Дін туралы жұмбақтар
Дін туралы жұмбақтар — 46 жұмбақ. Әрқайсысының жеке беті бар.
- Ұйықтап жатып түс көрсем, / Ойымда әрне бар екен? / Көкке шығып қарасам, / Дүние жүзі тар екен. / Сахыбат етіп байқасам, / Мінгенім сонда шар екен. / Кіріп жүрген жөнімде / Жалғыз қарбыз бар екен. / Төрт қабығы көгілдір, / Бес қабығы сары екен. / Ақылы жеткен пендеге / Іші бір толған дән екен. / Тоғызы үлкен бәрінен, / Біреуі шаққан ақ екен.
- Бітіпті бір аралға біраз егін, / Қырық дәнін бас-басына берген тегін. / Көнбесең еркіңменен бұл бергенге, / Ақырында падиша алар кегін.
- Қырық кез қарағай садақ бар белімде, / Кім беред жұмбақ шешер бұл шенімде. / Қойдым да үлпершекке ілдім талға, / Шеше ғой, ақын болсаң, қапелімде.
- Әлемде мәне болған бір бәйтерек, / Төрт түбірек төңіректе болса керек. / Санасаң жапырағы отыз үш мың, / Табарсың, ақылың кәміл болса зерек.
- Кезек бер мен сұраймын енді сізден, / Ішінде әптиектің «мим» болады, / Замана жылдан-жылға сұм болады. / Болайын әбден сұрап, тақсыр сізден / Солардың ең абзалы кім болады?
- Байқадым жан екенсің ақылың бар, / Бек шашып сыр айтпайсың, ғапылың тар. / Бұрынғы өтіп кеткен уақыттарда, / Жамиғы нешеу екен пайғамбарлар?
- Құдай берген ақ атан, / Салсам – жүк көтерер, / Жүрсе – ізді, / Панасы – қызды.
- Айнала ақ терек, / Бұтақсыз, жапырақсыз.
- Біреу екеу болмайды, / Екеу үшеу болмайды, / Үшеу төртеу болмайды, / Төртеу бесеу болмайды, / Бесеу алтау болмайды.
- Болғанда біреу жалғыз, / Екеу егіз. / Көзде жоқ, / Көкіректе нәрсе сегіз. / Әр жерде әрқайсына бір орын бар, / Бір нәрсе іші арық, сырты семіз.
- Бір қазыққа он сегіз ат байланған, / Ат байлап жан-жағына қаптайланған. / Астына жеті шапан жайлап тастап, / Үстіне жеті сәлде тағы тайлаған.
- Шығасың, шығасың – шыға алмайсың, / Қарайсың, қарайсың – көре алмайсың. / Не сұрасаң – баршаға береді.
- Басы жоқ, жаны жоқ, / От оттатып, су ішкен.
- Жиылған туған айға бір топ жұлдыз, / Жиылар түнде тарқап, аман күндіз. / Қажеті ақыреттің табылады ол айға, / Қанша мақұлық келсе де жүз.
- Үсті – жарық, / Асты – жарық, / Ішіне кірсең адам қалмай, / Сонда да бұған барып болмай.
- Басы екен өлеңімнің аяқтайын да, / Азырақ мен сізді мақтайын да. / Көсілген көмекейің ақын болсаң, / Пейіштің кім тұрады тақтайында.
- Жүз он төрт балапан бар бір ұяда, / Сөздері балдан тәтті бек зияда. / Жүз он төрт балапанда бес мың тіл бар, / Білмейді қайбір надан қапияда.
- Меккеде бір дария бар беті қатқан, / Бетіне бетегесі шығып жатқан.
- Диірмен-диірмен тасы бар, / Алтын күрек қасы бар. / Оны тапқан адамның / Бір жүз жиырма бес жасы бар.
- Қат, қат, қат кигіз, / Қатауыл тұрған қай кигіз? / Бүк, бүк, бүк кигіз, / Бүктеулі тұрған қай киіз?
- Әлемнің ортасында бір қызыл ту, / Құдайдың құдіретімен базасы бу. / Дарияның ортасында бір бәйтерек, / Қолы жеткен ап ішер бір шыны су.
- Бар екен бір қақпалы үлкен шаһар, / Өзінің қырық сегіз көшесі бар. / Мұқтажың көңілге алған табылады, / Не керек қандай қажет жұмысың бар?
- Намазды бес уақытта бес оқиды, / Құтпанды бәрінен де кеш оқиды. / Мен сенен ақын болсаң сөз сұрайын, / Намазды жыл он екі ай неше оқиды?
- Отыз дуадақ, / Бес безгелдек, / Бір әдемі атты кісі, / Бір аққу.
- Отыз ор дуадақ, / Қырық қыр дуадақ, / Екі қоңыр үйрек.
