Ойын-сауық, музыкалық аспаптар туралы жұмбақтар
Ойын-сауық, музыкалық аспаптар туралы жұмбақтар — 82 жұмбақ. Әрқайсысының жеке беті бар.
- Бір нәрсе қараңғыда қаймалайды, / Азынаса, көмейінде мал жылайды. / Құйрығын қара жерге тіреп алып, / Келеді баяғының әнін салып.
- Тиіп кетсе, жылаған, / Даусы көпке ұнаған.
- Шапқан жоқ, туған жоқ, / Алдына алса, жырлайды.
- Бір жансыз мойнында бар екі құлақ, / Ойнайды дәл үстінде он шақты лақ. / Белінде сегіз белбеу, қолда екі арқан, / Қояды оны бұрап-бұрап. / Бар екен маңдайында жалғыз көзі, / Болады тоқсан түрлі айтқан сөзі.
- Қос желі, үш жерінен қазығы бар, / Құбылған қоңыр желден азығы бар. / Желіні сабалайды дыңылдатып, / Байғұстың соншама не жазығы бар.
- Қапасқа бір тотыны қойған байлап, / Отырар қысы-жазы соны жайлап. / Қасына тыңдаушылар жақын барса, / Жіберер қуанғаннан қатты айқайлап. / Өзіне әртүрлі құс келіп тұрар, / Бір шұқып тұмсығымен амандасып, / Айналып ақуалын көріп тұрар. / Бір сағат қарап тұрса ақыл ойлап, / Күйіне бар денесін толықтырар.
- Сырты шұбар әдемі келген сұлу, / Әңгіме күні-түні мәжіліс құру. / Қаз мойын көмекейі сақылдайды, / Жиын той көңілденген қызық-қызу.
- Жылқыда ерен жүйрік қара арғымақ, / Мойыны жануардың бунақ-бунақ, / Айылын екі жерден мықтап тартып, / Кетеді, қамшы бассаң, зулап-зулап.
- Қос қазық екі жерден шынжыр арқан, / Сылдырап әр буыны үнін қосқан. / Он адам жолдас болып еңбек етсе, / Аралап он екі үйге қонақ болған.
- Екі құлақты, / Он екі аяқты.
- Тынбайды жылтыр мұзда екі жорға, / Екеуі құлай жаздап кейде зорға. / Кей уақыт зырлап келіп кілт сүрініп, / Болады құлағандай қазған орға. / Минутта тоғыз бекет аралайды, / Он жігіт қызмет етіп жүрген сонда.
- Базардан алып келген қара арғымақ, / Бітіпті төбесіне екі құлақ. / Белбеуін тоғыз жерден буынып ап, / Сөйлейді адамзаттан бұрынырақ.
- Екі құлақ, тоғыз жерден қолы бар, / Күні-түні төбелейді, / Маңдайының соры бар.
- Құлағы арғымақтың туу басында, / Тізгіні ершігімен бауырында. / Бар екен сегіз айыл денесінде, / Жігіттер, осы сөзге сенесіз бе.
- Тоғыз белбеу, қос жібек, / Екі мұрын, бір шүмек.
- Басы бар, денесі жоқ, бойы бір кез, / Табарсың, болсаң зерек, осыны тез. / Қозғасаң қос құлағын тігіп алып, / Тамаша әр тараптан айтады сөз.
- Төрт қазық, екі желі, тоғыз ноқат, / Сайрайды бұлбұл құсша адам соқса, / Шешенсіп адам барда тұрса дағы, / Байланар тартса тіл адам жоқта.
- Қос қазық, екі желі, сегіз ноқта, / Сөйлейді шежіредей адам соқса. / Тағы да бір мінезі таңғажайып, / Еш уақыт сөйлемейді адам жоқта.
- Бұлбұлдың сегіз аяқ, бір басы бар, / Тең басқан сегіз жерден таңбасы бар. / Үстіне мініп алып жорғалатсаң, / Салатын әрбір түрлі жорғасы бар.
