Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (4-бөлім)

Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Ақ дәретін алады,
Хаққа мойнын салады,
Кемпір ұйықтап қалады.
Түсіне бабасы енеді,
Бабасы сөйлей береді,
Сөйлегенде не деді:
«Жерігің мұнан қанбады,
Көженің суы, ащы құрт,
Мұнан дауа болмайды.
Ақ сүйріктей білегің,
Қабыл еді тілегің.
Жерігің сенің қанады:
Жеті басты айдаһардың жесең жүрегін
Қабыл болар тілегің,
Қабыл еді тілегің».
Көтеріп кемпір басын алады,
Шалға таман барады.
Кемпірдің сөзі тым тәтті,
Шалды шайқап оятты.
Шалға кемпір сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Әй, шалым-ай, шалым-ай,
Қиналды-ау шыбын жаным-ай.
Үш айлық баланың қызуына шыдамай,
Көсілген аяқ жия алмай,
Өртеніп өзегім барады жанып-ай.
Айдаһар түгіл, кесірткіге әлің жетпейді,
Жеті басты айдаһардың
Жүрегін бересің қайдан тауып-ай?
Сонда шал жылады,
Көзінің жасын бұлады.
Етпеттей барып құлады,
Сонда шал толғады:
—Алайымда бұлайым,
Әуре қылып жүр екен
Біз қасқаны Құдайым.
Айдаһар түгіл кесірткіге әлім келмейді,
Мазақ қылып жүр екен.
Күн төбеден ауғанда,
Ұлы бесін болғанда
Ауылдың арғы шетінен,
Құбыла сарай бетінен
Келе жатыр көп адам.
Көп адамның ішінде
Көрінеді бір адам.
Ат моншақтан ат мінген,
Ақ болаттан тон киген,
Жауатын қардай түнерген,
Шүңірек көз, жар қабақ, орақ мұрын,
Қыдырбай көрмеген екен оны бұрын.
Үй артына келеді,
«Хабарласшы» деп еді.
Қыдырбай шықты жүгіріп,
Ел екенін біле алмай,
Жау екенін біле алмай,
Көзінің алды іріңдеп,
Буындары дірілдеп.
Шөкелекке сүрініп,
Қыдырбай шығып келеді.
Қыдырбайдай қартыңа
Бәрі де сәлем береді.
Қыдырбай сонда сөйледі:
—Танымаймын сендерді,
Кімсіңдер, жаным?—деп еді.
Ахмет тұрып сөйледі,
Ахмет екен зор кісі.
Бет аузында тұр екен
Батырлықтың белгісі.
Сөйлегенде Ахмет не деді:
—Мен мен едім, мен едім,
Мен болғанда кім едім,
Мен ноғайлы деген ел едім.
Со ноғайдың ішінде
Айсаның ұлы Ахмет деген мен едім.
Мен келемін кім үшін,
Қыдырбай аға, сен үшін.
Алшағырдың тойында,
Жиренқопа бойында,
Тоғыз ұлды Алшағыр,
Саған айтқан сөзі үшін.
Жүр, қасыма ер,—деді,
Ахмет ұлың мен,—деді.
Алшағырдың баласы тоғыз, мен жалғыз,
Қызығымды көр,—деді.
Қыдырбай сонда еңіреді:
—Болды менің тілегім,
Берді Алла себебін.
Ахмет батыр сен болсаң,
Алшағырың құрысын,
Сенде бар менің жұмысым.
Жеті басты айдаһардың
Тауып бер маған жүрегін.
Ахмет сонда сөйледі:
—Қарағай садақ, қырық кез оқ,
Буынып алсам белге тоқ,
Қымбат па еді жылан боқ.
Кемпірдің табатыны ұл болса,
Ұл табатыны шын болса,
Қартайғанда кемпір-шал,
Ондай атты күн болса.
Ахмет батыр айдаһар іздеп жөнелді,
—Шу, жануар, шу,—деді.
Астындағы ақбоз ат,
Шулеген сайын гуледі,
Табаны жерге тимеді.
Төрт аяғы көсілді.
Буған малдай шешілді,
Тақымға тұрмай секірді.
Алқымдығы алқылдап,
Құйысқаны сартылдап,
Ауызынан аққан ақ көбік,
Омырауында жалпылдап.
Гүдір таудың басымен,
Шамдария қасымен,
Алатаудың үстінен
Адырайып асады.
Тұра қашқан қоянды
Омыртқадан басады.
У дариядан өткенде
Жер өртеніп, тас күйген.
Ар жағына қараса,
Бір қызыл жар көреді.
Қызыл жардан шыққан бір түтін
Аспанға барып тиеді.

Тағы оқыңыз