Қобыланды батыр (23-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Батырдың мінген аты ғой,
Еліктіріп келейін,
Тоқсан құлаш арқанды
Мойынына тағып бер.
Ханға бұлар барады,
Хан да қабыл алады.
Тоқсан құлаш арқанды
Мойынына тағады,
Қобыланға алып барады.
Жан жолдасы торы бесті ат
Қобылан жатқан зынданға
Құлағын тігіп қарады.
Зынданға арқан салады,
Шығарып Қобылан алады.
Қобыланды да ереді,
Қарлығадай сұлудың
Достығын кәміл біледі.
Мойынынан құшақтап,
Қарлығаны сүйеді.
Қобылан өзі ереді,
Әйел жанды неме еді.
Шыға сала Қарлығаға:
—Қала ғой, достым,—деп еді.
Бойыңда бола қойса, кірің кетер,
Дұшпаның аңдып жүрген зиян етер.
«Сары алтын сабыр түбі» деуші еді ғой,
Ойнауға күлу менен күндер жетер.
Алдалап торы бесті атқа мініп алды,
Ер Қобылан қызылбаспен ұрыс салды.
Қамалап ер Қобыланның келді пірі,
Қырылды қызылбастың жаман ері.
Тегістік жерлер қаннан көл болды,
Сай саладан қан ағып,
Қан тасыған жер болды.
Ұрыс салды ер Қобылан
Тас қаланың ішінде.
Таң қалады көрген жан
Қобылан ердің күшіне.
Қобыланнан ажар қашып, түсі кетті,
Әруақ қысып есі кетті.
Бар еді батпансыған талай ерлер,
Бәріне Қобылан ердің әлі жетті.
Ақырып айқай салып ұмтылғанда,
Қатынды бала менен зар еңіретті.
Өлтірді Қызыл қалада Қазан ерді,
Қазанға қапелімде ажал келді.
Ақырып ұрыс салды Қобылан батыр,
Дұшпанға салды енді заман ақыр.
Айбатты асқар таудай талай ерлер
Ішінде тар көшенің өліп жатыр.
Қобыланға Құдай берді үлкен күшті,
Көрсетті бұл дұшпанға тамаша істі.
Ақырған аюдай-ақ талай ерлер,
Бөлініп екі басы жерге түсті.
Қобылан ер ұялмайды, қорықпайды,
Әр нәрсе әлім келмейді деп торықпайды.
Өзінен күші артық мықты адам
Қобыланға әлі күнге жолықпайды.
Ішінен Тас қаланың шығып Көбікті,
Қобыландыны көріп желікті.
Қатуланып қамданып,
Қарт бурадай шамданып,
Буырқанып бурсанып,
Мұздай темір құрсанып,
Жетіп келді Көбікті.
Көбікті келіп ақырды:
—Өлтірейін өзіңді,
Ояйын екі көзіңді.
Неден кегің бар еді,
Тыныштық жатқан еліме
Мұнша бүлгін салғандай,
Ел мазасын алғандай.
Екі бөрі таласты,
Бірін-бірі сабасты,
Үсті-басы қанасты.
Көптен тыным көрмеген,
Аты болса терлеген,
Өзі болса шөлдеген,
Жаңа келген Көбікті
Қобыландыны кідіртті,
Торыша атты сүрінтті.
Жағадан қолды салады,
Жағаласып қалады.
Бес қаруды тауысты,
Ат үстінен алысты.
Қобыландыдай батырдың
Қабырғасы қайысты,
Бақалшағы майысты.
Қарлыға мұны көреді,
Көзінің жасын төгеді.
—Өлтірме байымды,—деп,
Кетірме жайымды,—деп,
Қарлыға жетіп келеді.
Көбіктінің көк сауыт
Қызы тоқып беретін.
Оқ тиетін жерлерін
Қарлыға өзі білетін.
Қолға найза алады,
Оң қолтықтың астынан
Көбіктіге салады.
Найза салды, қан шықты,
Қанмен бірге жан шықты.
Атаңа нәлет Көбікті
Сары қасқа аттың үстінен
Қанатын жайып құлады.
Қарлығаның кетті қайрағы,
Әкесінен, апырай,
Қобыланға болып ғашық-ай.
Қаланың іші кетті ғой,
Өлімтіктен сасып-ай.
Сонда сұлу Қарлыға
Қобыландыға сөйлей береді:
—Көкорай шалғын саяға,
Қаланың іші көп сасық,
Сасықтан Жайық бола ма?
Өлгендерін көмейін,
Қаланың ішін түзейін.