Құстар туралы жұмбақтар
Құстар туралы жұмбақтар — 70 жұмбақ. Әрқайсысының жеке беті бар.
- Белестегі бес бие, / Бақылдайды, құрылдайды; / Құйрықтары қара ала, / Қанаттары сары ала.
- Қырық қылыш, найзалы қай жануар, / Асынған және он екі қанжары бар. / Көңіл жер мен көктің арасында, / Жігіттер, мұны байқап аңғарыңдар. / Болады бұған әуес көп адамзат, / Шежіре көкірегі жазылған хат. / Қолына шынжыр арқан ұстап жүріп, / Астына мініп отыр алтыннан тақ. / Басында құрулы тұр алтын шатыр, / Ғайыптан қызығы бар бұл бір батыр. / Барғанын тіпті аман жібермейді, / Адамзатсыз болмайды әуел ақыр.
- Үйде отырады, жатпайды, / Көзін терімен қаптайды. / Жазда бекер тұрса да, / Бергенді қыста ақтайды.
- Далаға отау тіктім қонақ үшін, / Қонақ кісім ақылы шолақ үшін, / Қонақ қонып жатқанда үй жығылып, / Үй үстінде қалыпты қонақ кісім.
- Япырым-ау, бір мақұлық осындай-ау, / Қасында екі сойыл емес жаяу, / Шабатын өткір оның қылышы бар, / Қолына түскен жанды болмайды аяу, / Жымқырып қиып алып шықса кәне, / Аспанның ол бір түрлі нажағайы-ау.
- Жапанның желдей жүйрігі, / Жетеді көктің бұйрығы. / Жеткенде бұйрық, апыр-ай, / Шошаңдай берер құйрығы.
- Қос қанатын иіп ап, / Жарға келіп қонады. / Қара киім киіп ап, / Балшықтан үй соғады.
- Садақша мойнын иілтіп, / Көрген жанды сүйсінтіп, / Жүзгенде көлдің сәні өзі, / Судағы құстың нәні өзі. / Жердегі құстың серкесі, / Көктегі құстың еркесі.
- Сайрайды бір талмайды, / Әнші құс бал таңдайлы.
- Күндегі тамағы – / Балықтың шабағы. / Теңізге барғандар, / Жағадан табады.
- Айтамын бір жұмбақты сізге нұсқап, / Басына бөрік киер, құндыз ұстап. / Үстіне ақ қамзолын киіп алып, / Жүреді екі қолын артына ұстап.
- Сөз үйретсең қайталайды, / Өздігінен айта алмайды.
- Алуан түсті бояудың, / Өн бойында бәрі бар.
- Өзі сақ, өзі ұсақ, / Шықылықтап тұрмайды. / Өсекшіге ұқсап, / Құйрығы ұзын, ала. / Бұл қандай құс, бала?
- Ұшқаны қызық жалпылдап, / Өзі сондай қарқылдақ.
- Аяғы түйеге ұқсайды, / Құс болса да ұшпайды.
- Еркін самғап ұшсын деп, / Мәпелейміз, баптаймыз. / Бейбітшілік құсы деп, / Қайсы құсты мақтаймыз?
- Күндіз тіпті ұшпайды, / Түнде тышқан ұстайды, / Көзі шамға ұқсайды.
- Судан шықса баладай, / Тәй-тәй басып қалады-ай.
- Қық-қық етеді, / Кезіп жүріп көшені. / Жата қалса орнына, / Ақ доп тастап кетеді.
- Өреді қайраңдап, / Келеді байпаңдап. / Қарғып түсіп өзенге, / Малтиды тайқаңдап.
- Таудан тоқым лақтырдым.
- Бір нәрсе екі аяқты, сегіз бармақ, / Іліксе, дүниенің бәрін алмақ. / Өзінің тілі бар да, тістері жоқ, / Жұтады көрінгенді алмап-жалмап.
- Қара арғымақ мінгенім, / Қыр айнала жүргенім, / Сегіз найза сенгенім, / Он екі қылыш ілгенім.
- Айуан екі аяқты, асқан батыр, / Басына о батырдың тіккен шатыр. / Шешерсің, дана болсаң, бұны біліп, / Кел-кел деп, қан майданға шығысқанда, / Бір айла адамзатта болып жатыр.
- Елең, елең етті, / Қарға ауылға қона кетті, / Қақтың суын іше кетті.
- Жер басқанның жүйрігі, / Аспаннан келер бұйрығы. / Бұйрығы жетіп келгенде / Шошаңдайды құйрығы.
- Кішкене ғана бойы бар, / Тамақта ғана ойы бар. / Тіршілік құрып жүреді / Шамасы аз жануар.
- Ерте тұрады, / Жар шақырады.
- Таңертең тұр-тұрлайды, / Кешке жат деп жыр жырлайды.
