Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (9-бөлім)

Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Тауға біткен аңдыздың,
Аспандағы жұлдыздың,
Қазақтан келген бір Қобылан.
Торы айғырды тартпасақ,
Іні де жоқ, аға да жоқ,
Басына түсер жалғыздық деп,
Қази торы айғырды тартып жөнелді.
Көп қиқуға ергенде,
«Едіге!» деген бір дауыс
Құлағына тигенде,
Қара аттың қырық аршын бауыры жазылды.
Төрт аяқтың тиген жері
Жер ошақтай қазылды.
Бүктеліп жазылып,
Тірі сынаптай жылтылдап,
Ор қояндай бұлтылдап,
Шаңы аспанға бұрқылдап,
Құйысқаны сартылдап,
Аузынан аққан ақ көбік
Омырауы жалтылдап алдында,
Үш күн бұрын келеді,
Ең алдымен қара ат сол келеді.
«Едіге» деген ұраны,
Қара аттың мойнында бар тұмары.
Артынан келді торы айғыр,
Мұсылман қосқан он екі ат
Бәрі дағы тең келді.
Қалмақтың қосқан көп аты
Ойдық желке, кекшіл бас,
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Есек сауыр, сүймен көт—
Келесі жыл болғанда,
Сүйектері жолдан табылды.
Ат бәйгіден келгесін,
Қазтуған хан айқай салып ақырды,
«Қобыланды, бермен кел»,—деді.
Қобыландағы іс бұқалы,
Саржа Қобыландыға береді.
Ана тұрған алтын қабақты
Саржасын береді.
Қобылан атты қабақты,
Талқан қылып құлатты.
Жиналған жұрт тарады,
Қобылан жалғыз қалады.
Қарасай, Қази қос жайсаң,
Кемпірге Көктен келеді.
Қарасай сөйлей береді,
Сөйлегенде не деді:
—Әй, Көктен, тауға біткен аңдызым,
Аспандағы жұлдызым,
Аманат—Қобылан жалғызым,—деп,
Қарасай, Қази еліне қайтып жөнелді.
Қобылан жалғыз сол елде қалады,
Алты ай жатты сол елде.
Қобылан Аққұртқаны сынады,
Аққұртқа Қобыландыға ұнады, жиені құлады.
Ертең шешемнің біз қалайтын несі бар деп,
Қобылан Құртқадан сұрады.
Сонда Құртқа сөйледі:
—Түйені көркем көрсеткен
Дулығалы нар еді.
Отауды көркем көрсеткен
Басқұры мен бауы еді.
Шешемнің жан жолдасы—
Жай бұлты бар еді.
Жан сүйікті жараным,
Жаным сүйген қарағым.
Жай бұлытын сұралық,
Жаңғызым, жаным деуші еді,
Біз кемпірді сыналық.
Кереге мен уықты
Ақ күмістен соқтырды,
Сары ала атын жаптырды.
Шаңырақты күлдіреуіш
Сары алтыннан жаптырды.
Ұзын түндік қырмызымен жаптырды,
Үйдің ішін өнер салып ойдырды,
Қобыландының отауын қатарынан оздырды.
Аққұртқаны ұзатты,
Шашы бұйра, сақалы бұйра құлменен,
Қатарлаған нарменен.
Нарларына қарасаң,
Мақпалдан жабу жаптырған,
Жібектен бұйда тақтырған,
Алтыннан мұрындық соқтырған.
Үзбе таққан үзілген,
Көрген адамның көңлі сүйінген.
Сәскелік жерден жарқылдаған
Сәукелесі көрінген.
Қобылан еліне Құртқаны алып жөнелді,
Жүрейін деп тұрғанда,
Көктен Қобыланға толғады,
Толғағанда не деді:
—Жуыспайды иегім,
Сырқырайды сүйегім.
Жаңғызымды алған жаңғызым,
Өлгенде көрген күйеуім.
Алдында ағаң бар ма еді,
Артыңда інің бар ма еді?
Адасқанға жол беретін
Шалыңның аты кім еді?
Халықты бастап жүретін,
Астана халқы еретін
Ханыңның аты кім еді?
Арлы жерде мал шашқан
Байыңның аты кім еді?
Арғымақ мініп ақырған,
Дұшпанды көрсе жапырған,
Ініңнің аты кім еді,
Әкеңнің аты кім еді?!
Сонда Қобылан сөйледі:
—Әкемнің аты Қыдырбай,
Қыдырып көрді сұмырай.
Шешемнің аты Ақмаңдай,
Баланың жайын айтқандай,
Тақылдайды тіл таңдай.

Тағы оқыңыз