- Қарны қабақтай, / Бұты таяқтай. / Тиіп кетсең, жылайды, / Жыласа да, ұнайды.
- Тартылған екі арқаны ұзын бойға, / Сөйлеуге сондай шебер, тапсаң айла. / Әр жерде аршындалған балдағы бар, / Ойнайды он бармағың, білсе айла.
- Бір тұйғын, екі лашын, бір сандуғаш, / Жиылып жеті қонақ болыпты мәз. / Басында екі кептер қонып отыр, / Бәрінің ұялауы жалғыз ағаш.
- Мінгенім дайым менің бір арғымақ, / Бітіпті төбесіне екі құлақ. / Тартатын сегіз жерден бедері бар, / Кетеді қол тигенде қатты зырлап.
- Бір мақұлық бар екен тау жайлаған, / Басына адам бара ойбайлаған. / Екі бала үстіне мініп алып, / Қайда жиын, қайда той, той тойлаған.
- Бір ағаш, бір ағаштан жорға болды, / Оның да жорғалығы зорға болды. / Арқанмен бас аяғын байлап қойып, / Бір қарға соққылайды оңды-солға.
- Келемін жоғарыдан күймелемей, / Он жерден омырауды түймелей. / Сегіз қыз, сегіз жігіт ән салады, / Япыр-ай, не екенін білмедім-ай.
- Мойнына қатар-қатар түйме салдық, / Сегіз қыз, сегіз қызға қосылдырып, / Құбылтып неше түрлі күйге салдық.
- Базардан алып келген сары сандық, / Он жігіт зорға барып кілтін салдық. / Он жігіт кілтін салып қозғап көрсек, / Сөйлейді әлгі сандық дамбыр қағып.
- Екі жерде жалы бар, / Күні-түні жолығар. / Күні-түні тоқпақтар, / Маңдайының соры бар.
- Бір ат бар екі кісі арасында / Жиылған көлеңкесі панасында. / Сегіз сәкін, екі әліп, бірі тәштіт, / Жұмбағым менің сондай табасың ба?
- Қолымда бір қамшым бар екі өрмелі, / Істеген әшекейлеп әртүрлері. / Бойында сол қамшымның қасиеті көп, / Қолына алған кісі бір сүйсінеді.
- Қазықтан біраз жылқы келдік жиып, / Бір-екеу қарсы алдымнан кетті тиіп. / Кісідей шыбын шаққан шыбыжықтайды, / Тырсылдап, тырс-тырс етіп, кетсе тиіп.
- Он екі белбеу, екі арқан, / Екі қазық бір басқан.
- Мойнында тоғыз торы бар, / Аңыраған екі жолы бар. / Күнде тоқпақ маңдайында, / Арылмаған соры бар.
- Әргез-әргез, / Мойыны біргез. / Шақырса, келмес, / Қолдан түспес.
- Параход от жанады таңдайынан, / Жылтырар екі көзі маңдайынан. / Екі арқан, сегіз тең жіп бар белбеуі, / Сөйлесе, тозаң шығар таңдайынан.
- Салдырттым әсем қара ат, екі жорға, / Он жігіт қызмет қылар әрең зорға. / Күніне жеті бекет жер алғызып, / Әселмен барып келер нұрлы жолға.
- Ағаш, темір, қағаз, желім, / Бұлардың басын қосқан көрдім жерін. / Шырқырап неше түрлі ән салады, / Ішіне толтырып ап барлық жемін.
- Бір отау сырты әсем, екі баулы, / Он батыр босағада болған даулы. / Ішінде қыз бен жігіт толған екен, / Бәрі ақын көрінеді жез таңдайлы.
- Келеді мына жатқан күймелі бай, / Омырауы сары алтыннан түймелі бай. / Екі шал, жеті жігіт ән салады, / Затының кім екенін білмедім-ай.