- Отыз ор дуадақ, / Қырық сегіз қысыр дуадақ, / Бес безгелдек, / Бір тоты құс.
- Жалғаннан алтын басты киік бақтым, / Мойнына он сегіз мың арқан тақтым. / Бес қадақ, тоғыз шерік іліп қойып, / Отыздан аяғына шеге қақтым.
- Бір таудың етегінде отыз дарақ, / Тұрады барлық адам соған қарап. / Күніне ол бес рет мәуелейді, / Айтайын қайсы бірін сізге санап.
- Бір үйде отыз кітап, / Бес қалам. / Кім оларды күтсе, / Алладан мархабат көреді.
- Аяқ сайын бес батпаннан жүгі бар, / Отыз түрлі шоқысы, / Әр түрліден құбылар.
- Бір түп әңгелекте он екі әңгелек болады, / Он екі әңгелектің біреуін тапқан адамға сауап болады.
- Қолымда бес алмам бар, / Бес саусақтың саласындай. / Оның үшеуі күнді көріп, күнге піскен, / Екеуі көлеңкенің саясында.
- Қолымда бес сақинам бар шығармай, / Оны тапқан жігітке мен тиемін мал шығармай.
- Бір сарай ішінде көп ағаш, / Бұтағы жиырма төрт, басы құрдас. / Құдайдан бір нұр келді бөліп ал деп, / Бөледі қалайынша ақыл сынас. / Ішінен бес бұтағы шықты басқа, / Сөз айтты ақылменен қарындасқа. / Екеуі күндіз алды нұрдан бөлеп, / Үш бұтақ алды қылып басқа. / Бес бұтақ ортасынан бөліп алды, / Он тоғыз бұтағы мақрұм қалды. / Шығарды Даужан Сұлтан Темірұлы, / Тәубеге көп құрбылар зейін салды. / Қыдыр етсең сол нұрды ықыласыңмен, / Құдайым берер дәулет шыныменен. / Жұмбақтың шешуі сол емес пе, / Баршасын айтып жаздым күніменен.
- Хақ тағала жаратыпты бес жеміс, / Ол жемістер бір-бірін көрмеміш. / Үшеуі оның түні жүзін көрмеміш, / Екеуі оның күн жүзін көрмеміш. / Әркім ол жемістен жемесе, / Мәңгі бақи жұмақ көрмеміш.
- Бір үйде бір қыз көрдім екі есікте / Бір жігіт оған келіп кездесіпті. / Көтеріп қыз аяғын «Сұқыба» айтып, / Екеуі бір кәлиме сөйлесіпті. / Келер жігіт жалғыз келіп еді, / Қайтарда ашты екеуі бір есікті.
- Бір құстың зияны бар адамзатқа, / Шығады мезгілімен әр уақытта. / Еш адам онан қашып құтылмайды, / Құдай-а, сол құсыңнан өзің сақта.
- Ішінде мың қасқырдың бір жолбарыс, / Қасымнан, айқайласам, кетпейді алыс. / Қасқырды қашар деген бар үмітім, / Жолбарыс шаппай кетпес көптен таныс.
- Базардан алып келдім ақ сандық, / Ішінде не бар екен деп біз таңғалдық, / Ішін ашып қарасақ: бір торғай, бір қырғи, бір жылан, бір жас бала, / Төртеуі не ғып отыр біз таңғалдық.
- Бұрынғы уақытта бір хан болған, / Лашын, сұңқар, қаршыға, бүркіт салған. / Оның төртеуі де қарап болып, / Күйкентай отыз үш мыңға барған.
- Дүниеде бір жан бар мұздан тайғақ, / Өтеді қой мен ешкі одан айдап. / Ебі келсе, түйе мен сиыр да өтер, / Бұл сөзге «хадис» пенен «аят» айғақ.
- Бір таудан қырық екі бұлақ аққан, / Қасында он жеті патшасы бар ақыл тапқан. / Болғанда он екі уәзірі бар, үш шабарман, / Бұларды құрастырған жалғыз хақтан.
- Бауырынан түйе тасың ат жалмайды, / Құдайдан шын тілесең не бермейді. / Бар екен бауырында бес балапан, / Үшеуі күн көрмейді, екеуі түн көрмейді.
- Қырық сегіз оқ, садақ бар тал белімде, / Шешенің мені жеңер бар ма еліңде, / Бес бақан, отыз оқ жұмбағым бар, / Таба ғой шешен жігіт қапелімде.
- Төрт жүз ат айдадым санамай, / Қырық ат айдадым байламай.
- Бар екен бір ғажайып тіпті өлмеген, / Адамға мына жүрген көрінбеген. / Жұмбақ тұр тіпті қиын таңғалғандай, / Бар ма екен үлкен кісі бұны білген.