Мезгіл, уақыт туралы жұмбақтар
Мезгіл, уақыт туралы жұмбақтар — 73 жұмбақ. Әрқайсысының жеке беті бар.
- Жер үстінде бір бәйтерек, / Оның бар он екі бұтағы. / Әрқайсында отыз жапырақ, / Отызының бір жағы ақ, бір жағы қара.
- Сырт-сырт сыртылдайды, / Тілі екеу, сөзсіз үн шығады. / Кейде екеуі бір жерде, / Қосылып бірге дем алады.
- Желсіз, сусыз айналған бір диірмен, / Шыққан күнмен айналып бірдей жүрген. / Қылдан нәзік мойнында бір бауы бар, / Ақылың жетік данасың ойлап білген.
- Аспанда қаһарланған алты терек, / Ұясы алтауының бөлек-бөлек.
- Базардан бір текемет алдым сатып, / Алты айдай текеметте жүрдім жатып, / Бұл іске мен ғажайып болып тұрмын, / Қалды ғой алты айдан соң айран қатып.
- Келеді үлкен алып аузын ашып, / Жүреді он екі аяқ қадам басып, / Әрбірінде отыздан бармағы бар, / Құтылмас ешбір адам мұнан қашып.
- Руымыз Әнжан, / Атқа міндік алты адам, / Алтаумыз да балуан, / Тұра қашты бір қоян. / Басып қалдық жалма-жан, / Басып тұрдық бесеуміз, / Бауыздадық біреуміз, / Мойны шықты қырық сабын, / Бұзаушығы былай тұр. / Терісі шықты алпыс етік, / Қырық ұлтан, / Сыздығы былай тұр. / Мұны өтірік демесең, / Ойланып ал, шыдай тұр.
- Түбі мықты жаралған сегіз батыр, / Баяғыдан соғысып келе жатыр. / Кезек-кезек соғысып, жатып-тұрып, / Кім жығары белгісіз түбінде ақыр.
- Бір жансыз жолбарыс бар екі тілді, / Байлаған екі шынжыр мықтап мұны, / Жүрісі бір шақта әм тұрысы, / Дауыстап уақытымен шығады үні. / Алты пар шаян, отыз пар шегірткесі, / Шырылдап дамыл таппай күні-түні.
- Басына биік таудың бітеді раң, / Жайлайды ол раңды екі түрлі аң. / Қолына өткір семсер қылыш алып, / Шығады аң аулауға салып ұран. / Ат мінген бұл екеуі жүгендемей, / Дүниені кетпекші емес түгендемей, / Астында екеуінің аты да бар, / Құрығы шолақ болған бөгендемей.
- Алтауы ала қасқыр, алтауы қара қасқыр, / Біріккен он екісі қара басқыр. / Жиылып бір тырнаны бәрі жеген, / Көрейік ол тырнаны жақындастыр. / Бір сирағы тырнаның, ей, жамағат, / Үйге тіреу болғандай алты қанат. / Сол үйдің үлкендігі сондай екен, / Артылар алты нарға қаттап қабат. / Ол нарды кіші десең, ей, жарандар, / Бір үлкен бәйтеректің басын шалар. / Бітіпті сол бәйтерек құба жонға, / Түбінен ерте ұшқан бір тұрымтай, / Басына кешке қонар әрең зорға. / Демеңіз күнді қысқа тағы нашар, / Семіз бар таңдағанға көңіл ашар. / Әреңмен кешке барып бұзаулайды, / Болғанда таң мезгілі қашқан қашар.
- Бір жайын тынбай жүзер дөп-дөңгелек, / Ұясы үш жүз бес, алпыс, бөлек-бөлек. / Сөткеде жиырма төрті жұмыртқалап, / Ақ, қара қанаты бар бір көбелек. / Тағы да нұрға толмақ асыл шөлмек, / Таусылып алмағайып қайтып келмек. / Әлемде алты арыстан ысқырғанда, / Жиылып құрт-құмырсқа бәрі де өлмек. / Айтуға сонда қиын болғанмен де, / Тұрады барлығын да заңы билеп.