- Бойы бір тұтам, / Сақалы қырық тұтам. / Аузы ордай, / Мұрны құрдай.
- Қалдырмай емге етін, / Қақтаған күн бетін / Астында төмпештің / Атқарар міндетін.
- Аузы оймақтай, / Ерні етектей.
- Бір нәрсе көлемі үлкен едәуір зор, / Айтқаны әп-әдемі өлең мен хор. / Әрпі бар доп-домалақ доп сияқты, / Оқыса үйренеді оқыған қол.
- Денесі бар, аузы жоқ, / Көмейінен сөйлейді, / Бұл не деген тамаша. / Өлең тартқан кернейі.
- Мұрнында бар инесі, / Бетінде бар түймесі. / Аузын ашса, сөйлейді, / Табыңыздар не осы?
- Жоқтан бар ғып сайратқан, / Тыңдаған жан жай тапқан. / Таңғажайып бір нәрсе, / Үйдің ішін жайнатқан.
- Жоқтан бар ғып сайратқан, / Жылы тартып жайнатқан. / Тұла бойы тұл жұмбақ, / Елу үш құлын байлатқан.
- Дария үсті тақтай, асты тақтай, / Үйрегі жиырма төрт қонған баққа-ай. / Ұшқанда бір-біріне қарсыласып, / Соқтықпай ұшады екен қанат қақпай.
- Бір кеме айналасы бітеу қақпа, / Жүргізген капитаны алтын тақта. / Уәзірі он екіден жиырма төрт, / Отыз екі көлде екен әр уақытта.
- Бір нәрсе төрт бұрышты, түсі шұбар, / Екі адам екі жақтан аңдып тұрар, / Екеуі он екіден әскер алып, / Жерінде ұшан майдан ұрыс салар.
- Алты пар, он екі қозы, / Жүрмейді рұқсатсыз оның өзі. / Осыған екі қасқыр кеп таласып, / Ақылмен жеңіп алар, жетсе кезі.
- Бір көлден он екіден қаз ойнайды, / Алсам деп бірін-бірі наз ойлайды. / Келгенде жақындасып, қожаңдасып, / Бір-бірін алмасына еш қоймайды.
- Жиырма төрт үйрек қонған қиған тасқа, / Орны бар әрқайсының басқа-басқа. / Он солдат оңды-солды ойнатады, / Жиын жоқ адамзатта онан басқа.
- Қолымнан жиырма төрт үйрек ұшты, / Барды да отыз екі көлге түсті. / Балдыры мен шөбіне әбден тойып, / Бір-біріне жаудай боп қарсы ұшты.
- Бар екен екі жақты екі дуан, / Он екіден әскері бір күн туған. / Біреуін біреуі арбап, құрбан беріп, / Қан майдан соғыс салып көңілі тынған.
- Жансызда бір нәрсе бар төрт бұрышты, / Екі кісі келді де, келді ұрысты. / Екеуінің он екіден әскері бар, / Жиылды да екеуі қатты ұрысты.
- Бір топ құс ұшып қонды балағанға, / Үйірі жиырма төрт санағанға. / Ісіне құдіреттің қарап тұрсаң, / Қонады екі бөлініп қарағанға.
- Жүруші ем жігітімде атты жайлап, / Осы күнде отырмын жұмбақ ойлап. / Қолымда жиырма төрт үйрегім бар, / Отыз екі жүреді көлді жайлап.
- Қолыма қалам алдым, қағаз сайлап, / Жүруші ек көшіп-қонып алты ай жайлап. / Қолымда жиырма төрт үйрегім бар, / Жүреді отыз екі көлді жайлап.
- Асты тақтай, үсті тақтай, / Қонады сол тақтайға үйрек қаптай. / Үйректі екі мерген атамын деп, / Аңдиды тұрғысынан дамыл таппай.