- Шашы жоқ, тарағы бар, / Егіні жоқ, орағы бар.
- Басы тарақ, / Арты орақ.
- Қызылдан киген киім, басқа қалпақ, / Саусағы төртеу болған, емес жалпақ. / Үстіне неше түрлі тон жамылып, / Басады мас адамша талтақ-талтақ.
- Дүниеде бір молда / Уағында азан оқиды. / Мезгілінде айқайлап, / Қайтып кеп жер шұқиды.
- Бір топ қамыс ішінде / Шақырады жанды гүл.
- Бір топ жыңғыл ішінде, / Бір жапырақ қызыл гүл.
- Бір мақұлық түспейді екен мұнарадан, / Бір күнде тағам татар әр қарадан. / Басында қара жылтыр кепесі бар, / Белінде белбеуі бар күлпарадан.
- Бір құс бар жан білмейтін ішкен асын, / Адамға көрсетпейді жұмыртқасын.
- Бар екен бір мақұлық шағын ғана, / Мекені күндіз оның биік жарда. / Ұшпайды ол мақұлық күндіз тіпті, / Ұшады кешке таман күн батқанда.
- Әкесі тышқан, / Шешесі құстан.
- Күндіз жоқ, / Түнде бар.
- Жар басында жарбиған, / Құлақтары қалбиған. / Тышқан, құс аңдып жүреді, / Бұл құсты кім табады?
- Күндіз ұшпас, / Түнде ұшар, / Құс қанатты, / Тышқан суретті.
- Бір құс бар үлпілдеген жүні жұмсақ, / Тұяғы бейне болат алмас пышақ. / Тұмсығы имек, көрмейді күндіз көзі, / Шарықтап көкті кезіп, түнде ұшады.
- Мысық бастан, / Жапалақ түстен.
- Қайталап атымды, / Көктемде ән саламын. / Кез келген ұяға, / Жұмыртқа табамын.
- Даланың көріп пе едің молдаларын, / Тыңдаңыз ол сорлының айтқан зарын. / Жиылып бір араға ойбайлайды, / Кез келген дүниеге ол бір жарым.
- Тал басында ағаш үй, / Терезесіз тамаша үй. / Соны мекен етеді, / Қыста алысқа кетеді.
- Желіп кетсе, жеткізбейді, / Тап қасында жатса да, адам көрмес.
- Меңгіл-меңгіл, меңгілше, / Меңгілде бар тарғылша. / Желіп кетсе, жеткізбес, / Жерге түссе, табылмас.
- Сөйлесе, сөзді, / Айтса, ауызды, / Тынысы басқа, / Маңдайы қасқа.
- Аққу емес, мойны ұзын, / Тырна да емес, сирақты. / Аулайды балық күн ұзын, / Түсіреді еске жирафты.
- Тұмсығымен ояды, / Ұя салып қояды. / Табыңдаршы, балалар, / Ол қандай құс болады?
- Қызыл жыңғыл түбінде / Қыздай болып отырмын. / Беті-қолымды жуып алып, / Мұздай болып отырмын.
- Ай астында жортқан, / Күн астында жортқан, / Күміс сырнай тартқан.
- Балпаң-балпаң басады, / Адамнан қатты сасады. / Саусақтары салалы, / Қыста жылыға қашады.
- Айтайын бір жұмбақты саған нұсқап, / Басына бөрік киер қара пұшпақ. / Үстіне ақ камзолын киіп алып, / Тұрады екі қолын артына ұстап.
- Ұзын сирақ, түйе бас, / Жібек жалды қара шаш. / Қарап тұрсаң керуен, / Жасағаны серуен.
- Күні-түні тіл қатпай, / Қол шалғыны өкшелеп. / Шапқан шөпті құрғатпай, / Жинайды ол дестелеп.
- Көлде жүрген көп сиыр, / Жетіп барсаң, жоқ сиыр.
- Шелектеп құйсаң да, су жұқпас.
- Судан шықпас, / Су жұқпас.
- Күн батса, қонақтап қалғыған, / Таң атса, жерден жем аңдыған.
- Таңертең қашқан сиыр кеште бұзаулайды.
- Құрықсыз тұлпар ұстадым, / Кеште құр-құрлап.
- Қамысы қара көлдің бунақ-бунақ, / Жел есер қара көлден тулап-тулап. / Мысырға ұзатылған апаларың / Төркіндеп келе жатыр улап-шулап.
- Бір керуен аттанады Шам шәріне, / Алыс жол алты айлық хан шәріне. / Қош айтып, қоғалы көл, қом суларға, / Созады ащы даусын таң сәріде.
- Екі рет туады, / Бір рет өледі.
- Тал басында түндіксіз отау.
- Ағаш басында, / Тас арасында, / Әр алуан қуыста / Түндіксіз отау.