- Үш жүз алпыс бес жасадым болып жуан, / Қырық сегіз қызды болдым бір алуан. / Қатар өскен бар менің он екі ұлым, / Бір ұлым бар олар да ерек туған.
- Ойдан шықты бұл жұмбақ, / Ойшыл ерлер ойлан тап. / Өзгермейді өзінен / Бұл жаһанда бір дарақ. / Ол дарақтың бойында / Дәл он екі бар бұтақ. / Бұтақтардың басында, / Үш жүз алпыс жапырақ. / Жапырақты қарасақ, / Бір жағы қара, бір жағы ақ, / Бұл жұмбақты кім шешсе, / Болсын дейміз жасы ұзақ.
- Үш жүз алпыс бес шығыршық, / Қырық сегіз тығыншық, / Аққу жылына екі рет балалайды.
- Үш жүз тамырым бар, бәрі жуан, / Он екі ұлым бар еді бір күн туған. / Алтауы өз дінінде / Алтауы кәпір болған.
- Үш жүз алпыс алты анасы, / Қырық сегіз болар баласы. / Он сегіз бөлек ұясы, / Ішінде екі ақ жұмыртқасы.
- Үй артында бір дуан, / Бір ұлы бар ханға дуан. / Қырық сегіз қызы бар, / Бәрі жуан.
- Лұғат жұмбақ қылып, сөз бастадым, / Жаралған бір мақұлық үлкен жайын. / Өзінің басы жеті, қолы он екі, / Отыздан саусағы бар қол бас сайын. / Жиырма төрт құлағы бар бір басында / Жолдас боп жүрер оның кім қасында? / Бірі – ақ, бірі – көк, екі көзі / Тұрады бақырайып арқасында.
- Бір ағашта он екі ұя, / Әр ұяда отыз жұмыртқа.
- Бір ұзын ағаш, / Үстінде он екі ұя. / Әр ұяда төрт тұқым, / Әр тұқымда жеті балапан.
- Мен бір қарт, / Он екі балам бар. / Баламның бәрінде де / Отыз-отыздан қызы бар, / Бәрінің жасы бір, аты өзге.
- Тауда дарақ, екі бұтақ, / Біреуі гүлді, біреуі гүлсіз.
- Атасы мен анасы, / Үш жүз алпыс бес баласы, / Он екі ауыл шамасы, / Отыз ор дуадақ, / Бес балақ сан, / Елу екі қарашы.
- Ботасы жоқ нар құр боздайды, / Әр заманда аяғын бір қозғайды. / Әр заманда аяғын қозғаса да, / Ұшқан құс та, жүгірген аң да бір озбайды.
- Күзетші бір-екі адам ол жаһанда, / Ораулы он екісі бір шапанда. / Ұстайды он екісі отыз шоқпар, / Қырық құрық даярлаулы қашағанға. / Қарасам, жеңі бесеу ол шапанда, / Көрмедім бұндай шапан бұл жалғанда. / Аузы жеңдерінің бүрмеленген / Анықтап он екі пар түймеленген. / Апырмай, есебі жоқ толып жатқан, / Қиындық ойлап тұрсам тарау-тарау бұл не деген?
- Алты арыстанды үш бөрі сорған, / Жілігін шақпай майын сорған, / Терісін теспей қанын сорған.
- Алпыс аттың етін жер, / Жілігін шақпай, майын ішер.
- Жолда кеткен ақ қоян / Жолға қарап отырды. / Қарға менен құзғынды / Ұйқыменен жоқ қылды.
- Онан соң екі-үш мырза тағы келген, / Ғаламнан мырзалығын көзі көрген. / Алдыңа риздықпен нәсіп берген, / Кең болды шарапаты дария, көлден.
