Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Үй туралы жұмбақтар

Үй туралы жұмбақтар — 94 жұмбақ. Әрқайсысының жеке беті бар.

  1. Төрт қарны бар, / Бір аузы бар.
  2. Қазша қанатын жаяды, / Үйрекше мойнын созады, / Құсша қонады.
  3. Біреу екен анасы, / Жиырма бес баласы. / Іш жағынан қарасаң, / Хан шаһар-қаласы. / Маңдайында ағы бар, / Түрлі қажет табылар. / Түгел екен тұрманы, / Керек жағы тағы бар.
  4. Дүниеде бір айдаһар білесің бе, / Жаны жоқ қимылдауға денесінде. / Ішінде сүйектері бақша-бақша, / Жарқылдар жалғыз көзі төбесінде.
  5. Өзі жүкті, / Сырты түкті.
  6. Ұрса, жаны шықпайды, / Сойса, қаны шықпайды. / Терісін сыдырып алса, / Тырысып-тырысып қалады.
  7. Бір нәрсе өзі берік, іші қуыс, / Ол заттың сүйегі көп айқыш-ұйқыш. / Көзі бар жарқыраған төбесінде, / Жайса үлкен, жиналғанда бір-ақ уыс.
  8. Бұғы-бұғы ұзын, / Бұғыдан да бойы ұзын. / Алтын қошқар мүйізі / Аба киік терісі.
  9. Ол не екен аузы үңгірдей, қырық қолы, / Адамды тірі жұтты көрдік оны. / Терісін сыпырып ал, тамбас қаны, / Сүйегі салдырап тұр, жоқ қой жаны.
  10. Тұрады жетпіс кемпір жерді басып, / Баласын арқасына арқаласып. / Рақмет ол баланың атасына, / Баласын бағып отыр қолмен басып.
  11. Айдалада атамның үлкен тақиясы түсіп қалыпты.
  12. Бар екен бір мақұлық қаны қашқан, / Сақылдап адам келсе, аузын ашқан. / Болғанда отыз омыртқа, қырық қабырға, / Мұны тапқан адамның ақылы асқан.
  13. Апан-апанды көрдім, / Жаман шапанды көрдім. / Алпыс аяқтыны көрдім, / Адам жұтқанды көрдім.
  14. Қарыптары каф-дүр, білсең оны, / Қанаттары қатар жатар жаны. / Сүйегі толып жатыр пара-пара, / Терісін сыдырып алса, шықпас қаны.
  15. Бір құс бар қанат жайса, дөп-дөңгелек, / Адамнан ешқашанда жүрмес бөлек. / Ұшса да, қонса дағы еркі адамда, / Жатасың, ыстық болса, көлеңкелеп.
  16. Буын-буын қалтада, / Буы шыққан насыбай. / Мұны тапқан кісінің / Жүз жиырма жасы бар. / Құлындары құла ала, / Құлақтары кез ала.
  17. Айуанға екі қолын артып тұрған, / Белбеуін екі жерден тартып тұрған. / Алдына не тастаса, соны жалмай, / Заһарын төбесіне шашып тұрған.
  18. Дәудің іші өртеніп, / Көзінен бу шықты.
  19. Бір топ құс бір қалбада арқандаулы, / Ол құстың қол-аяғы бәрі баулы. / Ішінде бірақ сұңқар, басшысы бар, / Болыпты сол сұңқарменен бәрі даулы.
  20. Алпыс терек, / Адамға керек. / Алпыс теректің бәрі – ұя, / Тұрған жері – қия.
  21. Әлім-шәлім, / Екі байдың қызы, екі ханым, / Төрт жеңгесі бар екен, / Қызмет қылған немересі. / Буы-буы, буы ұзын, / Буыннан да қолы ұзын, / Аба киік терісі, / Алтын қошқар мүйізі.
  22. Өзімді жас қайыңнан кесіп алды, / Белімді неше жерден тесіп алды. / Жемейді көк түтінмен ертелі-кеш, / Шықпаған шыбын жанның несі қалды.
  23. Әупірім, ала, қара құс, / Үсті-басы тарамыс.
  24. Ұзын-ұзын әулие, / Төбесін құрт жеп қойған / Тұғыр төбе әулие.
  25. Таңертең тұрдым, / Ернімді бұрдым.
  26. Күндіз ашық, / Түнде жабық.
  27. Ақ итім арбадан қарғып түсті, / Барлығының басына шыққан кісі.
  28. Қара таудың басында / Қабылан деген құс отыр. / Қанатына мұз қатып, / Қайрыла алмай ол отыр.
  29. Қара тоқтыны қайырып соқтым.
  30. Алпыс атым ала аяқ.
  31. Отыз омыртқа, / Қырық қабырға, / Бәрін ұстап тұрған – / Ауыз омыртқа.
  32. Әкесі баласын көтеріп тұр, / Баласы бөркін көтеріп тұр.
  33. Алтынменен аптадым, / Күміспенен күптедім. / Бірін өрге шығарып, / Бірін жерге түптедім.
  34. Біреуде қырық ұл бар, / Қырқының қырық аяғы бар.
  35. Қырық қой қырқылдақтан су ішіп жатыр.
  36. Жоғарғы ауылдың баласы ашамайға мінеді, / Төменгі ауылдың баласы тесік тастан өтеді.
  37. Ай құшақ, / Ай құшақ, / Жиылып келсем, бір құшақ.
  38. Иір-иір ыңыршақ, / Жиып қалсаң, бір құшақ.
  39. Алпыс атым ала аяқ, / Жетпіс атым жел аяқ.
  40. Жүз жігіт жер тіреп жатыр.
  41. Жетпіс кемпір жер тістеп жатыр, / Алпыс кемпір ат байлап жатыр.
