Қобыланды батырдың баласының жыры (1-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Қобылан мықты ер еді,
Тәуекелі көп еді,
Туысқан, тума жоқ еді.
Он жасы үлкен қатыны
Отыз беске келгенше
Таппады бала деп еді.
Отыз беске келгенде
Аққұртқа жерік болады.
Құдайым берді бала тілегіне,
Жолбарыстың жерік болды жүрегіне.
Қобыланға Құртқа сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Алған жарым —сен, —деді,
Аққұртқа деген мен, —деді.
Ішімде үш айлық балаң бар,
Жолбарыстың жүрегіне
Жерік болдым мен, —деді.
Жолбарыстың жүрегін
Тауып бер, батыр, сен, —деді.
Қуанып Қобылан күледі,
Қобылан сөйлей береді:
—Күн бар ма екен
Артымнан қара еретін,
Тізе қосып жүретін.
Күн болар ма екен біздерге,
Қарасын болып еретін.
Жолбарыс деген қиын ба,
Жолбарыс алу бұйым ба?
Екеуі бір-біріне күліп айтып,
Екеуі бір тілекке кіріп айтып,
Құртқаның Қобыландыдан он жасы артық.
Қобылан келді жиырма беске,
Құртқа келді отыз беске.
Қыдырбай мен Ақмаңдай
Шарананың тілегін тілеп,
Екеуі зарланады ерте, кеште.
Қобыланның өзі ер еді,
Жаңғыздың жауы көп еді,
Азғантай ауыл ел еді.
Сенетұғын кісі жоқ,
Күндіз-түні жылқысын
Өзі бағады деп еді.
Жылқы бағып жүргенде,
Жылқы суға келгенде,
Қалың орман Қобдадан
Құтырып атты жолбарыс
Қобыландыдай батырға.
Қобылан сонда күледі:
—Сен аңның жолбарысы болсаң,
Мен жігіттің жолбарысы,
Нағылат, шіркін, —деп еді.
Жолбарысты шабады,
Жолбарыс шалқасынан құлады.
Ішек-қарнын жарады,
Жүрегін бауырымен алады.
Аулына қарай шабады,
Құртқаға алып барады.
Құртқаға алып барып береді,
Бісмілла деп жеп еді
Жерігі соның қанады,
Шырадай көзі жанады.
Күн алты айға толғанда,
Алатаудың астында
Аламан деген қалмақтың
Ханы еді, со ханның
Үлкен тойы болады.
Апарайын деген торы атты
Ер Қобыланда ой болды.
Қобылан қырық кісі қасында,
Кәмшат бөрігі басында,
Бес қаруды белге іліп,
Ақ болаттан тон киіп,
Жауатын бұлттай түнеріп,
Қобылан тойға жөнелді.
Салқынменен түн қатып,
Ерте тұрып кеш жатып,
Дәл бір ай болғанда,
Қобылан барды бұл тойға.
Жиналған кісі көп екен,
Қарасай—Қазы қос жайсаң
Келген екен тобымен,
Төрехан мен ер Әуез
Келген екен тобымен.
Құбығұл мен Телағыс
Келген екен тобымен.
Орыс, қазақ, ноғай-ай,
Келген екен бұлар-ай.
Сар жалаулы сан қалмақ,
Көк жалаулы көп қалмақ
Келген екен тобымен.
Қыл жалаулы қызылбас
Келген екен тобымен.
Той өтіпті,
Ат бәйгіге кеше кетіпті.
Мұны Қобылан біледі,
Торы бесті атқа сенеді,
Сенімі ердің көп еді.
Кешегі кеткен аттардың артынан
Торы атты қосып жіберді.
Жігітек торы атқа мінеді,
Мініп алып жөнелді.
Кеткен аттың артынан
Күн батарда келеді.
Ат шабатын жерлері
Үш күншілік жер еді.
Нағыз жүйрік келсін деп,
Қалмақтың бас ер алпаны
Алысқа айдап жөнелді.
Қапан көлдің қасынан,
Мақпал төбе басынан
Аттар шауып жөнелді.
Шу жануар шу деді,
Шу десе тұлпар гуледі.
Шабылып қалған торы аттың
Аяғы жерге тимеді.
Аттың санын қарасақ,
Үш жүз тоқсан ат екен.
Шу дегеннен он тұлпар,
Алдына шығып жөнелді.
Қарасайдың қара аты,
Көбіктінің сары аты,
Сұрқылтайдың торы аты,
Көкаманның көк аты,
Қараманның қара аты,
Қобыландының торы аты,
Телағыстың боз аты,
Темірханның тарлан аты,
Алаусаның ала аты,
Қапантіннің қара аты,
Сол он тұлпар жарысты,
Үзеңгіні қағысты.