- Көрсең, реңді, қарасаң, көрікті, / Ол болмаса, жұрттың бәрі / Бір бәлеге жолықты.
- Шақырса, келмес, / Жаяу жүрмес.
- Жерде жоқ, көкте жоқ, / Бір әңгелектен әңгелек шығады. / Он екі бөлек, / Біреуі – ащы, / Біреуі – тұщы.
- Екі үлкен нар көрдім, / Бірінің жақсы нұры бар, / Бірінің жаман түрі бар, / Арасында үзілмес бұйда жібі бар.
- Онан соң тағы келген екі-үш сараң, / Бұ келген үшеуінің көңілі жарым. / Алдырып әу бас еңлік, / Ғаламның гүлін алып қылған қараң.
- Шілдедей шуақ күні бар, / Бұлбұлдайын үні бар. / Көк шалғыны құлпырған, / Масатыдай түрі бар. / Қызықтырған адамды / Неше түрлі гүлі бар.
- Бір адамға он екі егіз, / Бір егізде біреусіз сегіз.
- Бір ұяда жеті жұмыртқа.
- Жаралған бұл дүниеде екі қақпақ, / Мезгілімен ашылып және жаппақ. / Болғанда бірі қара, екіншісі— / Күмістей жарқыраған сүттен де аппақ.
- Алдымен қара тұлпар озық келер, / Арғымақ мойнын созып кейін келер. / Соңынан боз арғымақ басып озып, / Айналып бірін-бірі жүре берер.
- Баяғыда болыпты екі патша, / Бірі қуып бара жатса, бірі қашса, / Артында он екіден баласы бар, / Үш жүз алпыстан болады тұқым шашса.
- Бірі – ақ, бірі – оның туған қара, / Отыздан он екі рет өскен дара. / Үш жүз алпыс әрбірінің серігі бар, / Жұп қылып бөліп алған екеу ара.
- Үш бірдей бағып жүрмін арғымақты, / Біреуі біреуінен қарғымапты. / Үш бірдей үшеуінен қаққан қазық, / Біреуі біреуінен тар болмапты.
- Жабысқан жар бетінде көрдім бір зат, / Ай, жұлдыз, күн мен түнді тұрар санап. / Жанында шешен де бар, көсем де бар, / Мүшесі үш жүз алпыс алты қабат.
- Үйрегім бар еді үйде үш жүз алпыс, / Мұнша үйректі санап алу елдің салты. / Күніне бір үйрегім жоғалады, / Айтшы сен сол үйректі кім алады?
- Бір нәрсе дөңгелейді шыр айналып, / Келеді бір жеріне қайта айналып. / Қызықты мұндай нәрсе бола ма екен, / Отырар, оны көрсе, ер жайланып.
- Өзінен өзі айналған бір диірмен, / Көрінеді әр парасы бір бүйірден. / Қылдан нәзік ішінде бір жібі бар, / Қолы епті екен, шіркін-ай, кім иірген?
- Дегенде алпыс бұтақ, алпыс бұтақ, / Бір бұтақта бар екен алпыс жапырақ. / Өзі жансыз, жандыдай қызметі бар, / Үлкендігі түйенің көзіндей-ақ.
- Бір нәрсе күндіз-түні шыр айналған, / Есебін оның айтқан кім ойлаған. / Қарайды анда-санда аузын ашып, / Жаңылмас есебінен қара басып. / Мойнында бір құлаштай шынжыры бар, / Жүреді адамзатпен араласып.
- Келгенде күн төбеге болады түс, / Кезегін ұмытады жаз бенен қыс. / Күніне он екі айлық жол жүреді, / Өзінің қанаты бар, бір жансыз құс.
- Өмірді өлшейді, / Ешкімнен сұрамай. / Тіліңді алмайды, / Тетігін бұрамай.
- Бір кісі бар дүниеде, / Шемішке шағып тұрады. / Бұл кісіден әр уақыт / Әркім мезгіл сұрады.
