.
- Елде артын барлайды, / Жүгірсе, артын жарлайды, / Ми айналып қалмайды.
- Болғанда екеу аға, төртеу ала, / Жиырма сегіз екен тапқан бала. / Өзімен ол көп жүкті көшіреді, / Қандайлық мықты болған жүзі қара.
- Екі таяқ көтердім, / Ортасынан итердім.
- Бір жұмбағым бар, асты қар, / Қадамы жоқ, ізі бар, / Мойнында жібі бар.
- Табаны жалпақ боз жорға, / Тайпалсын десең, сал жолға.
- Тайпаңдайды бүгіліп құла жорға, / Маңызданып аяғын басар зорға. / Неше күн дамыл алмай жүрсе дағы, / Иіліп жерден шөпті жемес сонда.
- Жол үстінде пөстек, / Оны таппаған естек.
- Жол үстінде төсек, / Оны таба алмаған есек.
- Жалғаған ел ортасын, / Жатыр тосып арқасын.
- Ізі бар қадамы жоқ аяғының, / Тимейді ұшы жерге таяғының. / Қос қолын хайуанға арта салып, / Салады әуезіне баяғының.
- Қатар жатқан қос білек, / Үстінен өтер күш үдеп.
- Ауылдан ауылға асады, / Іргесін бірге қосады. / Жатыр ұзын көсіліп, / Белден әрмен жосылып.