- Шаһарым бар отыз екі, екі дуан, / Жиырма төрт ұлым бар бір күн туған. / Ішінен екі ұлым қолды шығып, / Өзін-өзі болдырады сол антұрған.
- Бір шаһар жаратылды бітеу қақпа, / Жүргізіп патша отыр алтын тақта. / Уәзірі он екіден – жиырма төрт, / Әр уәзір алыс жерде әр уақытта.
- Бір дөңде жиырма төрт жан төбелескен, / Қызығы төбелессе, қалмайды естен. / Жері бар отыз екі майдан ашқан, / Білмейді басқа кәсіп төбелестен.
- Дария үсті тақтай, асты тақтай, / Ұшады жиырма төрт үйрек қанат қақпай. / Жем сұрайды он екісі бөлініп ап, / Жайылмас өз бетімен адам бақпай.
- Ғажайып жамбыл көрдім төрт бұрышты, / Жиылып патша, солдат көп ұрысты. / Қолында қару-жарақ сайманы жоқ, / Ары-бері ұрысты да жай болысты.
- Таусыз жерде, / Сусыз шөлде / Жансыз жауынгерлер / Қарусыз соғысады.
- Мен көрдім он алты үйрек, бір бидайық, / Қонады бір айдынға қанат жайып. / Өз еркі ұшсын-қонсын мекеніне, / Алты ұра үйректерге тұр лайық. / Бүйірден бидайық кеп тиген кезде, / Табуы ұяны үйрек болар ғайып.
- Екі атасы бар, / Он сегіз анасы бар. / Он сегіз анасының әрқайсысында / Тоғыз-тоғыздан баласы бар.
- Орай бұты, бөкен сырты, / Іші бар, ішегі жоқ.
- Төрт қырлы бір сүйек бар жұмарланған, / Ақылсыз оны жиып құмарланған. / Көп сүйектен бір сүйек таңдап алып, / Жоғалса сол сүйегі, қайғыланған.
- Нәзік белі бұралған, / Ұшы біздей қадалған. / Қар үстінде жорғалап, / Басқан ізін бояған.
- Өзі кішкене дөп-дөңгелек, / Тапшы, қане біле алсаң. / Өзіңнен де биікке асады, / Мықтап жерге ұра алсаң.
- Ұрсаң қатты зырлайды, / Жерге қарғып тұрмайды. / Тиіп кетсе басыңа, / Ешбір зиян қылмайды.
- Қос аяқ жүрген қуып, / Жел шықтан үрген қуық, / Бірде жөн, бірде лағып, / Қашады зыр-зыр қағып.
- Жазда жатса тынығып, / Дейді қыста жұмыс тап. / Тауға шықсаң, жетекте, / Қашады алып етекке.
- Ақ шатыр, / Ақ шатырдың ішінде / Ақ ала көйлек қыз жатыр.
- Біздің үйде бір қыз бар, / Көзі бар, көрмейді, / Аузы бар, жемейді, / Қолы бар, ұстамайды, / Аяғы бар, жүрмейді.
- Құлақтан кіріп, бойды алар, / Көңілге түрлі ой салар.
- Қара табақ, / Қара табақ айналады, / Күй тартады, / Ән салады, / Думандатып айналаны.
- Салдырдым екі жорға жалтыр мұзға, / Он жігіт қызмет қылып жалғыз қызға. / Күніне жалғыз бекет жерді аралап, / Он жігіт тынығады әрең сонда.
- Жансыздан жалғыз шыққан боз арғымақ, / Арқаны бар арқасында жұмақ-жұмақ. / Ер ерттеп, екі айылын тартып алып, / Қамшыласа кетеді зулап-зулап. / Мініп ап боз жорғаны күйге салдық, / Мойнына қатар-қатар түйме салдық. / Он жігіт жол бойында қызмет етеді, / Құбылып неше түрлі әнге салып.