Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

От жағу, жарық қылу туралы жұмбақтар

От жағу, жарық қылу туралы жұмбақтар — 111 жұмбақ. Әрқайсысының жеке беті бар. 1-бет, барлығы 2 бет.

  1. Ұзыннан ұзақ, / Көкке тұзақ.
  2. Үй үстінде ақ аю билейді.
  3. Бір түйем бар қамыстың басын жейді, / Шу-шулесең жануар бір жүрмейді. / Қағып-соғып шаңдаққа шөгерсем де, / Төс табаны сірә бір жер тимейді.
  4. Дүниеде бір сұлу бар жылтыраған, / Көргенде жел мен суды қалтыраған. / Сен оны қасыңа алып жүре қалсаң, / Нәрсе жоқ қараңғыда табылмаған.
  5. Бір нәрсе ұшқан сайын жоғарылаған, / Бір ұшса, жерге қайтып қона алмаған. / Орнында баяндайтын бір мақлұқат, / Оларға тиген жандар сау қалмаған.
  6. Дүниеде бір айдаһар жылан бар, / Жан-жағын жеп барады, / Ішіне бітеу сүйек көп барады.
  7. Қызыл сиырды байлап салдым, / Көк сиырды айдап салдым.
  8. Бір жансыз бір жансыздың жанын алар.
  9. Жалт-жұлт етеді, / Жалмай-жалмай жұтады.
  10. Жаурағанды күлдірер, / Аяғы жоқты жүргізер. / Өз еркіне жіберсең, / Дүниені бүлдірер.
  11. Қуыста қызыл әтеш билейді.
  12. Там-там тобылғы, / Тамылжыған тобылғы, / Көлеңкесі көк майса, / Күліп тұрған тобылғы.
  13. Көзі жайнай қарайды, / Қазан түбін жалайды.
  14. Өткірлігі өлімнің нақ зәріндей, / Өзінен басқалардың бәрін жейді. / Жейтұғын ешбір нәрсе таба алмаса, / Өзін-өзі жейді де, көрінбейді.
  15. Бір нәрсе өз киімін қорек еткен, / Сау емес оның өзі кесепеттен. / Нәрсені қолға түскен жалмап жұтады, / Мен оның мешкейлігін айтып жетпен.
  16. Бар екен бір жалмауыз жалғанда артық, / Жүреді, жүрген шақта өзі шалқып. / Темір мен топырақ, тас, суды жемес, / Басқаны жеп қояды, қойсаң артып.
  17. Бір сұлу бар ел бәрі айналысты, / Адамға әлгі сұлу байланысты. / Сол сұлу жақсылығының арқасында, / Ет пен тамақ, нан мен су қайнап пісті.
  18. Зәредейін жанданған, / Бара-бара жалданған, / Бұйра-бұйра жалы бар, / Жал астында қаны бар.
  19. Сары аттың сиген жеріне шөп шықпайды.
  20. Қызыл ешкі жатқан жерге шөп өспес.
  21. Есіктен кіреді, / Тесіктен шығады.
  22. Қара сиырым қарап тұр, / Қызыл сиырым жалап тұр.
  23. Бір қара өгізге екі теңдей-теңдей жүк арттым, / Бір бала үстіне мінгізіп шылым тарттым.
  24. Боп, боп, бопылдақ, / Бопылдақ үсті үш тармақ. / Үш тармақта соқыр шақ, / Соқыр шақ үсті жез қармақ.
  25. Бап, бап, бапанақ, / Бапанақ үсті арғымақ. / Арғымақ үсті қызыл тақ, / Қызыл тақ үсті қу шұнақ.
  26. Болғанда қиған қалпақ, қырсау құрық, / Мінгені үш аяқты қызыл жүйрік.
  27. Басына қара таудың бітер қорған, / Онда жоқ бекітерге айыл-тұрман, / Қасына төрт нөкерін ертіп алып, / Үстіне қайырлы бай мініп тұрған.
  28. Үш балада бір қармақ.
  29. Арық кісі ашаңдайды, / Бұтындағысы шошаңдайды.
  30. Дыбыстасаң қарамас, / Болса дағы құлағы. / От-жалынмен аралас, / Тату-тәтті тұрады.
  31. Бар екен арасанның үш төресі, / Жайлауы бір апанның кенересі. / Асты зерден болғанда, үсті балдан, / Адамзаттың, ойласақ, неменесі!
  32. Қара тайым мықты, / Қара бием сүтті.