  42. Былайғы елдің баласы / Ашамайын мініп тұр.
  43. Мың қарабас қойымның бәрі шұнақ.
  44. Үйдің іші толған мыс кене.
  45. Артыңда әкең жұдырығын түйіп тұр.
  46. Үйде бір жұдырық, / Сыртта бір жұдырық.
  47. Ала күшік үй айнала жүгіреді, / Екі басы ішке кіреді.
  48. Үй айнала қан төктім.
  49. Әуеден көтен түсті, / Көтеннен бөтен түсті.
  50. Көтерем тайым құйрығы салбырап тұр.
  51. Ана ауылдың қойларының бәрі ала аяқ.
  52. Үй үстінде төрт шыбық, / Төртеуі де тең шыбық.
  53. Құрап-құрап тон піштім, / Құлынды биеге бергісіз.
  54. Жерімде ер едік, / Жез бұйдалы қыз едік. / Қытайға кеп қырылдық, / Қырық тұзаққа тығылдық.
  55. Ана ауылдың, / Мына ауылдың бұқасы / Шартылдайды мүйізі.
  56. Жорға жаққа жабысқан, / Екі үзеңгі қағысқан.
  57. Өз елімде бек едім, / Желкілдеген жек едім. / Келдім де қыспаққа түстім, / Отыз екі тұзаққа түстім.
  58. Мен елімде дегендім, / Жирен атты бек едім, / Елімнен келіп мұндай болдым, / Белімді байлаған құлдай болдым, / Тонымды жырттырдым, / Сақалымды қырықтырдым.
  59. Ақ атым аспанға қарайды.
  60. Баяғыда бай едім, / Ақ сақалды шал едім. / Мұнда келіп сондай болдым, / Қысылған қындай болдым.
  61. Ерте тұрдым, / Алып ұрдым.
  62. Дүниеде бір нәрсе бар өзі жансыз, / Жоқ оны ұрмайтұғын адамзатта.
  63. Адам кірсе, ашылады, / Сыртқа шықса, жабылады.
  64. Әрі лап-лап, бері лап-лап, / Қанша үлкен болса да, / Орнына келер, жапсақ.
  65. Мекені жол үстінде тұрар жері, / Бар екен алты жерде қаққан зері. / Қандайлық қызметті атқарады, / Адаммен бірге жүрер әрі-бері.
  66. Күндіз сырп-сырп, / Түнде жым-жырт.
  67. Көк итім қабаған, / Артына киіз жамаған.
  68. Қызыл сиырымның жоны жалпақ.
  69. Үлкен өгіз бар, / Жалғыз көзі бар.
  70. Арыстан аузын ашса, арс етеді, / Таңдайы жұтып қалса, тарс етеді. / Омыртқасы тұтас та қабырға жоқ, / Екі көзі маңдайында жарқ етеді.
  71. Аузын ашсаң, / Өкпесі көрінеді.
  72. Аяғы жоқ жүрмейді, / Үй бағады, үрмейді.
  73. Қаппайды, шаппайды, / Үйіңді қорғайды.
  74. Жолда бір бұзау өліп жатыр, / Аузына қолын тықса, күліп жатыр.
  75. Ә, керемет, бір ит бар, / Үй бағады, үрмейді. / Аяғы жоқ, жүрмейді, / Көмейіне тықсаң, сөйлейді, / Тілін адам білмейді. / Рұқсатсыз ол иттен / Адам үйге кірмейді.
  76. Шешесі үйде қалады, / Баласы кісіге ереді.
  77. Жоғарыдан айдаған, / Белін берік байлаған. / Сидам құлға жолықсаң, / Өз еркіне қоймаған.
  78. Шырт-шырт етеді, / Шыртылдап барып, кіріп кетеді.
  79. Алыстан қаңғыр-күңгір, / Жақыннан бұрау темір.
  80. Жол бермес жүрейін деп жалынсаң да, / Естімес айтқан сөзді бағынсаң да, / Қақпақты қаққан қазық иір тұмсық, / Ешқандай жақындамас бөтен жанға.
  81. Күндіз салбырап тұрады, / Түнде тесігін табады.
  82. Есік ашады, / Есіктің артына қашады.
  83. Екі басы жұмырықтай, / Ортасы қылдырықтай.
  84. Жансызда бір нәрсе бар формалданған, / Аузын кейде ашып, кейде жұмған, / Ішінен жылтыраған мөлдір көзі, / Өмірде ұйықтамайды бұл не қылған?
  85. Жүруге аяғымен ерінеді, / Нәрсеге өз-өзінен телінеді. / Адамға қашан болса пайдасы бар, / Бір мезгіл жарық болып көрінеді.
  86. Есікте екеу отыр өлемін деп, / Төрде төртеу отыр төремін деп, / Ортада біреу отыр көмемін деп.
  87. Күндіз бай, / Түнде кедей.
  88. Айқайлаған жау келсе, / Айыр сақал атам тоқтатады.
  89. Дәмді-дәмді тағамдарды жинайды, / Қонақтарды көңілдене сыйлайды.
  90. Мен көрдім бір теңізден темір қайық, / Әр пенде сол қайықты көруі лайық. / Үстіне түндігі жоқ үйді тігіп, / Кетеді риза болып барша халық.
  91. Ауп дедім, / Ептедім, / Септедім, / Қара жерді түптедім.
  92. Жетпіс кемпір / Жер тістеп жатыр.
  93. Өз елімде жеке едім, / Желкілдеген бек едім. / Мұнда келіп сайландым, / Қырық жерден байландым.
  94. Әуелде шөп едім, / Жерде өскен көк едім. / Қолға түсіп қиылдым, / Он жерімнен буылдым.

Ауыз әдебиеті