- Шіңгірлеген жеңешем, / Шыр етті де оятты. / Гуілдеген ағекем / Гу етті де ұзатты.
- Тағы бар өнер біткен асыл шөлмек, / Бір толып, бір басылып, қайтып келмек. / Күні-түн жиырма төрт жұмыртқасы, / Қанаты ақтан сары бір көбелек.
- Сырт-сырт соғады, / Уақыт озады.
- Болаттан салған жүрегі, / Сырт-сырт соғып жүреді. / Үйде арқандаулы тұрады, / Тыста кісендеулі жүреді, / Күнді метрсіз өлшейді, / Сөзсіз түсіндіреді.
- Бір нәрсе күні бойы санап тұрады, / Оған жұрттың бәрі қарап тұрады.
- Қозғалады орнынан, / Бір-ақ рет күнінде. / Ел ұйықтаса, ол ояу— / Тыныштық жоқ үнінде.
- Денесі бар, сөзі жоқ, / Аяғы жоқ жүреді. / Күнді, түнді өлшейді, / Екі тілді жүрегі. / Шешуін кім біледі?
- Сырт-сырт етіп соғады, / Кеудесінде жүрегі. / Өзі тілсіз сөйлейді, / Өзі жансыз жүреді.
- Жүруден бір талмайтын, / Күн мен түннен қалмайтын.
- Жаңылмайды есептен, / Аяғы жоқ жүреді. / Сөйлейтұғын тілі жоқ, / Уақытыңды біледі. / Күндіз-түні жүргенмен, / Қызымайды жүрегі, / Су ішіп, жем жемейді, / Сықырлайды жүрегі.
- Дөңгелек аяғымен жер баспайды, / Жерінен уағдалы адаспайды. / Білімді қанша адам болса дағы, / Бір адам біліміне таласпайды.
- Екі тілді балғалы, / Арқаны бар мойнында. / Арқандамай бос қойсаң, / Жүрмей қалу ойында. / Сұрасаң онан сөйлесіп, / Сөйлеп жауап бермейді. / Қарасаң бетіне тесіле, / Тіліменен сермейді.
- Бір көл бар он екі қаз жайлаған, / Ішінде екі тырна айқайлаған. / Тырнаның біреуі – би, біреуі – хан, / Ішінде жалғыз үйрек той тойлаған.
- Бір жансыз жолбарыс бар екі тілді, / Байланған шынжырымен мәкемені. / Он екі көз, алпыс өлшемі бар, / Жүгірер дамыл таппай күндіз-түні.
- Ей, құрғыр, есермісің, есермісің, / Бұралып тал шыбықтай өсермісің. / Айналып үш жүз алпыс түлкі жұмбақ, / Байлауын жұмбағымның шешермісің.
- Үш жүз алпыс шытыра, / Қырық сегіз батыр, / Екі аққу, он екі бұлбұл.
- Төрт аққу, қырық сегіз қоңыр үйрек, / Жиналды ойын құмар қалмас сиреп. / Майданда белдескенде кезек-кезек, / Тастайды бірін-бірі ұн қып илеп. / Ойыны қанғаннан соң бәрін жиып, / Зынданға сап тастайды өзін түйреп.
- Қолымнан жиырма төрт үйрек ұшты, / Барды да отыз көлдің суын ішті. / Көрді де сол үйректі он екі арқар, / Үш жүз алпыс қозыға болды ішті.
- Айнала қорған салдым, / Ішіне жеті бөлме үй салдым. / Жеті үйдің ішіне бір әйнек, / Бір шырақ қойдым.
- Он екі үйрек, бір сұңқар, / Жағалап ұшып сымпылдап. / Отыз қызғыш, төрт қыз бен, / Айнала жүріп сұңқылдап.
- Он екі көлді жайлар отыз үйрек, / Он екі аққу бір шетте жүрер бөлек. / Қырық сегіз сол көлдердің ұясы бар, / Адамға қиын болар мұны білмек.