Қобыланды батыр (26-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Қобылан қашуланып қамданып,
Ашуланып, долданып,
Бар ашуын қолға алып,
Қобылан шауып жөнелді,
Алшағыр тіккен орданың есігіне келеді.
Келе сала ақырды:
—Ханбибі!—деп шақырды.
Ханбибі келеді,
Жүгіріп қорғаннан сүрініп,
Өтірік жылап антұрған
Көзінің жасы төгіліп,
Аямай сөйлей береді:
—Сен сен едің, сен едің,
Мен мен едім, мен едім.
Тілегіңді тіледім,
Келеріңді біліп, жаңғызым,
Той қылып жатқан мен едім.
Қобылан ашу қысып тұра алмай,
Сөзіне шыдамай,
Алмаспен салып қалады.
Ортасынан жарылып,
Екі жаққа құлады.
Алшағыр қылған үлкен той
Қан жулы болып барады.
Сары атанды сабалап,
Қыдырбай құлады.
Ер Қобыланға келеді,
Қайратын жалғызының көреді.
Жалғызы келмей тұрғанда,
Қыдырбайдай қасқаның
Көңілі қара жер еді.
Жалғызы аман келгенсін
Төбесі көкке тиеді.
Қобылан Алшағырдай қалмақты
«Бұ да сендей шал-ау» деп,
Алшағырда кегің бар-ау деп.
Кегіңді өзің ал-ау деп,
Әкесінің қолына
Алшағырды береді,
Қыдырбай сапар қуып жөнеді.
Ай мүйізді ақ қошқар,
Қасқыр тартты қоңынан.
Қобылан атты бөрінің күні туып,
Оңынан алған ауыл қазақты
Сол күні алды қалмақтың жайған торынан.
Алшағырдай қалмақтың
Тұлымдысын тұл қылды,
Айдарлысын құл қылды,
Керегесін отын қылды,
Туырлығын тоқым қылды,
Балаларын жетім қылды,
Қатындарын жесір қылды,
Қыздарын қатын қылды.
Таққа мінген хандарын,
Би молда мен шалдарын
Нар түйедей бақыртып,
Жер ағаштың қасында,
Мал сойғанның басында
Қызыл қанын ағызып,
Байырлады ер Қобылан.
Қарындасы, қатын-ай,
Азғантай ауыл бақыр-ай,
Аққұртқа мен Қолаң қыз
Құшақтап ер Қобыланды жылағанда,
Аспан жерге бір тиді.
Дария тасып, тас балқып,
Қып-қызыл болып күн күйді,
Айрылған лағынан киік келді.
Жалғызым деп қорлығының бәрін айтқанда,
Қара тас жерде жатқан иіп кетті.
Кемпір-шал көңліндегі қайғы кетті,
Аққұртқа алдаумен сертке жетті.
Мақсаты болып, көңілі тойып,
Ешкіқырған деген беліне
Қайта келіп ел қонды.
Жирен деген көліне—
Мекен еткен жеріне.
Қонысынан Алшағырды көшірді,
Жанған отын өшірді,
Қобыландының түрлі мақсаты болды.