  33. Үш адам қара киген қарағымды, / Бар еді үшеуінің арғымағы. / Үшеуі үш жағынан қарғыса да, / Жетпейді адым жерге қарғығаны.
  34. Әкесі баласын көтеріп тұрады.
  35. Қайнап жатқан көлге / Темір үйрек сүңгиді.
  36. Үш қыз «өлем» деп отыр, / Әкесі қаба сақал «көмем» деп отыр.
  37. Үш аяғы үш жақта, / Төрт құлағы қалқиған. / Ретін таппай жұмсаса, / Ыңғайына жантиған.
  38. Үш атқа мінгесіп тұр, жалғыз көрдім, / Соларға тамаша етіп қарап тұрдым. / Жандыны жансызбенен күрестіріп, / Жансызды бір уақытта алып ұрдым.
  39. Жер жүзін бір айдаһар жеп барады, / Аузынан бітеу сүйек боп барады. / Айдаһардың аузына түспей қалса, / Енді іске жарамаймын деп барады.
  40. Анасы – жуан, / Қызы – қызыл.
  41. Тап-тап, тап балшық, / Тап-тап соққан сор балшық. / Іші қызыл қиямет, / Сырты сұлу әлемет.
  42. Қос белбеу, мауыт шекпен, қазан қалпақ, / Нәрседей жылан сорған қарны жалпақ. / Бір жерден қозғалмайды сабыр етіп, / Қылмайды сабырсыздық, етсе жалтақ.
  43. Заттардың қуаңына өр құмар, / Үстінде күйіп піскен нәрсе тұрар. / Орнынан аузын ашып, ұмтылса егер, / Тығылар берген тамақ ұмар-жұмар.
  44. Сырты қап-қара, / Іші қып-қызыл жара. / Әлсін кіріп шығады, / Бір жалаңбас бала.
  45. Бір нәрсе төрт бұрышты, доп-домалақ, / Үстінде тыныш тұрақ, бір сабалақ. / Өзінің бір ұшы жерде, бір ұшы көкте, / Тоймайды бес жүз түйе баққан шөпке. / Әркімдер көтерем деп ойласа да, / Келмейді, сірә, тегі тіпті епке.
  46. Ұзын құрығым үйге сыймайды.
  47. Қозғалмайды, үш аяқпен тұрады, / Ауыл көшсе, шаңырақта тұрады.
  48. Аузы іште, мойны сыртта, / Бар жылуын берер жұртқа.
  49. Қуаты ыссы керемет, / Үйге лебін жаяды.
  50. Қыста тамаққа тоймайды, / Жазда ұйқысын қоймайды.
  51. Мың дозақ қиямет дерсің, / Ішіне нанды пісіріп жерсің.
  52. Үсті бүтін, / Іші түтін.
  53. Іші қызыл әлеумет, / Сырты қызыл керемет. / Тыңдап тұрып дәл ұрсаң, / Пайғамбарға сәлем ет.
  54. Аузы қара, / Түбі жара. / Сулап салсаң, / Шығады сары бала.
  55. Арқаға міндім, хан болдым, / Үйге келдім, құл болдым. / Отқа жандым, күл болдым.
  56. Шешесі мәсісін кигенше, / Қызы Мәскеуге барып қалды.
  57. Атасы аяғын кигенше, / Ұлы базарға барып қайтар.
  58. Ұзыннан ұзақ, / Көкке тұзақ, / Балапан жапырақ, / Батпан топырақ.
  59. Көк лағым көлеңкеде сүйретіліп барады.
  60. Көк өгізім жүреген, / Мүйізін көкке тіреген.
  61. Көк итім көкке қарап ұлиды.
  62. Ана ауылдың бурасы, / Мына ауылдың бурасы, / Желкілдейді шудасы.
  63. Жұмбағым жұтылды, / Көкке қарай тұтылды.
  64. Үй үстінде ақ аю билеп тұр.
  65. Қарны жуан қампайған, / Серейіп бойы талтайған. / Ерте-кешке бір жазық, / Тапа-тал түсте жантайған.
  66. Көк көйлекті жеңешем / Көлбең-көлбең етеді, / Артындағы баласы / Елбең-елбең етеді.
  67. Сандық толы қызыл алма, / Жей алмайсың, амал бар ма?
  68. Құп-құрғақ, / Жанбайды ол бірақ.
  69. Болат жапырақ, / Батпан топырақ.
  70. Пеш ішінде отырмын, / Өзім шикі қотырмын. / Қотырыма тимеңдер, / Өлейін деп отырмын.
