Қобыланды батыр (18-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Басымнан кетті базарым,
Бетімнен кетті ажарым.
Сөзіне дұшпан ол нанып,
Алыс жерге жол тартты.
Құдай қосқан жаратып,
Жан сүйікті қарағым.
Көріп қалатын ажарын,
Бір тілдесіп қалар ма,
Жолын тосып баратын.
Аққұртқа Қобыланның қарындасы Қолаң екеуі
Ар жақ пенен бер жаққа,
Қызғыш пенен тарғаққа,
Жарақсыз кеткен жалғыздың
Артынан қуып бармаққа.
Амандасып қоштасып,
Жаңғыз бенен қалмаққа
Жүретұғын жолына,
Қарындасы, қатыны,
Қобыландыға келеді,
Қобыланды оны көреді.
«Әйел шықса алдынан,
Ердің жолы болмайды» деп еді.
Жолықпайын бұған деп,
Қобылан шауып жөнелді.
Қолаңға Құртқа сөйледі:
—Түйені көркем көрсеткен
Дулығалы нар,—деді,
Суды көркем көрсеткен
Қарағай, қайың, тал,—деді.
Мені көрсе қайтпайды,
Көкеңнің жыны бар,—деді.
Мал шыдамас жауырға,
Шыдамас адам бауырға.
«Көкеке» деп зарласаң,
Қайтпас па екен ауылға?
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Табанға кіріп қара тас,
Табанын тасқа айырып,
Бес саусағы қара қанға жуылып,
Көкелеп айқай салады:
—Айналайын-ау, жаңғызым,
Тоғайға біткен аңдызым.
Аспанда Шолпан жұлдызым,
Базарда қымбат құндызым.
Құрттай ғана тұра тұр,
Өлгенде көрген жаңғызым.
Ақ үйімдегі арыстаным,
Айбатты туған Арысланым,
Тұра тұр, жалғыз, тұра тұр!
Бетімдегі шарайна,
Жылқы салдым тоғайға.
Тоғайдағы шоғайна,
Өзің жаңғыз, өзің жас,
Барсаның жауы оңай ма?!
Алайма, көке, алайма,
Алысқа атың жарай ма?
Тұра тұр, көкем, тұра тұр,
Алмадай мойның бұра тұр.
Кіндіктен жеке жаңғызым,
Артыңда сенің кім қалды-ау,
Өрісің толған мал қалды-ау,
Зарлап кемпір-шал қалды-ау,
Ақ отауың тұл қалды-ау,
Арманда жеңешем бұл қалды-ау,
Зарлаған мендей қыз қалды,
Азғантай аулың бұл қалды.
Мен едім туған жалғыз бауырың,
Көкеке-ау, ессіз қалды-ау сенің ауылың.
Сонда Қобылан сөйледі:
—Әй, қарағым, жолама,
Көзіңнің жасын бұлама.
Желіккен көңіл, желді өкпе,
Ойлағанын істемей
Көкең, сірә, қоя ма?!
Сен, сен деме сен деме,
Сендей көркем ел деме.
Сапар еткен жерінен
Қайта ма екен ер неме?!
Айналайын, қарағым,
Бекер жылап шөлдеме.
Уәдем қатты антым бар,
Бір Құдайға аманат
Артымда қалған кемпір-шал.
Мал бағатын құлым бар,
Жеңешең қалса, бағатұғын өзің бар.
Қайтпасын анық білген соң,
Қабағын Қобылан түйген соң,
«Жаңғызым!» деп ойбай салады,
Қайрылмай Қобылан барады.
Аққұртқа сұлу алғаны
Қытайы көйлек шұбалып,
Алмадай беті қызарып,
«Алғаным» деп жүгірді,
Көзінің жасы төгілді,
Қабырғасы сөгілді.
Жүйесі босап иеді,
Шөкелекке сүрініп,
Аққұртқа айқай салады:
—Жан сүйікті жарағым,
Таңдаулы менің қарағым.
Беліңде жоқ қой садағың,
Қауіпті осы талабың,
Неғылып сенен қаламын.
Есіме түссең, жаңғызым,
Күйемін де, жанамын.
Ауылдағы ажарым,
Бетімдегі базарым,
Жорға міндім ұрынып,
Қырмызы кидім қырынып.
Артында қалдым күйініп,
Дұшпаның жатыр сүйініп.
Інің де жоқ, аға жоқ,
Туысқан-тума жана жоқ.
Ішім бір толған қызыл шоқ,
Өзіңді алдап жіберіп,
Дұшпанның болды көңлі тоқ.
Жебелі найза сермейді,
Сауытыңды кимедің.
Суарған қанға ақ болат
Алмасыңды ілмедің.