Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (12-бөлім)

Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Өзім атқа мінбедім,
Құда болып, шапан киіп,
Қызық көріп келмедім.
Қыдырбайдың кемпірі
Ақмаңдай сонда сөйледі:
—Есіктің алды қалың тал,
Қалың талға жылқы сал.
Былшылдама, кәрі шал,
Он бес қатын әперсең де,
Жетпейтін бе еді біздің мал.
Қарағай ма еді, тал ма еді,
Айғыр ма еді, нар ма еді.
Жая ма еді, жал ма еді,
Бүйтеміз деген алжыған
Ойымызда бар ма еді.
Алшағырдың тойында,
Жиренқопа бойында,
Қара нарыңды құшақтап,
Қара сабаңды пышақтап,
Қайтқаның бар ма ойында?!
Көзді жерлер көл еді,
Көлсіз жерлер шөл еді,
Алшағыр бізге не деді.
Алшағырдың кегі
Көңілден қалмай жүр еді.
Атқа мініп қарғамның,
Атағы шықса, жаным құрбан деп еді.
Сонда шал сөйледі:
—Кемпірдің сөзі жөн еді,
Осы кемпір би-ау деп,
Үлкейдім ғой мен-ау деп.
Айналайын Қолаңым,
Жаңғызым алған жаңғызды,
Жылдам алып кел-ау деп.
Қолаң жорға мініп, жібек киіп,
Қырық қыз еріп қасына,
Алтын тақия киіп басына,
Жеңгесінің алдынан
Желігіп шауып жөнелді.
Боз жорға атпен ұрынып,
Оймақтай аузы бүріліп,
Маржан тісі тізіліп,
Сағағынан үзіліп,
Шытырмақ көйлек етінде,
Күн сәулесі бетінде,
Жеңгесіне келеді.
Сар Қобданың басында,
Ақ шоқы сайдың қасында
Жеңгесі мен Қолаң қыз
Бір-біріне жолықты,
Қуанышқа молықты.
Ертіп алып жөнелді,
Сар Қобда деген сала еді.
Сар Қобданың бойында
Қарағай қайың тал еді.
Сар Қобда деген ат қойған
Қыдырбай деген шал еді.
Сар Қобданың бойында
Қыдырбайдың тоғыз мың жылқы бар еді.
Жылқысының бәрі де
Қарақұрым сары еді.
Сары жылқы жалғасын
Сар Қобда деп ат қойған
Қыдырбай деген бай еді.
Таңертең жылқы суға құлады,
Күн батқанша шұбады.
—Мынау кімнің жылқысы?—деп,
Құртқа Аққолаңнан сұрады.
Аққолаң сонда сөйледі:
—А дегенде алдырмайды
Таулы жердің түлкісі.
Екі жақсы бас қосса,
Жарасатын күлкісі,
Бұл Қобылан көкем жылқысы.
Жылқы судан шығып барады
Су шетінде ойдық желке,
Қарны кең құрсақ кер бие
Шетінде судан шығып,
Бір суын кер биеге шабады.
Құртқа көзін салады,
Сонда Құртқа толғады:
—Әй, бикешім, бикешім,
Жібектен өскен шүйкешім.
Есіме түссең ылжырап,
Құртасың жеңешеңнің діңкесін.
Сен ауылға барып кел,
Атакем мен шешекем
Құлағына салып кел.
Мынау тұрған кер бие
Атакем мен енекемнен
Көрімдікке алып кел.
Қолаң қайта жөнелді,
Кемпір-шалға сөйлей береді:
—Асау үзді шідерді,
Ауыл көшіп үдерді.
Жеңешем, кемпір-шал, саған жіберді,
Мені тәуір көрсін деп,
Кер биені берсін деп,
Мені тәуір көрсін деп.
Қыдырбай сонда ақырды:
—Мал шашам ба далаға,
Өлмей билік берем бе,
Келін менен балаға?
Мал шашпаймын далаға.
Сонда кемпір сөйледі:
—Есіктің алды болмады,
Еккен талым алмалы.
Осы шалды Құдай алмады,
Өздігінен бармады.
Қарағай ма еді, тал ма еді,
Айғыр ма еді, нар ма еді.
Келінді, қызды болам деген
Ойында сенің бар ма еді?!
Сонда шал сөйледі:
—Кемпірде ақыл көп екен,
Менде ақыл кем екен,
Көргенін ұмытпай жүр екен,
Кер бие түгіл, үйірімен бердім,—деп.
Қолаң қайта жөнелді,
Жеңгесіне келеді,
Келе сөйлей береді:
—Көкем тәуір көрді,—деп,
Кер бие түгіл, үйірімен берді,—деп.

Тағы оқыңыз