Есеп және сауда туралы жұмбақтар
Есеп және сауда туралы жұмбақтар — 28 жұмбақ. Әрқайсысының жеке беті бар.
- Ол не дүр бір нәрсе бар ойға зерек, / Жүгірер әрлі-берлі дөп-дөңгелек. / Жай нәрсе өз бетімен түк білмейді, / Қосымша адамзаттың зейіні керек.
- Бір нәрсе сондай епті жер баспайды, / Аптығып ақылынан бір саспайды. / Данышпан ақылы көп сондай зерек, / Жаңылып басқа жөнге бір баспайды.
- Бір қалаға қоныпты ұшып келіп, / Топтана сексен сегіз қараша үйрек. / Төртеуден бөлініпті бір сегізі, / Қалғаны кілең оннан-оннан бөлек-бөлек. / Болған соң бес адамның күзетшісі, / Жайылды көк шалғында кейде өрістеп.
- Көшесі бір, шаһар бар сегіз, / Ішінде сексен сегіз ойнар бала. / Баламен әрі-бері ойын қылса, / Ісіңіз көңілге алған болар дана.
- Айнала қарағайдан тұр терегі, / Адамға ақыл қосса, бар керегі. / Ол өзі он өзекті жайлап өткен, / Сексен сегіз келеді дөңгелегі.
- Бір нәрсе бұл дүниеде жоқ дерегі, / Әр жерде ақылдассаң, бар керегі, / Қыстауы, жаз жайлауы он өзенде, / Өзінің сексен сегіз дөңгелегі.
- Бағылған бір қорада жүздей саулық, / Соғылған қорғаны бар биік тау қып. / Бес қасқыр араласып бастан-аяқ, / Бірін қуып, бірін тартып кетті қайтып.
- Бітімді төрт бұранда, сегіз сала, / Үстінде ойнақтайды сексен бала. / Еш пенде бұл жұмбақты тапқан емес, / Тауып бер жұмбағымды шапшаң ғана.
- Айналасы қорған, / Он жігіт бар торыған. / Есебі көңілден, / Арқаны темірден.
- Бар еді бір жұмбағым сексен сегіз, / Табасың ақылменен ескерсеңіз. / Болғанда бірі-онға, оны-мыңға, / Жауабын кешіктірмей жеткерсеңіз.
- Қойыма қора соқтым жермен жексен, / Бұл қойым кейде сегіз, кейде сексен. / Сегізді сексен менен қосып салса, / Болады сексен сегіз бөгелместен.
- Бірталай құс кеп қонды балағанға, / Болады сексен сегіз санағанда. / Ішінде сексен үйрек, сексен қарға, / Құйрығын жан шыдатпас тарағанда.
- Сегіз оннан құралған сексен сегіз, / Арасында төрт-төрттен екі сегіз. / Кейде жиып кетеді, кейде тосып, / Шешесіз, ақылға сап тексерсеңіз.
- Бір нәрсе екі аяқты, сабағы бар, / Жейтұғын дастарқансыз табағы бар. / Жануар не берсең де талғамайды, / Күніне қырық асайтын тамағы бар.
- Қам қамал, қамқам қамал, қамқан кемер, / Бұл қамқан тоқсан алты толып семер. / Құмырсқа қисық жолын түзетеді, / Бар ма екен осыдан да басқа себеп.
- О, Құдайдың бұйрығы, / Төбесінде құйрығы. / Алты аяғы, / Екі табаны бар, / Бір таяғы бар.
- Үш тармақ, басы жұмыр сабағы бар, / Келмейтін дастарқанға табағы бар. / Берсең де қандай нәрсе, жеп қояды, / Тоятын, қырық асаса, тамағы бар.
- Алты аяғы бар, / Талдан таяғы бар, / Арқасында құйрығы бар, / Иесінен бұйрығы бар.
- Өзім қызбын, қырыққа келдім, / Бір күн ерсіз жатқаным жоқ, / Күнәға батқаным жоқ.
- Кішкентай ғана безер, / Жер дүниені кезер.
- Дүние аты мәшһүр болған қымбат, / Ықшамды әдемілік, сонда сымбат. / Мақсатың көңіліңдегі табылады, / Адамға ықыласпен қызмет қылмақ.
- Жер жүзінде бір қыз бар, / Қырық ерге тиіпті. / Тиіпті де шығыпты / Және тағы қыз екен.
- Аяқсыз жүреді.
- Кішкентай ғана місіре, / Тамам елдің жесіре.
- Сабы бар екі қарыс, басы қуыс, / Істейді адамзатқа күнде жұмыс. / Бәрінде жан біткеннің бірдей көрер, / Міндетті қызметін етпес бұрыс.
- Бір адам кейпі жаман, жалпақ бетті, / Тауыпты ерге тимей қырық перзентті. / Әрқайсы тоқсан алты бала туып, / Ол өзі жансыз талай мыңға жетті.
- Айтамын мен бір жұмбақ сарасынан, / Мекке мен Мәдинаның арасынан. / Тамаша, сірә, мұндай көрдіңдер ме, / Анасы туады екен баласынан.
- Дүниеде аты мәшһүр болған қымбат, / Ықшамды әдемілік сондай сымбат. / Мақсатың көңілдегі табылады, / Адамзат зор санайды етіп құрмет.