Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (13-бөлім)

Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Сонда Құртқа ақырды,
Құлдың бәрін шақырды:
—Кер биені бағыңдар,
Ыссы болса биені
Салқын жерге алыңдар,
Салқын болса, жылы жабу жабыңдар.
Осыдан туған құлынды
Қобыландыға көргізбе.
Құлағына тигізбе,
Уыз сүтін емізбе.
Ауылға Құртқа жөнелді,
Құртқа ауылға келгесін
Асауын сойып ақыртты,
Маясын сойып бақыртты.
Ұлы жиын той қылып,
Халқын қоймай шақыртты.
Ахмет тойға келеді,
Ақмаңдай оны көреді.
Ахметтей батырды:
—Еңбегің сенің көп-ау деп,
Мақтанып басқа ки-ау деп,
Алтын енді телпекті,
Мақсатына ол жетті.
Телпекті алтын Ахмет киеді,
Сәскелік жерге телпектің
Сәулесі барады деп еді.
Тойға келген көп кісі
Шапан киіп, ат мініп,
Батасын беріп жөнелді.
Сақина салып, теңге алып,
Қыз-келіншек бұл кетті.
Мырза менен би кетті,
Бидің сыбағасы мол кетті.
Бес қаруын белге ілген,
Қобыландыны қорғаймын деген ер кетті,
Бәріне де Қыдырбайдың дәулеті мол жетті.
Той тарады, тілегін Құдай береді,
Көзінің жасын көреді.
Аққұртқа ақ отаумен келеді,
Қыдырбайдың төбесі көкке тиеді.
Алпыс екі тамыры
Маңдайдың балқып иеді.
Мақсатына жетті деп еді,
Қобылан өлең айтып, ән салып,
Ақ отаудың ішінде
Домбыраны қолға алып,
Отыр еді көлеңкеде,
Жіп есіп отырған екі қара күң сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Қобылан білмей жүр-ау,
Құлағына тимей жүр-ау.
Қобылан білсе, құлағына тисе,
Алшағырға барар еді.
Алшағырдың Қобда деген жерін,
Ешкіқырған деген белін,
Жирен деген көлін алар еді,—деп.
Байды аңыратқаны,
Бәйбішені зарлатқаны,
Алшағырдың қорлығын білмей жүр-ау,
Білсе, кегін алар еді,—деп.
Екі күңнің сөзін естіп, Қобылан
Құлдарын шақырып алады.
Шақырып алып сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Ұлтан құл мен Сұлтан құл,
Екеуің де бермен келіңдер,
Жылдам атқа мініңдер.
Жылқыны Алшағырдың
Қорқып тұрған жеріне,
Мал түспеген жеріне
Жылқы жылдам алып келіңдер.
Екі құлға бұйырды,
Қобылан айтты, бармайтұғын амал жоқ,
Екі құл шауып жөнелді.
Көп жылқыға келеді,
Жылқыны көлге салады.
Қалмақтар көріп жылқыны
Таң-тамаша қалады.
Алшағыр сонда ақырды,
Таңырақ мұрын бекауыл,
Сүйрек мұрын жасауыл.
Алшағыр сол екеуін шақырды:
—Жылдам атқа мініңдер,
Бес қару белге іліңдер.
Мына жылқы кімдікі,
Жылдам барып біліңдер.
Кімнің малы болса да,
Ұстап алып келіңдер.
Белде, белде, белде ме,
Белден асып желді ме.
Қарасай-Қази қағысқан,
Кең қонысты көрді ме,
Жылқысын айдап келді ме?
Екі уәзір шауып жөнелді,
Жылқыға таман келеді.
Қыдырбайдың көп құлы
Қалмақты көзі көреді.
Жылқыға қалмақ келгесін,
Жылқыны тастап далаға
Құлдар қашып жөнелді,
Ауылға қашып келеді.
Үйге келіп жата алмай,
Қобыландыны оятуға бата алмай,
Қоныштары сартылдап,
Тоқымдары жалтылдап,
Шекпендері жалпылдап
Келгенін Құртқа біледі,
Аққұртқа Қобыландыға сөйлей береді,
Сөйлегенде не деді:
—Басың көтер, алғаным,
Қағып төсек салғаным.
Жылқыда жүйрік құлдарың үйге келіп жүр,
Қалмақтың қолы тиіп жүр.
Қобылан көтеріп басын алады,
Жан-жағына қарады,
Шақырып құлды алады.
Осы еді ғой тілегі,
Жау дегенде жазғанның,
Қайтатын ба еді жүрегі.

Тағы оқыңыз