  71. Тас таяқ қағысар да соғысар, / Ортасында бөдене, қырғи келіп қағысар.
  72. Кішкентай ғана сандығым, / Өмірге керек жабдығым. / Сандығыммен бітірем, / Керегімнің барлығын.
  73. Бір қорада қамалған сансыз жануар, / Әрқайсысының басында тұрған панар. / Аңдаусызда сүйкеніп тиіп кетсе, / Тыз етіп сол жануар от боп жанар.
  74. Елу тентек тып-тыныш, / Бір сарайда жатады. / Тысқа шықса біреуі, / Жарқ етіп от шашады.
  75. Кішкентай ғана арық, / Іші тола балық.
  76. Кішкене ғана мүсәтір, / Ол мүсәтір жоқ болса, / Елдің бәрі мүсәпір.
  77. Бір бөлмеде көп тентек, / Әрқайсысы отпен тең. / Жатпайды олар біз-сіз деп, / Шыға келер шыж-быж деп.
  78. Бір үйде тұрады екен елу батыр, / Үй сыртына сүйкенсе-ақ, өліп жатыр.
  79. Ағаштан үй салдырдым аузы ашық, / Ішінде елу жігіт қылар кәсіп, / Біріне ажал жеткен уақытта / Кетеді жанып, елге пайда шашып.
  80. Сен өзің сандықсың ба, сарайсың ба, / Қайтадан мүлік болып жарайсың ба?
  81. Өзі ала, / Жан-жағы қара, / Ортасында бала, / Баласының басы қара.
  82. Қамалып бір сарайда солдат жатқан, / Далаға шыққандары мылтық атқан. / Салмағы аз бұл сарайдың солдатында / Ойланып милы кісі мұны тапқан.
  83. Іші алпыс, екеу екен сырттан қабы, / Байланыс тіршілікпен мұның жаны. / Сырты да әкесінен ажыраса, / Ешқандай болмайды екен мұның сәні. / Пайдалы адамзатқа болғаннан соң, / Қолынан тастамайды елдің бәрі.
  84. Бір нәрсе төрт бұрышты білесіз бе, / Жаны жоқ қимылдауға денесінде. / Ішінде жансыз шоқпар тығулы тұр, / Қажетін кешке жақын білесіз де.
  85. Кілті жоқ суырмалы бір сандық бар, / Ішінде елу екі тайлағы бар. / Тайлақты қасына алып еңбек еткен, / Адамға оның өте керегі бар.
  86. Үйге кіріп ақ бала, / Болып шықты қап-қара.
  87. От басында ұзын темір.
  88. Жұмбағым жұты қара, / Таба алмаған кісінің беті қара.
  89. Іші қара, / Тысы ақ.
  90. Бір тон бар өте әлді болған түзік, / Ешкімге қарамайды түсін бұзып. / Жаман-жақсы пайдасы көпке бірдей, / Сол себепті біз көрдік қанша қызық.
  91. Ақ тауға бір бәйтерек қарсы біткен, / Басына бір адамзат мекен еткен. / Әділдігі елге бар, өзіне жоқ, / Ақырында өз басына өзі жеткен.
  92. О жағы дуалша, / Бұ жағы дуалша, / Ортасында молда бала.
  93. Бір нәрсе әділ етті, / Әділ етті де, өліп кетті.
  94. Жапанда бір бәйтерек жалғыз біткен, / Басына бір азамат мекен еткен. / Пайдасы жұртына бар, өзіне жоқ, / Басынан алтын шоғы ұшып кеткен.
  95. Бір тастың қақ басында құдығы бар, / Құдықтың айналасы бәрі де жар.
  96. Бір тілім ет не қаны жоқ, / Азғана май қорегі, / Тапсаң ойлап, тез шешіп, / Жауабын кім береді?
  97. Арықтаса сөнеді, / Адам үшін көнеді. / Мінезі жаман өзінің, / Білдірмей тебеді.
  98. Ақ шатыр, ақ шатыр, / Ақ шатырдың ішінде / Қызыл көзді шал жатыр.
  99. Мекен қып бұ жиһанды падиша өткен, / Ол падиша алтын тақты мекен еткен. / Басында падишаның алтын тәжі, / Сол тәжі ақырында түбіне жеткен.
  100. Бір түйем өлді арықтап майы көптен, / Жануар семірмейді жеген шөптен. / Ол түйем зәудеғалам өліп кетсе, / Сүйегі табылмайды жерден, көктен.

Ауыз әдебиеті